» » АДАМ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ТЕТІКТЕРІ КҮШЕЙЕДІ

АДАМ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ТЕТІКТЕРІ КҮШЕЙЕДІ

Алда қазақстандықтарды үлкен өзгеріс күтіп тұр. Жыл басында «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН: ЖАҢАРУ МЕН ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ» атты Жолдауын жолдаған ел Президенті бірнеше нақты ұсыныстарды айтып, өзгерістер болатынын назарға салған еді. Соның негізінде жуырда бейнеүндеу жариялап, жаңа Қазақстанды құру жолындағы келелі істер қолға алынатынын мәлімдеді.

Жалпы үндеуде көтерілген өзекті мәселе Конституциялық референдумның болатыны. Алда қазақстандықтар еліміздің Ата Заңына енгізілетін өзгерістерге өз ұсыныстарын беріп, заңнамаларын ұсына алады. Яғни саяси құжаттан бастау алған жаңару тетіктері кең көлемде жүзеге асуда. Президент ұсынған реформалау жұмыстары қолданыстағы заңнамаларға өзгерістер енгізуді, тіпті түбегейлі өзгертуді күн тәртібіне шығарып отыр. Бұл іс-шаралардың нәтижесінде Қазақстан Республикасы Конституциясының 30-дан астам бабына өзгерістер енгізіліп, жыл соңына дейін бірнеше заң жобасы қабылданбақ екен.
«Конституциялық реформа жасау керек. Осыған орай менің тапсырмаммен арнаулы жұмыс тобы құрылды. Оған белгілі құқықтанушы ғалымдар, тәжірибелі сарапшылар және құзырлы органдардың өкілдері кірді. Жұмыс тобы Негізгі заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын әзірледі. Оны мұқият зерделеп, Конституциялық кеңеске жолдадық. Бұл орган өз қорытындысын ұсынды. Құжат жобасы Ата заң нормаларына сай келеді. Біз конституциялық реформаның шешуші кезеңіне қадам бастық. Енді Негізгі заңды өзгертуіміз керек. Шын мәнінде, мұның ел тағдыры үшін айрықша мәні бар» деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев реформа кезінде Ата Заң баптарының үштен бірі өзгеретінін мәлімдеді. Яғни Конституциямыз жаңа сипатқа ие болғалы тұр. Қасым-Жомарт Кемелұлының республикалық референдум өткізу туралы бастама көтеруі де сондықтан. 1995 жылы өткен референдумда қабылданған Ата заң, кейіннен Парламентте мақұлданған. Енді бұл құқыққа халық та қатыса алады. Яғни халық болып Ата Заңымызды жасайтын уақыт жетті. Жаңа Қазақстанды бірлесе отырып құрамыз деген Мемлекет басшысының алғашқы қадамды Ата Заңнан бастауының маңызы зор. Енді Мемлекет басшысы қол қойған Жарлықта Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін 5 маусымда республикалық референдум өтетін болды.
Конституциялық реформаның аясында бірінші кезекте биліктің өкілді тармағын айтарлықтай күшейтеді. Аудандық, қалалық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың мажоритарлық жүйесінің толықтай енгізілуі өңірлердің тыныс-тіршілігіне азаматтардың ықпал ету мүмкіндігін арттыруға жол ашары анық. Әрбірімізге берілген құқық, Жаңа, жаңарған Қазақстанды құруға атсалысу мәртебесі беріліп тұрғанда, қол қусырып қарап отыру қоғамның келешегіне алаңдамау деп білеміз. Бұл референдумға ауызбіршілікпен атсалысу, елдің болашағын бірге жасау, жарқын өмір үшін бүгіннен қадам жасау барлығымызға ортақ мәселе. Көпшілік Жолдауда айтылған жаңа Қазақстанды құру мәселесінің көтерілгенін білгенімен, бұл жолда нендей жұмыстар атқарылатынынан бейхабар болуы мүмкін. Қазіргі таңда көп талқыланатыны да осы сұрақ. Бұл туралы Президент: «Шын мəнінде, бұл Қазақстанның билік институттарын қалыптастырудың жəне ықпалдастықтың, жаңа саяси мəдениетті енгізудің мүлде жаңа моделіне көшкенін білдіреді. Нақты əрі толық түсінік болу үшін дель мен үдерісті Екінші республика ретінде белгіледім. Жаңа парадигмаға сəйкес Президенттің өкілеттігі қысқарады, Парламент пен мəслихаттардың ролі айтарлықтай күшейеді. Азаматтардың қатысуы едəуір артып, құқық қорғау саласы жүйелі түрде нығаяды» деген еді. Сөз жоқ, аталған іс-шаралар – Жаңа Қазақстанға жету жолында жасалған қадам. «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXIII съезінде де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Біздің азаматтарымыз «Жаңа Қазақстан дегеніміз не?» деген сұрақты өте жиі қояды деген болатын. Расымен де, Жаңа Қазақстан қалай құрылады? Не өзгереді дейміз.  Жаңа Қазақстан бұл шындығында әділетті, ашықтыққа бетбұрған Қазақстан. Осыған дейін берілмеген мүмкіндік беріліп, барлық қоғам мүшесі Конституциялық референдумға қатыса алады. Демек алдағы уақытта әрбір азаматтың, әр адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктері күшейтіліп, оң нәтижелер орын алмақ.
Қысқасы жаңа сипатқа ие болатын Ата Заңымыздың мәртебесі мұнан да биіктеп, қоғамның әрбір мүшесінің құқығы жоғары деңгейде болатынына сенім күшейді. Жолдауда айтылған жаңа Қазақстанды құру идеясының Ата Заңнан бастау алуы санамызға серпін беріп, келер күннен бұдан да зор үміт күтуге себеп болды.

Нұр НАУАН
18 мамыр 2022 ж. 186 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930