» » Әлеуметтік міндеттерді жүзеге асыруға ел болып кіріскен жөн

Әлеуметтік міндеттерді жүзеге асыруға ел болып кіріскен жөн

Мемлекет басшысы­ Нұрсұлтан Назарбаев­ Қазақстанның даму жолындағы атқарылатын міндеттерге жыл сайын Жолдау арнап келеді. Елбасының әр жылдардағы халыққа арнаған Жолдауы Қазақ елінің кемел келешегін бағдарлауымен, әлемдік аренада беделін бекемдеуімен, ел дамуының жаңа көкжиектерін айқындауымен құнды.
Әр Жолдау – ел үшін жаңа белес. Себебі Президент Жолдауында экономикалық сая­­сат, инновациялық және сервистік секторлар, индустрияландыру мәселесі және т.б. маңызды бағыттармен қатар, қалыптасқан дәстүр бойынша елдің әл-ауқатына, әлеу­меттік жағдайына да айрықша назар аударылған. Мемлекет басшысының 2018 жыл­дың 5 қазанында халыққа жария еткен кезекті «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында да халықтың әлеуметтік жағдайы назардан тыс қалмады. Бұл Жолдауда алдымен назарға алынғаны − білім берудің, денсаулық сақтау саласының, тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігі, жайлы және қауіпсіз жағдайда өмір сүру мәселелері. Бар құндылықтың негізгі қозғаушы күші − адам, оның білімі мен дағдысы, өмір сүру жағдайы, тұрмыс деңгейі болғандықтан, Елбасы назарының ерекше болуы заңдылық. Сонымен Жолдауда әлеуметтік мәселеге қатысты «Тұрмыс сапасын арттыру» деп айдар тағылған екінші тармақ сегіз пунктке бөлінген. Онда алдымен «5 жыл ішінде білім беру, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу қажет» делінген. Ерекше қарқынмен дамып келе жатқан Қазақстан халықаралық дә­ре­жеде танылудың жаңа деңгейіне кө­те­рілді. Осы жолда бұл қадам мемлекеттің отандық білім мен ғылымға және денсаулық сақтау салаларына өз тарапынан барынша қолдау көрсетіп келе жатқанын айқындайды. Ойлау негіздері, ақыл-ой мен шығармашылық қа­білеттер, жаңа дағдылар сонау бала кезден қалыптасатынын негізге алған Елбасы мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту мәселесіне, білім сапасын бағалау жүйесінің халықаралық стандарттарға сай келуіне мән берді. Осы орайда Президент Үкіметке 2019-2021 жылдарға арналған бюджеттен қосымша 50 миллиард теңге қарас­тыруды тапсырды. Қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлының: «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз», деген сөзі қазір қоғамда қызу талқыланып, Жолдауда халық тарапынан зор қолдауға ие болған мұғалім мәртебесін көтеру мәселесі нақты айтылған. Жолдауда көтерілген келесі маңызды мәселе − «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылдау. Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекеме қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс. Дәл осы мәселе ұстаздардың ғана емес, «бір әріп үйреткен адамға қырық жыл сәлем бер» деп білім беру ісінің бағыт-бағдарына, даму үдерісіне алаңдайтындардың да көңіліне қонды. Тағы бір айта кететін жайт, «жоғары білім беру ісінде оқу орындарының маман дайындау сапасына қатысты талаптары күшейтіледі». Оқу бітірген студенттердің жұмыспен қам­тылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы, жоғары оқу орындарын ірілендіру сая­­сатын жүргізу, Назарбаев Университеттің тәжі­рибесіне сүйеніп, үздік шетелдік топ-ме­неджерлерді жұмысқа тарту, қазіргі білім инфрақұрылымының базасында ­Назарбаев Университеттің үлгісімен өңірлік жаңа жо­ғары оқу орнын құру. Шоқан Уәлихановтың «Халықтың кемеліне келіп өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет», дегені бар. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың да жоғары оқу орындарына қатысты талапты күшейту арқылы білім сапасын арттырып, ел дамуын барынша өркендету негізгі мұраты екенін аңғаруға болады. Себебі сапалы білім барда экономикалық өсімнің де жоғары сапасы қамтамасыз етіледі. Кез келген мемлекетте, қай кезеңде де сапалы білім қаншалықты маңызды болса, медициналық қызмет сапасы да соншалықты маңызға ие. Жолдау барысында Президент осы мәселені айрықша бөліп қарастырды. Енді 2019 жылдың 1 қаң­тарынан бастап алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қызметкерлерді ынталандыру үшін науқастар емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысы ке­зең-кезеңімен 20 пайызға көбеймек. Осы мақсаттарға 5 миллиард теңге бөлінеді. Сонымен қатар 2019 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлы нұсқада жүргізуге көшеді. Бұл да Жолдауда айтылған тың бағыттың бірі. Ұлт саулығы – мемлекеттің басты басымдығы екенін қадап айтқан Елбасы Үкіметке және әкімдерге кем дегенде 100 денешынықтыру-сауықтыру ке­шенін салуды тапсырды. Сондай-ақ келер жылдан бастап Тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитеті жұмысын бастайды. Президент бұл орайда адам және оның құқықтары мен денсаулығы маңызды екеніне басымдық берді. Қарапайым ха­лық­қа тұрғын үйді ба­рынша қолжетімді ету мақсатында қолға алынған «Нұрлы жер», «7-20-25» бағдарламалары бүгінде сәтті жүзеге асуда. Алайда, қашанда халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту мәселесін үнемі назарда ұстайтын Елбасы, осы жолы да әкімдерге жергілікті бюджет есебінен жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялау мәселесін пысықтауды тапсырды. Сондай-ақ халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтары үшін ірі қалаларда жалдамалы тұрғын үй құрылысы ұлғайтылмақ. Бұл шаралар 250 мыңнан астам отбасы үшін тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Түйіндей келе, елдің әл-ауқатын арттыру мен тұрмыс сапасын жақсартуға арналған әлеуеті зор Жолдауда айтылған мәселелерді жүзеге асыруға ел болып кіріскен жөн. Себебі Президент айтқандай, әрбір қазақстандық жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін және олардың Отанымызды өркендету жолындағы маңызын жете түсінуге тиіс.

Нариман ТӨРЕҒАЛИЕВ,
Парламент Сенатының депутаты.
«Егемен Қазақстан» газеті.

29 қаңтар 2019 ж. 387 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 724

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031