» » ЖАЙҚАЛҒАН БАУДАН НЕ ПАЙДА, ЖЕМІСІН ЖАЗДА ТАТПАСА

ЖАЙҚАЛҒАН БАУДАН НЕ ПАЙДА, ЖЕМІСІН ЖАЗДА ТАТПАСА

Айналамыз көкпеңбек, бақтың іші тамылжып тұр. Күн тас төбеде тұрса да, есік алдындағы ағаш тапшанның төбесін көмкерген жүзімнің тұтасқан қалың жапырақтарының қою көлеңкесі шілденің шіліңгір ыстығын өткізбейді. Шаңқай түстегі шақырайған күннің қызуы буып тұрған қапырық ауада үп еткен самал болмаса да, бұл жер салқын сабат, жанға – сая. Иә, оқырман ойлап қалуы мүмкін, сондықтан айтып қояйық, бұл Ташкендегі алатақиялы ағайындардың бірінің үйі емес, өзіміздің кент тұрғыны, бағбан Қожатай Құлмаханның ауласы.
Бұл кісінің ауданда ұзақ жылдар басшылық қызметтерде болғанын және оларды абыроймен атқарғанын сонымен бірге ағамыздың ауданымызда қалыптасқан рухани ортаның белді өкілі екенін және аса «кітапқұмар» жандардың көш басында тұрғанын білгенімізбен, бағбандық өнерінен хабарсыз екенбіз. «Жігітке жеті өнер де, жетпіс өнер де аз», ағамыздың одан да басқа өзгелерге үлгі боларлық тұстары көп. Алайда, біз бүгін кейіпкеріміздің бойындағы жақсы қасиеттерін түгендегелі отырғанымыз жоқ, тек бағбанның еңбекқорлығын жыл бойы үйінің айналасына еңкейіп бір тал екпейтіндерге үлгі еткіміз келді.
Сыртқы қақпадан кіргеннен-ақ ауланың жинақылығын көріп, көңіл сүйсінеді. Басы артық, шашылып жатқан нәрселер көзге шалынбайды. Ауладағы жапсарласа салынған сарай, монша, гараж ең әрісі мал қораға дейін бірі-бірімен өзара жымдасып, эстетикалық үйлесім тапқан. Бұл да үй иесінің ұқыптылығын көрсетіп тұр. Бау-бақша дегенде, атшаптырым жерді алып жатқан алқап емес, аядай ғана жерге жеміс-жидектер мен көкөністерді жайқалтып қойған. Әрине, мұның бәрі бағбанның ұзақ жылғы бақ баптаудағы жинаған тәжірибесі мен тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Бау-бақшаның күтімі бағбанның назарынан бір сәтке де тыс қалмайды. Бұл жерде жүзімнің бірнеше сұрыптары, сондай-ақ, алманың күздік, жаздық сұрыптары, алмұрт, шабдалы, алша, қызыл өрік, сары өрік, қара өрік, шие секілді жеміс ағаштары және қияр, қызанақ, картоп, қызылша, асқабақ, аскөк, жүгері, болгар бұрышы секілді көкөністер бар. Жүйектеп егілген майда дақылдар түбіне көлеңке түсіріп, ылғалын ұзақ ұстап тұратындай болып бой көтергенше жиі суарып тұру қажет. Ал, оған аяқсу күнде болмайды. Бірақ, бағбан оның да жолын тапқан. Аулада қолдан қазып, орнатқан баспа құдық бар. Ол электр қуатын да қажет етпейді. Әрине, электрлі сусорғы қондырғысы арқылы да суаруға болады, бірақ, Қожатай аға баспа құдығы уақытыңды жесе де, физикалық тұрғыдан денсаулыққа пайдалы, дененің қимыл-қозғалысы үшін ең оңай жаттығу екенін айтады. Демек, бағбанға осы жағы тиімді. Бұл бақтағы көзге ерекше түсетін әрі аулаға сән беріп тұрған жүзімнің бабы бөлек. Арнайы жасаған аспа ағаштардың бойымен жоғарыға өрмелей өсіп, бағбанның отбасымен отыратын «демалыс бұрышын» күн көзінен қалқалап, көлеңке түсіріп тұр. Бірақ, әрбіреуі бармақ басындай болып бір бұтаққа топтанып өсіп, өз салмағын көтере алмай сабағынан салбырап тұрған жұмыр жемістің уылжып пісуіне әлі ертелеу сияқты. Айта кетейік, өңірімізде жаз мезгілі ыстық болғанымен, қысы ұзақтау және қатты. Ал, жүзім ағашы өзге жеміс ағаштарындай емес, суыққа төзімсіз, тамырын ызғар шалса үсіп кетеді. Сондықтан күзде оның артық бұтақтарын қиып, бетін топырақпен көмеді. Көктем шыққанда қайта ашады және оны дәл уақытында ашпаса жеміс беруі неғайбыл: кешігіп қалса, құм астында жатып шіріп кетеді немесе көктеп кетеді де, ашу жұмыстары барысында көктеген жапырақтарының барлығы түсіп қалады, ал, енді ерте ашылса, өңіріміздің көктемгі құбылмалы күн райына тап келіп, үсікке шалынуы әбден мүмкін. Сол үшін басқа ағаштардай емес, жүзімге аса көп күтім керек. Ал, оның бабын табу бағбанға байланыс­ты. Бір сөзбен айтқанда, бұл жеміс біздің жақта тек тынымсыз еңбекпен, бейнетпен өсіріледі. Осыншама бейнетке төзген адам ғана жүзімнің жемісін жейді.
– Мен үкіметтің жұмысынан қолым қалт еткенде немесе демалыс күндері жұрт секілді ұйқыдан «өш» алмаймын. Қолым босағанда айналысатын екі сүйікті ісім бар. Бірі – қызықты кітап оқу, екіншісі – бау-бақша баптау. Міне, менің демалысым – осы. Осы екі жұмыстан жаным да, тәнім де рахат табады. Кітаптың маған ғана емес, жалпы адамзат баласына сыйлайтын рухани ләззатын сіздерге түсіндіріп жату артық болар, ал, бірақ, өз басым жайқалған бақ ішінде еңбек ете жүріп, әр жеміс ағаштарымен «тілдесудің» ләззатын тілмен айтып жеткізе алмаймын. Бақ ішіндегі топырақ құнарсыз болса, ол бақтан жеміс күтуге болмайды, еткен еңбегің еш болады. Қандай жеміс те құнарлы топырақта өнім береді. Табиғаттағы өсімдікті айтасыз, адам да құнарлы топырақта өсіп-өнеді. Адамның нәр алатын топырағы – тегі мен жақсы тәрбиесі. Иә, адамға ата-анасы тарапынан берілетін ең жақсы тәрбие – баланы жастайынан еңбекке баулу, оған ащы тердің де тәтті дәмі болатынын сезіндіру. Қазірде көп адамдар істеп жүрген қызметін, не болмаса таңнан кешке дейінгі отбасын асырау үшін жасап жүрген жұмысын сылтау етіп, үйіне келгенде шөптің басын сындырмайтын жалқау болып алды. Айтатын уәждері дайын: «қол тимейді», «жұмыстан шаршап келдім». Ал, мен керісінше, үкіметтің миқата жұмыстарынан шаршап келгенде осы аядай бақтың ішіне кіріп жарты сағат қимылдасам шаршағаным басылып, әжептәуір демалып қаламын. Айта кетейін, мен бұл бау-бақшаның өнімін сатып, пайда көріп отырғаным жоқ. Бас­тысы, бұл менің жан қалауым және кентіміздің көркейуіне, аймағымыздағы экологиялық ахуалды қалпына келтіруге аз да болса қосқан үлесім. Рас, түрлі себептерге байланысты біздің өңірді бір демде жасыл-желек пен бау-бақшаға айналдырып жіберу қиындау әрине, әйтсе де, әрбір тұрғын көшелеріне және ауласындағы шаңы көтерілген ашық жерлерге бір-екі түп болса да ағаш отырғызамын десе оған ешқандай кедергі жоқ. Тек ол үшін ниетті түзетіп, тынымсыз еңбек етсең жетіп жатыр. Егер көктете алса, сол ағаштың көлеңкесін өзге емес, өзі саялайды, жемісін де өзгелер емес, өзінің балалары көреді, - дейді бағбан.
Иә, Қожатай ағаның сөзінің жаны да, мәні де бар. Әсіресе, адам мен ағаштың жаратылысы жайындағы сөзінен ешқандай да пәлсапалық астар іздеудің керегі жоқ. Бүгінгі ұрпақ тәрбиесінде баланы жастайынан еңбекке баулудың тыс қалып бара жатқанын ойымызға салды және ол ып-рас. Әңгіме барысында бағбан бізге бақ күтіміне байланысты біршама тәжірибесімен бөлісті.
– Жоғарыда айтып өттім, бақ өсіру үшін ең алдымен оның орынын, яғни топырағын таңдау керек. Біздің өңіріміздің топырағының көбі сортаң, еккен ағашыңның тамырын күйдіріп жібереді. Ал, мұндай жағдайда топырақты шіріген қи немесе жапырақ шіріндісімен жабындау жердің құнарын арттырады. Жабынның қалың қабаты топырақтың температурасын реттейді, булануды болдырмай, ылғалды сақтайды, сондай-ақ арам шөптің өсуіне кедергі болады. Сонымен бірге бұл жердегі жеміс ағаштарының артық бұтақтарын қиып, жылда жаңалап отыру керек. Сосын олардың тамырларына да судан бөлек қорек керек. Ол – минералды тыңайтқыштар. Бұл бақта ерекше күтімге зәру – жүзім ағашы. Жүзімнің пайда болу уақыты тым әріде. Кітаптарда Пайғамбарымыздың жүзімді ерекше жақсы көргені айтылады және Құран Кәрімнің алты жерінде кездесетін бұл жүзім жәннаттағы нығметтердің бірі ретінде аталады. Демек, бұл – қасиетті жеміс. Жүзім тек шырынды жеміс қана емес, оның өнімінің емдік қасиеті мол, мың да бір ауруға шипа. Құрамы адам ағзасына аса қажетті дәрумендерге өте бай. Әлемде бұл жемістің 5 мыңға жуық түрі кездеседі екен. Егер дұрыс күтім жасалса, жүзім 50 жылға дейін үздіксіз жеміс береді. Тұқымы, қалемшесі және ұластыру арқылы отырғызылған жүзім 2-3 жылда жеміс бере бастайды. Оның түбін ашу мерзімін дұрыс білгеніміз жөн. Егер жүзім түбі ерте ашылса, үсіп кетеді, ал кеш ашылса, шіріп кетуі мүмкін. Дұрысы, жүзім түптерін ашуға сөл жүре бастаған кезде кірісіп, бүршік бөрте бастағанға дейін аяқтау қажет. Қазірде менің бағымда жүзімнің екі сұрпы өседі, ақ жүзім және қара жүзім. Алайда, қара жүзім ерте піседі. Әрине, онда да бабы болса ғана, - дейді бағбан.
Мақаламыздың басында алатақиялы ағайындардың ауласын бекерге тілге тиек еткеніміз жоқ, аядай жерді қадірлей білуде, бау-бақшаны баптауда, еріншектіктен арылып, еңбек етуде әлі де Өз ағамыздан үйренетін тұсымыз көп біздің. Сол өзбек бауырларымыз қазақ қандастарына: «Жеті атамыздан қалған жер деп мақтанасыңдар, бірақ, сол жерге жеті түп ағаш екпейсіңдер», - дейтін көрінеді. Рас қой! Бұл сөзге намыстанудың керегі жоқ, Өз ағамыз келекелеп емес, жанашырлықпен, қазақ інісін қайрау үшін айтты деп қабылдап, аядай жерді аялап үйренуіміз керек.
...Осыдан бірнеше жыл бұрын Қожатай ағаның қоралас көршісі үй салып, оның құрылысын жүргізуді өзбектің ұсталарына тапсырады. Күні-түні, ыстық-суықта да бір тынбайтын әлгі өзбек ұсталары әп-сәтте үйді көтеріп тастайды. Бірде үйдің шатырын қағып жатқан олар бақ ішінде жүрген Қожатай ағамыздан «Сіз өзбәкмісіз?», - деп сұрайтын көрінеді. Қалың қою қасы мен өзгешелеу өңіне қарап айтып тұрған шығар деп ойлаған Қожатай аға: «Иә, өзбәкмін», - деп қисықтау жауап береді. Сөйтсе, биік шатырдың үстінде отырып айналаның барлығын бақылап отыратын әлгілер көрші ауладағы жайқалған бау-бақша мен оның ішіндегі күндіз-түні бір тынбайтын еңбекқор бағбанды қазаққа қимай жүр екен ғой...
Міне, еңбекқорлығы мен бағбандығына жеті атасынан жеміс-жидек өсіріп, бау-бақша баптап келе жатқан өзбек ағайындардың өзі тәнті болған Қожатай ағамыздың тынымсыз еңбектен тұратын әрбір берекелі ісін біз де көпке үлгі еттік.

Қуат АДИС.
10 шілде 2018 ж. 1 199 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930