«Ағайларға» мұқтаждық қашан азаяды?
Қазір мектептерде ер мұғалімдердің саны аз екенін жұртшылық жақсы біледі. Бұл енді көз жұма қарайтын шаруа емес. Бұған мемлекеттік деңгейде мән бермесе болмайды. Себебі, мектеп тек білім беретін мекеме ғана емес, сонымен қатар, тәрбие ошағы. Қарапайым ғана мысал, мектепке баратын балаларымыз “апай солай айтты” деп мұғалімнің айтқанын заң секілді қабылдайды. Ол дұрыс болса да, қате болса да бала үшін оны өзгерте алмайсың. Мұның жауабы түсінікті де шығар. Баланың санасы мектепке барғанда ақ парақтай таза күйінде болады. Сол ақ парақты сиықсыз етіп шимайлау да, көз алмастай көркемдеу де ұлағатты ұстаздардың қолында екенін естен шығармау керек. Сондықтан, ұстаздар қауымы ұлттың болашағы үшін жауапты. Мектеп қабырғасына балаларымызды беріп, білім ошағының табалдырығын аттатқанда “балам, мұғалімнің айтқанын тыңда” деп, сәбиліктен енді ғана балғын балалыққа қадам басқан бүлдіршіндерімізге ұстазды тыңдау керектігін айтамыз. Сондағы мақсатымыз мұғалімнен үйреніп, баламыздың білімді әрі тәрбиелі болып шығуын көздегенімізде болып отыр.
…Жуырда Ақтөбе облысында Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинованың қатысуымен жиын өтіп, онда еліміздегі мектептерде ер мұғалімдердің аз екені айтылды. Осыдан кейін Жалағаштағы жағдайды сараптау туралы ой туды. Ауданымызда барлығы 20 мектеп бар. Аудандық білім бөлімінің мамандары берген мәліметке сүйенсек, осы білім ошақтарында жалпы 1156 педагог қызметкер жұмыс жасайды. Соның 894-і біздің апа-қарындастарымыз болса, ерлердің үлесі 262 болып отыр. Ал, енді кәдімгі арифметикалық есепке жүгінейік. Ауданда барлығы 20 мектеп бар екенін атап өттік. Жаңағы 262 ер мұғалімді осы 20 мектепке бөліп қарайық, не шығады екен? Оннан сәл-ақ асады.
Ұлы Отан соғысынан кейін кеңес одағының көлемінде барлық мектептерде ер мұғалімдер көп болған екен. Бұл көрсеткіш беріге дейін сақталған. Осындайда еріксіз әттеген-ай дейсің. Өйткені, тұғырымызды тіктеген тәуелсіздік жылдары білім ошақтарында ер мұғалімдердің саны күрт азайып кеткен.
Қай кезде де ер азамат отбасының асыраушысы, материалдық, қаржылық жағынан қамтамасыз етуші екенін ұмытпағанымыз абзал. Оның үстіне ерлер қай жерде жалақы көп төленсе, сондай кәсіпорындар мен өндіріс мекемелеріне жұмысқа тұруға тырысып бағады. Кез келген нәрсенің екі жағы болатынын ұмытпаған жөн. Себебі, таяқтың бір ұшын бассаң екінші ұшы маңдайға сарт етіп тиетінін естен шығаруға болмайды. Өндіріс орындарында жұмыс жасауға да, кәсіппен айналысуға да азаматтарымыздың хал-ахуалы жетеді. Бірақ, алдағы уақытта мектептердегі ер мұғалімдердің санын көбейтпесе болмайды. Бұған мемлекеттік мәселе ретінде қараған дұрыс. Мұның түрлі қажеттіліктері бар. Қазірдің өзінде елімізде бұрын-соңды болмаған масқаралардың қатарын толықтырып отырған қызтекелік көбейіп барады. Оның үстіне мінезі сәл нәрсеге жуасып қалатын босбелбеу, бойкүйез жігіттердің қатары артты.
Әйел мұғалімдер қаншалықты мықты болғанымен ерлердің орнын баса алмайды. Себебі, ерлердің бойында өздеріне ғана тән мінездері мен жекелеген қасиеттері болады. Әйелдерде де солай. Алысқа ұзамай-ақ, “әке көрген оқ жонар” деген қазақтың нақыл сөзін мысалға келтірейік. Бұл бүкіл мақаламызда көтеріліп отырған, айтылған жайттардың да жауабы болуы мүмкін, ұғынған жанға. Бұл мақалдың бір ғана бөлігінде келтірілген сөздің төркініне, түп-тұқиянына үңілер болсақ, ердің тәрбиесін көрген бала бойына өрлік пен ерлікке бастар қасиеттерді сіңіріп өседі дегенге саяды.
Тәуелсіздігімізді алғаш болып мойындаған бауырлас Түркия мемлекеті бұл мәселемен өткен ғасырдың 60-70 жылдары кездескен. Содан реформа қабылдап, бағдарлама жасап мектептерге ер мұғалімдерді көптеп тартудың жолын қарастырған. Неге бізге де білім саласына реформа жасап, ер мұғалімдердің санын көбейтпеске? Онсыз да соңғы жылдары білім саласында тосын жаңалықтар орын алған жоқ па?!
Қалай айтқанда да, бұл бір күннің не бір мақаланың төңірегінде шешілетін мәселе емес. Бірақ, алдағы уақытта ер мұғалімдердің санын әйел мұғалімдермен теңестірген жөн. Мен мұнымен әйел мұғалімдер ер балаларды тәрбиелей алмайды деуден аулақпын. Бірақ, өр мінезді қазақтың ер мінезді жігіттерін тәрбиелеу үшін мүмкіндіктің барлығын қолданған дұрыс.
Ә.ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ,
М.АХМЕТОВ (сурет).