» » ӘР ІСІ АДАЛДЫҚПЕН САБАҚТАСҚАН

ӘР ІСІ АДАЛДЫҚПЕН САБАҚТАСҚАН

Ұлы Отан соғысының аяқталғанына бір-ақ жыл болды. Абырой болғанда құрамында қазақ әскерлері де бар сұм соғыс Кеңес одағының пайдасына шешілді. Бес жылға жалғасқан қан майдан тікелей қазақ жерінде болмаса да елге үлкен шығын алып келді. Жеңіс тойы деген аты болмаса ол кездегі қазақ жұртының әлеуеті едәуір ақсап қалды. Әр салада үлкен тоқырау болды. Медицина саласы қазіргідей қарқын алмаған тұста ауыл балалары қарапайым дерттің құрбанына айналды. Себебі, ол уақытта сол аурулардың емі жоқ еді. Үлкен шығын Сыр бойындағы Керимовтер әулетін де айналып өткен жоқ.
Тоқырау жылдары барға қанағат, жоққа сабыр ете білген Халипа апамыз жастық шағын осылайша еске алады. Себебі, бүгінгі батыр ананың балалық шағының басым бөлігі сол тұспен тікелей байланысты еді. Анасы Әсемкүл де жолдасымен колхозда адал еңбек ете жүріп, өмірге 10 бала алып келді. Бір өкініштісі, үйдегі бес бала қатар ауырып, бір айға созылған қызылша кеселі төрт баланың өліміне себеп болды. Үйде жалғыз Халипа апамыз қалды. Үлкен шаңырақта 1946 жылдың аяғында өмірге ұл бала келді. Қамшы ұстары дүниеге келіп, төрт баланың ажал құшуынан кейін Керім ағамыз сәл есін жиғандай болды. Ауылы аралас, қойы қоралас өңір тұрғындарының бәріне бұл шаңырақтың қуанышы ортақ екен. Бәрі құтты болсын айтысып, үйге ағылысып жатыр.
Ол шақ ел-жұрт салт-дәстүр мен ырымға берік кез. Үйдегі әжеміз анасы босанған Халипаны жұртқа хабарлауға жіберді. Ол кісі ырымшыл жан болатын. Ауылда бала-шағасы жоқ, үйі жоқ ауылдың қойын бағатын бір үлкен кісі бар еді. Әжесі сол кісіні шақырып келуге жұмсайды. Сондағы мақсаты жаңа туған нәрестенің кіндігін кестіру. Соғысқа кеткен ағасының әйелі дүние есігін ашқан сәбидің атын қойды. «Қайтыс болған балаларды, соғысқа кеткен ағасының орнын өтесін» деп атын Өтеген қояды.
Бүтін бір отбасына бұған дейін орын алған қайғылы жағдайлар оңай тиген жоқ. Сондықтан, ырымдап көз тимесін деген мақсатта бір құлағының сырғалығын тестіреді. «Әжем, анамыз, әкеміз, бәріміз еміреніп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірдік. Бәріміз қашан оқуға барады, қандай бала болады деп уайымдаймыз. Өтегеніміз тәртіпті, ақылды бала болып өсе бастады. Анамыз таңертеңнен кешке дейін жұмыста, ал, балаға әжем екеуіміз қараймыз. Өтеген оқу жасына келді. Мектеп қашық, сонда да оқу жасына келген соң оқуға апардық. Анамыз екеуміз, кезек-кезек арқалап апарамыз. Соғыстан кейін қиын кезеңде киім жетіспейді. Көз қуанышымыз Иіркөл мектебінің 1 сыныбына барды. Әбілқан Дүйсенбаев деген кісі оқытушысы екен, сол кісі қабылдап алды. Оқуға барған күннен бастап сабаққа ықыласты болды. Тез арада әріп танып, есеп жазу сабақтарын меңгеріп, өз бетінше оқу дәрежесіне жетті» деп Халипа апамыз інісін еске алады.
Ойын баласы білімге өте зерек болды. Екінші сыныптың өзінде өз бетінше тағылымды кітаптарға деген қызығушылығы оянады. Бала бойындағы бұл ізденімпаздық үлкен шаңырақ үшін үлкен қуаныш болды. Анасы Әсемкүл жұмыста болғанымен бала күн сайын әжесінің қасынан шықпайтын. Әжей қос көзден айырылса да көкірегі ояу еді. Бала бойына тәрбие мен тәлімді қатар дарыта білді. Өтеген қолы қалт етсе үй жанындағы кітапханаға барып өз бетінше біраз ізденеді. Уақыт өте орыс тіліне де жаттығып, Тургенов, Чеховтың кітаптарын оқи бастады. Бұл өз кезегінде баланың сыныптағы сабағының да жақсаруына үлкен сеп болды. Білім саласының ардагері Әбілхайыр Ералиев “Өтеген біздің бала күнгі досымыз еді. Ол жастайынан алғыр болып өсті. Оның тұла бойынан адалдық пен шындықтың исі аңқып тұратын. Ол қандай жетістікке жетсе де осы адалдығы мен еңбекқорлығының арқасында жетті” дейді.
Мектеп қабырғасында жүріп үлкен сайыстарда топ жарған талапкер оқуды аяқтай салысымен жоғары оқу орнына түсуді көздеді. Сол жылдары ілімнің іргетасы атанған орындар Алматыда еді. Баланың әрі қарай білімін шыңдауға Халипа апамыздың жолдасы Жақсылық ағай үлкен қолғабыс етті. Жақсылық Жылқышиев те ҚАЗГУ-ды бітірген майталман еді. Кейін саналы ғұмырының ұзақ жылын осы білім саласының өркендеуіне арнаған атпал азамат.
Өтеген де кезінде ол кісінің әке орнына әке болғанын айтады. Өтеген ағаның өзі ол кісі жайында: “Жақсылық Ишанбекұлы Жылқышиев мен үшін ең қымбат адам. Ол кісі маған 55 жылдан астам уақыт әке орнына әке болған, жанашыр аға болды. Маған көп көңіл бөлетін, менің әрі қарай оқуыма көмектесті. Жәкеңнің кеңесімен Алматыға барып жоғары оқу орындарының бірі Қазақ политехникалық институтына түсіп, оны 1970 жылы инженер-электрик мамандығы бойынша бітіріп шықтым”, – деп айтқан екен бір кездері.
Мақаламызға арқау болған Өтеген ­Керимов те жоғарыда есімін атаған Жақсылық ағайдың жолын қуып, білім саласында өзінің қолтаңбасын қалдырды. Ол әсіресе, елде кенжелеп қалған кәсіптік білімді төрге оздыруда табанды еңбек етті. Еңбек жолын Солтүстік Қазақстан мен Қызылорда облыстарында бас­тап, кейін Алматы және Астана қала­­ларындағы бірқатар мекемеде бас­шылық қызметтер атқарды. 1971-1974 жылдары Қызылорда қаласында өндірістік оқу шебері, аға шебер, №69 кәсіптік техникалық училищесінде директордың орынбасары, облыстық білім басқармасы кәсіптік-техникалық әдістемелік кабинеттің меңгерушісі, 1974 жылы Алматыдағы облыс­тық білім басқармасында аға әдіскер, №41 кәсіптік техникалық училище директорының орынбасары, 1977-1982 жылдары республикалық инспекция басшысының орын­басары, Қазақ ССР мемлекеттік кә­сіп­тік білім республикалық оқу-әдістемелік басқармасының директоры, 1984 жылы №15 КТУ директоры қызметтерін абыроймен атқарды. Ұлағатты ұстаздың саладағы сара жолы ескерусіз қалған жоқ. «Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі» атанды. Басқа да бірнеше марапатқа ие болды. 1985–1989 жылдары Алматы қаласы Алатау аудандық халық депутаттары кеңесінің депутаты болды. 1996-1997 жылдары «Риза» ЖШС бас директорының орынбасары, 1997-1999 жылдары «Байорда» ЖШС-да менеджер, 1999-2000 жылдары Астана қаласындағы Стандарттау, метрология және сертификаттау саласында біліктілікті жетілдіру институты РМК-да әдіскер, 2000-2007 жылдары Техникалық реттеу және Метрология жөніндегі комитеттің Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты РМК-да бөлім басшысы қызметін де абыроймен атқарды.
Атпал азамат көзінің тірісінде ­ортасы­­­­­­на сыйлы, отбасында ардақты әке, ұла­­­­ғатты ұстаз, қадірлі ата болды. Білімі мен па­ра­сатының арқасында басшылық қыз­мет­терде қабілетін көрсете білді. Қай лауазымға тағайындалса да адамгершілігі мен қарапайымдылығын бойынан жо­ғалт­­қан емес. Қай ортада болсын кісілік кел­бетін, бір сөзбен айтқанда, өз биігін сақтап қалды. Отбасында қадірлі жар, өнегелі әке болды. Өзінен тараған балалары Эльвира мен Берікті қатарынан кем қылмай жоғары оқу орындарында оқытты, тәрбиеледі. Мақ­саты әке жолын қуып, олар да елге адал қызмет етсін деді. Балалаларынан тараған немерелерін де тәрбиелеп өсірді. «Әке көрген оқ жонар» дегендей қос шырағы сенімді ақтап, салған ізбен жүрді. Эльвира халық шаруашылығы университетінде, Берік КАЗГУ-да оқыды. Немересі Аружан да қазіргі таңда жақсы білім алып, шет елде ілімін жетілдіруде. Білімнің іргетасы қаланған әулет қой, мұнан кейінгі шаңырақтағы ұрпақ сабақтастығында білімге құрметпен қарау дәстүрі үзілген емес.
Айта берсек, Халипа апамыздың іні­сі жайлы естеліктері көп. Оның басым бөлігі білім саласымен тығыз байланыс­та бол­ған­дықтан, біз тек бір қырына тоқ­тал­дық. Ол жастық шағында еркелеп қарсы алып, еркелеп шығарып салатын бауырын қимай еске алады. Қайтсін, көзінің қарашығындай әке-шешесінің аманатын қимайды. Бірақ, уақыт бәрімізге мәңгілік емес қой.

Ерлан СОЗАҚБАЕВ.
06 сәуір 2019 ж. 464 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 726

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031