Талаптанған АДАМ ТАБЫСҚА кенеледі
Кейде қыз-келіншектердің бизнестегі табысы ер-азаматтардан әлдеқайда көп болып жатады. Кәсіпкерлік саласында тірлік етіп, жұртқа үлгі болып жүрген нәзік жандар баршылық. Соның бірі – аудан тұрғыны Айгерім Гаюпова.
Әңгіме арқауына айналған кәсіп иесі 5 бала тәрбиелеп отырған ардақты ана. Ол 40 жылға жуық педагог болып, бала тәрбиесімен айналысқан ұстаз. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін кондитерлік кәсіпті қолға алады.
Алғашқы құрал-жабдықты аудандағы танысынан алады. Ол танысы кезінде өзі кәсіп ашқысы келіп, 3 млн теңгеге жабдықтар алған, алайда істі бастамаған. Сонымен, Айгерімге заттарын сатып алуға ұсыныс тастайды. «Даму» Қоры арқылы 3 млн теңге несие алып, аталған құралдарды сатып алған Айгерім, кәсібін бастап та кетеді. Наубайхананың ғимараты ретінде ауласындағы қосалқы үйді пайдаланады. Әрі сол қосалқы үйдің бір бөлігінен пісірген өнімдерін сататын дүкен де ашып қояды.
«Кәсіби кондитер болмағаннан кейін бастапқыда көптеген қиындықтар болды. Үйдегі нан пісірумен тұтынушыға ұсынылатын өнім салыстыруға келмейді екен. Әдепкіде шығарған өнімдеріміз дұрыс болмай, шығын болып, түнімен ұйықтай алмай, уайымдаған кездерім болды. Үйрену үшін облыс орталығынан мамандарды шақыртып, біліктілігімізді жетілдірдік. Қиындықтың барлығы артта қалды», – дейді кәсіпкер.
Бүгінде кәсіпкер Жалағаштағы 5 мектеп пен 3 балабақшаны, сондай-ақ, шағын дүкендерді нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Мұнан өзге, аудан тұрғындары той, өзге де шаралар өткізу барысында кондитерлік өнімдердің түр-түріне тапсырыс береді екен. Айгерім Гаюпова жетекшілік ететін «Тәтті» наубайханасынан күніне 500 данаға жуық бөлке нан әзірленіп, кондитерлік өнімдердің 20-дан астам түрлері әрқайсысы 200 данадан халыққа ұсынылады.
Кәсіпкерлер палатасы кеңесшілерінен мемлекеттік бағдарлама аясында сырттан маман шақыртуға болатындығын естігеннен кейін, кондитер маманын сұратып, өтінім береді.
Кәсіпкерлер палатасы А.Гаюпованың сұранысын ескере келе, «Бизнестің жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасының «Аға сеньорлар» құрылымы аясында Түркиядан Маджит Горпюз есімді маманды алдыртты. Түрік сарапшысының наубайхана саласындағы тәжірибесі 20 жылдан асады. Наубайхана және кондитерлік істе жан-жақтылығымен көзге түскен, аса білікті мамандар қатарында. Шетелдік маман енді Айгерімді екі апта көлемінде саланың қыр-сырымен таныстыратын болады.
«Кәсіпкерлер палатасының шақыртуымен Туркиядан келген Маджит маман біз үшін үлкен қолдау болып отыр. Өнімдерді әзірлеудің оңтайлы жақтарын көрсетіп беріп жатыр. Кремдерді жасау тәсілдерін, бисквитті сәтті шығаруды, торттың түрлерін жасауды үйретуде. Байқағаным, біз көп шығыс жасайды екенбіз. Маджит бізге бар шикізаттан қалдықсыз өнім шығаруды, тіпті, үнемдеуге дейін көрсетуде. Менде жұмыс жасайтын қыздарға әр күнде қамырды түрліше илеу тәсілдеріне дейін үйретуде», – дейді кәсіпкер.
Айгерім Гаюпова биыл кәсібін кеңейту үшін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалынан 4 млн теңге көлемінде несие алды. Алған қаржыға талапқа сай наубайхана салып, бүгінде 4 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Бұл – ұмтылған адамның табысқа жететінінің тағы бір айғағы.
Б.ТӘШКЕНБАЕВА.