БАҒЫТ берген БАСҚОСУ

Жиында сот төрағасы отбасылық өмірдің қыр-сыры жайында бірқатар заңның шеңберінде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жастарды теріс әрекеттерден аулақ болуға шақырды. Сондай-ақ, колледж директоры Ғани Серікбаев та шәкірттерінен ағалық ақылын аямады.
– Отбасындағы ауызбіршілікті сақтау үшін алдымен ата-аналар балаларға үлгі болуы тиіс. Балалар да алған тәлімді кейін өскелең ұрпақтың бойында жаңғыртуға міндетті. Әрбір азамат отбасылық өмірдегі өз орнын білу үшін осындай жауапкершіліктерді жадынан шығармағаны абзал. Кездесуіміздің негізгі мақсаты – сіздерге кішкентай да болса ағалық ақылымызды айту болатын. Егер отбасыларыңызда кейкілжің орын алып, соны заң аясында қарау жайы мазалап жүрсе, жеке қалып кеңесуге де дайынбыз. Бізге неғұрлым әрбір көрген жақсылығымыздан да, жаман әрекеттерімізден де оң нәтиже шығаруға болады. Мәселен, бір кісінің бойынан теріс қылық байқасаңыз, оны қайткен күнде де өз өміріңізде қайталамауға тырысыңыз. Міне, сіздің ол кісіден алған тәліміңіз осы болмақ. Мен мұнымен не айтпақпын? Әрбір адам бойындағы кейбір жаман жақтарын басқа ортадан көріп жатады. Бұл – қате пікір. Осындай адам бойындағы жаман әрекеттердің өзі отбасындағы орын алатын дау-дамайға алып келуі мүмкін, – дейді сот төрағасы.
Сот төрағасының бұлай деуінің жаны бар. Расында, кейбір жандар отбасындағы кейкілжіңнің пайда болуына алып келетін себептерді түрлі жайттарға жауып жатады. Шынында жақсылық көрсек те, жамандық көрсек те одан оң нәтиже шығару өзімізге байланысты. Осы ретте колледж басшысы да жастарға алдағы уақытта отау құру мәселесіне байыппен қадам жасау қажеттігін ескертті.
Жалпы, колледж қабырғасында жастардың отбасылық мәселесі алатын біліміне кері әсерін тигізбеу үшін жүйелі жұмыстар қарастырылған. Арнайы жастармен жұмыс жасайтын психолог әр жылы оқуға келген оқушылардың мектебінен, отбасынан өзіне қатысты мәліметтерді жинақтап, олардың жағдайына байланысты жұмыс жасайды. Тіпті, олардың әрқайсысының әлеуметтік картасы да әзірленіп қойған. Білім ошағы жанынан жүзеге асып жатқан мұндай игі жұмысты аудандық сот төрағасы да жоғары бағалады. Жиын соңында Асылбек Мизанбаев жастарға тағы да отбасылық өмір, мерейлі отбасы жайында кеңес беріп, мемлекеттің оларға үлкен сенім артатынын жеткізді.
К.БОЛАТ.