» » «АҚ СҰҢҚАРДЫҢ» АСУЫ БИІК

«АҚ СҰҢҚАРДЫҢ» АСУЫ БИІК

Сыр өңірінде Ұлт жоспарында көрсетілген жекеменшік медицинаны дамыту ісі қарқынды жүріп жатыр. Аймақтағы жеке клиникалар мемлекеттік тапсырыс аясында тұрғындарды тегін қабылдауда. Аурудың жас-кәріге қарамастан, ұрымтал жерден соға беретіні ақиқат. Сондықтан, ақ халатты, алтын қолды дәрігерлер қауымына бесіктегі баладан еңкейген қартқа дейін айтар алғысы шексіз. Аурухананың күнделікті күйкі тірлігі, үсті-үстіне ағылып келіп жатқан науқастарға жасайтын емдік ауыртпалықтарға қарамастан, Жалағаш кентіндегі «Ақ Сұңқар-Ж» клиникасының қызметкерлері әрдайым жайдары мінезбен жұртшылыққа ем жүргізуде. Өткен жылы ғана ашылған Ақсұңқарлықтарға аудан халқы дән риза.
Емхана есігін айқара ашып, дәрігерлерге тән әппақ халатпен қарсы алған біздің кейіпкердің есімі Ләззат екен. Жалағаштың Бұқарбай батыр ауылының тумасы әуелі облыс орталығындағы жоғары медициналық колледжді үздік бітіріп, онымен тоқтамастан 1993 жылы сол кездегі астана – Алматыдағы С.Асфендияров атындағы медициналық институттың түлегі атанып шыға келеді. 2001 жылы жоғары білімді дәрігер болып туған жеріне қайта оралған Ләззат Жалағаштағы аудандық ауруханада табан аудармастан 16 жыл дәрігер болыпты. Туған елге қызмет істеуге сол уақыттағы білікті дәрігер Бұхарбек Пірмаханов себепші болып, әрі «бала күнгі арманым осы» деген дәрігер қыздың өзі аса қуанышты еді. Жас, институтты жаңа бітіріп келген түлек әуелі «жан сақтау» бөлімінде дәрігер, терапия бөлімінің меңгерушісі, бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары, ультрадыбыстық зерттеу дәрігері қызметін атқарып, сол жылдары саланың барлық қыр-сырын меңгерген. Ал, жеке емдеу орталығын ашуға не түрткі болды десек...
– Ең бірінші, сол, ультрадыбыстық зерттеу орталығын құрып, жеке клиника ашуға себеп – кәсіпкерлерге арналған түрлі бағдарламалар мен реформалар болды. Елбасы Жол­дауында айтып көрсеткендей, аймақ тұрғындарының ден­саулығын жақсарту бойынша өз ісімді бастамаққа бел будым. Оның алдында 2015 жылы елі­мізде «Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік туралы» заң қабыл­дан­ғаны да есімде еді. Ондағы мақсат – мемлекет пен жеке сектор арасындағы ұзақмерзімді ын­ты­­мақтастықты нығайту болатын. Жолдасымның қол­дау­ымен сіз көріп отырған ғимаратты сатып алып, қайта жөндеуден өткіздік. Ме­ди­циналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Тегін медициналық көмектің кепілдік көлемі аясында тегін және ақылы емдік шара көрсетуді осылай бастадық, – дейді емхананың бас дәрігері Ләззат Серікқызы.
Ләззаттың айтуынша, мемлекеттік-же­ке­­шелік әріптестік аясында келісім-шарт жа­са­лып, кәсіпкер емханаға қажетті құрал-жаб­­дықтар сатып алады, мемлекетке бір­­неше жыл көлемінде алған ақшасын өтеп, қарызынан құтылады. Артық пайыздық үс­те­мақы төлемейді. Денсаулық сақтау саласында мемлекеттік-жекешелік әріптестігінің қолға алына бастағаны тұрғындар үшін де, дәрігерлер үшін де тиімді. Жаңа заманның медициналық құрал-жабдықтарының келуі­мен емдеу сапасы жақсарады, бұл емдеу орын­дарының қуаттылығын арттырады.
– Облыстағы «Атамекен» кәсіп­кер­лер па­латасының қолдауымен арнайы «РИЦ» бағдарламасы арқылы былтыр тамыз айында 10 миллион теңге несие алғанмын. Оған ультрадыбыстық зерттеу аппаратын алдырдық. Қосымша құрылғылар әкелінді. Алынған аппарат арқылы бүйрек, бауыр, өт және қуық қабы, жүктілік бойынша, жатыр аурулары, сүт безі, ұйқы безі, кіші жамбас органдары (гинекология), тағы басқа ауруларға зерттеу шарасын жүргізіп отырмыз. Мемлекеттік тапсырыс арқылы келісім-шартпен тегін ем жүргізетін он орындық күндізгі стационардың жұмысы осы. Былтыр осы бағдарлама аясында біз 600-ге жуық тұрғынға ем көрсеттік. Келешекте екі қабатты нысан тұрғызып, толықтай жатып ем алатын тәуліктік емхана салсам деген жоспарым бар, – дейді кәсіпкер-дәрігер Ләззат.
Айта кету керек, дәл осындай тегін көмек көрсететін жеке емдеу орталығы аудандар арасында Жалағаш және Арал ауданында ғана өз жұмысын бастаған. Біз барған Жалағаштағы кәсіпкер-дәрігер өзімен бірге тұрақты 4 адамды жұмыспен қамтып отыр. Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі арқылы арнайы жолдамамен келген мейірбикелерге бар білгенін де үйретіп жүр.
– Бас ауырып, балтыр сыздаса осы қызға көрінемін. Кезек көп, сонда да амал жоқ, күтіп отырамын. Ләззаттың білікті дәрігер екенін бүкіл Жалағаш біледі ғой. Аудандық ауруханада жүргенде де талай жанға өз міндетін атқарып, жанына араша бола білді, бұл қызым, – дейді Бұқарбай батыр ауылынан келген зейнеткер Роза Табынбаева.
Осылай «туған жерге туыңды тік» деген аталы сөзді ұстанған Ләззат Кәріпова дертіне шипа іздеген ағайынның қасынан табылып жүр. Уақытпен санаспай ауырған жандарға дәрігерлік қызметін көрсетеді.
Қорыта айтсақ, кәсіпкер мемлекет-же­кешелік әріптестігі жүйесіне сай жұмыс іс­теу­ге үйреніп келеді. Бізде әріптестік аясында жүзеге асатын жобалардың басым бөлігі әзірге денсаулық сақтау саласында екені байқалады. Бұл жаңашылдық Жалағашта жақсы дамуда.

Ержан ҚОЖАСОВ.

09 ақпан 2019 ж. 825 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 724

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031