Табиғат та аялауды қажет етеді
Жалпы, кез келген отбасының ауласы мен қоғамдық орын тазалығы кімге керек? Әрине, бірінші кезекте өзіне. Біз мұны түйсігімізбен түсінсек те, оған қам қылудан қалып барамыз. Бұған көз жеткізу үшін бір сәт сенбілікке шығыңыз. Редакция ұжымы әдеттегідей тек ғимарат алдында сенбілік өткізетін. Аллаға шүкір, ұжым тазалыққа келгенде аянып қалмайды. Нәтижесінде, өз ауламыз көрсең көзің тоярдай тап-таза. Бірде бұл жақтың жұмысы тәмам болғасын басқа да көшелерге сенбілік жүргізуге шықтық. Әдеттегідей әр мекеме ұжымы жұмысын жасап жатыр. Мен айналама бір сәт қарап қоям. Жеке үйлердің көше жақ беті толған қағаз қалдықтары, шыны ыдыстар мен бос құтылар. Бір жағынан әр ұжым тазалық жүргізген бетке де көз тастадым. Бұл жақ тап-таза. Сонда қарапайым қалдықтар ауданның ажарына нұқсан келтіріп тұр. Ал, оны жинауға жергілікті тұрғындардың кейбірінде құлық жоқ. Әдеттегідей әр мекеме қызметкерлері әуре-сарсаңға түсуде.
Бұл ештеңе емес қой. Көз алдымдағы көріністер маған таңсық болғасын ба білмеймін, ішімнен бірнеше сауал мені мазалап болды. Жұмыс қызу жүріп жатқаны сол еді. Белсенділер бір сәт аялдауға бел буды. Отырғанымыз сол еді. Сенбілік жүріп жатқан көшенің қапталында бір келіншек терезені ашып телефонмен сөйлесе бастады. Ар жағында диалог жасап жатқан кейіпкердің кім екені маған беймәлім. Бірақ, әлгі әйелдің қамсыздығы мен құлықсыздығын бірден аңғардым. «Иә, үйдемін сол, іш пысып кетті алаңсыз жата-жата. Қол тиіп жатса соғып кетсей. Көше толы адам. Енді сенбіліктің уақыты басталды. Үш ай қызметкерлерге дамыл жоқ» деп бізге қарап күліп қояды.
Қасымдағыларға бұл жердің жұмысын жылдам бітіріп, кетіп қалуды өтіндім. Қолдағы күрек өзі арық қазып жатқан сияқты. Ойым әлі әлгі келіншектің әңгімесінде. «Іш пысып кетті» дейді. Жұмысы жоқ болса, неге өз ауласының тазалығына бір сәт көңіл бөлмейді. «Үш ай енді қызметкерлерге дамыл жоқ» деп бізді мүсіркеген сыңай танытады. Бұл не деген қамсыздық? Тұрғындар қашан тазалыққа келгенде өз-өзін жауапты сезінеді? Мен осыдан екі жыл бұрын бір әріптесім осындай бір оқиғаны айтқанда мақұлдаған болып отырып, ішімнен «Тым әсірелеп жібердің-ау» дегенім бар. Сіздер де мұны өтірікке балайтын шығарсыздар. Бірақ, несін жасырайын, сенбіліктегі біркүндік көрініс осы болды.
Расында, қазір әр сенбіде көшеге шыға қалсаңыз, қолында кетпен-күрегі, сыпырғысы бар мекеме ұжымын көзіңіз шалады. Ал, олардың қатарынан өз ауласына сенбілік жүргізіп жатқан жергілікті тұрғынды таба қою қиынның-қиыны. Қоғам ортақ, туған жер де ортақ. «Бұл – киелі мекен» деп сыртта Жалағаштан шыққанымызды кеуде кере айтқанда төбеміз көкке бір елі жетпей тұрады. Тіпті, «Жалағаш осындай» деп біреу бірауыз теріс пікір айтса, аузы-мұрнын қан қылуға бармыз. Неге сол патриоттығымызды осындай шараларда көрсете алмаймыз? Демек, біздің туған жерге, киелі мекенге деген ішіміздегі сезіміміз бен жасаған ісіміз сәйкес келмейді. Шын жанашырсың ба, осындайда неге көрсетпеске?
Мен бір ғана көрген сәтімді айтып отырмын. Бір білетінім, тұрғындардың ішінде жаңағы келіншекпен ойы ортақ жандар әлі де жоқ емес. Болмаса, бір сәт ауласының, туған жерінің тазалығына көңіл бөледі ғой. Көпке топырақ шашудан да аулақпыз. Олардың ішінде ауласына ұқыппен қарап, кенттің көркіне кері әсерін тигізетін қалдықтарды жоюға бір кісідей атсалысып жатқандары да бар. Бірақ, қатары да қалыңдамай отыр. Бізді қынжылтатыны осы. Бұл тек мені ғана емес, ауданның аузы дуалы ақсақалдары мен кеңесі қырық кісіге азық боларлық ағалардан құралған көше комитетінің де толғандырған мәселесі екен. Кент орталығындағы мәдениет және өнерді дамыту орталығында бас қосқан қариялар тазалықты тақырыпқа арқау етті. Тіпті, аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаевтың өзі келіп, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау жөнінде әкімдік емес, ағалық ақылын аямады. Алдымен ақсақалдардың қолын алып, бірден мәселені ортаға салуды жөн көрмеді-ау, бірінші кезекте биыл кентте жүзеге асатын жарқын жобалармен, бір сөзбен айтқанда, қуанышымен бөлісті.
Жалағаштың орталығын абаттандыру қажеттігін ол кісі бұған дейінгі жиындарда бірнеше рет қозғаған еді. Ойдағы бола берсе, ортаяр шақты кім қалайды дейсіз? Дегенмен, барлық мәселе қаржыға келіп тіреледі ғой. Кейбірі бұл сөзді әкімқаралардың жергілікті халыққа дым таппағанда айтатын жаттанды жауабына балауы мүмкін. Десе де, расында біздің ауданның бюджетінің төмендігі жасырын емес. Сонда да ел ағалары шама-шарқынша іс қылып, әлеуметтің әлеуетін арттыруға бар күшін салып жатыр. Оны да жоққа шығара алмаймыз. Енді тақырыпқа келейік.
Келелі мәжіліске келген ақсақалдардың қатары қалың. Көпті көрген көкелерімізді кентті көркейту жұмыстары бей-жай қалдырмайды екен. Барлығы тазалық мәселесіне қатысты да, әлеуметтік жағдай төңірегінде де тәжірибесімен бөлісіп, жұртты жақсылыққа баулу жайында аянып қалмайтындарын көрсетті. Жалпы, жалағаштықтардың ұйымшылдығы барлық жағдайда көрініс тауып жатыр. Біз онымен мақтанамыз. Кешегі кеңесте кент ардагерлер кеңесі төрағасы Біржан Көштаев ағамыздың ағалық ақылының өзі тәлім алам деген біздің буынға қырық жыл азық. Төлеубай Үркімбаев көшесінің тұрғыны Жарылқасын қария да көпті көрген жан екен. Бұлардың ұтымды ұсынысын мақаланың соңына қалдырайын.
Басқосуда алдымен аудан әкімі жиынның мақсатын түсіндіріп, қоршаған ортаның тазалығына тұрғындарды қалай бейімдейміз деген сауалды ортаға салды. Бұған дейінгі сенбіліктен сезген әсерін де көпке айтып өтті.
Өңір басшысы әр атпаның сенбісінде аудан төңірегінде жүріп жатқан сенбіліктерді аралап танысады. Оны көріп те жүрміз. Олқылыққа жол берген тұрғындарға тазалыққа тастай талап қажеттігін түсіндіріп те келеді. Бірақ, мұнан нәтиже шығармайтындар да жоқ емес. Мәселен, біз осыған дейін жұрттың сенбілікке бір кісідей атсалысу қажеттігін айтып та, басылым бетінде жазып та жүрміз. Ал, нәтижесі көңіл көншітпейді. Мұны қоя тұрайық. Сіз қай өңірден көрдіңіз, қоғамдық орынға қажетсіз көліктің бөлшектері мен құрылыс заттарын түсіре салғанды? Мұндай жайттар біздің Жалағашта жетіп артылады. Арнайы түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде кейбірі қоршауына кіргізіп алса, кейбірі (Қазір жылдан асты. Әлі жатыр.) қамсыз отыр.
Бұрын бір кемшілік орын алса, ақсақалдар болып ақыл айтса, қалыпқа келетін. Қазір ше? Бүгінде біз тек заңға бағынамыз. Болмаса, жаңағы түсіндірме жұмыстары жүргенде құрамында өзім де жүрдім. Солардың ішінде әлі де көше жиегіне құрылыс заттарын түсіріп қойған азаматтар бүгінде игі қадамға бармай отыр. Енді қоғамдық орынға қалдық тастаған адамдарға заңмен айыппұл салынуда. Біздің тазалыққа келгенде осындай жағдайға дейін баруымыз ұят нәрсе. Бірақ, осы амалды қолдануға құзырлы орган мәжбүр.
Өткен кеңесте тек тазалық жұмысы тақырыпқа арқау болған жоқ. Аудан әлеуетін арттыру, қарапайым тұрғындардың шаруасына қолғабыс ету жайы да сөз болды. Қарапайым халық деп қалдық. Ағайынның көбі мал шаруашылығымен күнелтіп отыр ғой. Ал, егінге келсек, маусымдық жұмыс аграрлық аймақта қарқынын бәсеңдеткен емес. Жұрттың көбі төрт түлікті түлетіп, қорадағы малымен күнелтіп отырғандар. Бірақ, жайылымда барымташы оларға ұйқы бермейді. Таңертең айдап жіберген малын қолды болмаса деп уайымдап отырған жұрт көп. Алаяқтықтың аяғы жарға жығатынын қанша айтсақ та тірлігін тияр олар жоқ. Осы ретте Қайратбек Сәрсенбаев паданың төрт түлікке пана болатынын ескертті.
Бұрын-соңды бізде қолға алынбағасын (Бұрын болуын болды ғой, бірақ тек егіннің уақытында еді) қайдан шыққан жұмыс деп үрке қарайтындар бар шығар. Десе де, бұл тәжірибеде бар тәсіл. Мәселен, Шиелі ауданындағы Нартай Бекежанов, Төңкеріс деген елді мекендерде пада 3-4 жылдан бері үздіксіз жүріп келеді. Жемісі де жоқ емес. Бұл ауылдарда соңғы жылдары мүлдем мал ұрлығы тіркелмеген. (Қайдан тіркеледі? Орын алмаса.) Қарапайым халықтың малын қолды қылмау үшін аудан әкімі осылай қам қылу қажеттігін ескертуін ескертіп келеді. Бірақ, жұмыс жоқ. Бір-екі рет бұл тапсырма орындалған болды. Аяғында кейбірі тарап кетті.
«Қазір баяғы заман емес» деп үлкендер айтып отыратын еді. Осы сөз әлі де құнын жоғалтқан жоқ. Расында, қазір баяғы заман емес. Өзіңмен бірге бір нанды бөлісіп жеген көршің, ауылдасың ағайының осындай қадамға барып жатыр. Оған дәлел де жоқ емес. Кешегі Есет батыр ауылында орын алған мал ұрлығын айтайық. Қылмыскерлер қорадағы малды шығарып алып ауыл іргесінде сойып алған. Ал, жайылымдағын атып алып, оңай олжа қылған. Қарап отырсаң, бәрі де сол ауылдың азаматы. Баяғыда үлкендер «Қасқыр жақын маңдағы қораның малына шаппайды» деп айтып отырушы еді. Итқұстан да түйсігі төмен болғасын осындай іске барады да. Болмаса, ауылдық жерде кім-кімге алыс дейсің. Ол қылмыскерлер өз жұртын жат сезініп, меншікті мүлкін қолды қылды. Қараңызшы, сонда да қарапайым халық шығынға батып өзім деп кешірім берді. Шерағам айтқан бұл да бір кем дүние ғой.
Дәл мұндай мал ұрлығына қатысты жайттар кентте де бірнеше рет орын алды. Сондықтан, бүгінгі басқосуда барымташыларға жем болмаудың тақырыпқа тұздық болуы заңдылық. Осы ретте, аудан басшысы кент әкімінің міндетін атқарушы Мардан Жамалатовқа пада ұйымдастыру жұмыстарын әлі де ширату қажеттігін ескертіп, қатысушыларды белсенді болуға шақырды.
Ойлап қарасақ, әкім бір өңірді басқарып отыр, сондықтан, сол елдің қауіпсіздігіне, әлеуметтік жағдайына жауапты дегенмен, тұрғындар да осы жауаптылықтан жалтармау қажет қой. Мәселен, бүгінгі мәжілісте көтерілген тазалық мәселесі, пада ұйымдастыру түптеп келгенде кім үшін? Халық үшін емес пе? Ендеше жұрт үшін көтерілген бастамаларды жүзеге асыруда жалағаштықтарға жұмыла іс қылатын уақыт жетті. Біздікі көзі қарақты оқырманға ой салу. Шешім қашанда сіздерден.
Қалай айтсақ та, тазалыққа тастай талап қажет. Бірақ, оны әрбір тұрғын өзіне қою керек. Жиынның негізгі мақсаты да осы болды. Кентті көркейту-көгалдандыру бағытында, қоршаған ортаның тазалығына сеп болатын жұмыстар да жүзеге аспай жатқан жоқ. Шама-шарқынша жүріп жатыр. Бұған жергілікті билік тарапынан да қолдау жоқ емес. Мұны кент әкімінің міндетін атқарушы Мардан Жамалатовтың баяндамасынан байқадық.
Баяндамашының сөзінше, кенттегі көркейту-көгалдандыру мен санитарлық тазалық сақтау жұмыстарының бас мердігері «Сыр Арна» ЖШС болып бекітілген. 9 наурыз бен 6 сәуір аралығында жиналған 650 м3 күл-қоқыс аталған серіктестік техникаларымен шығарылды. Қазір кенттің оңтүстік бөлігінде қоқыс төгетін 1 арнайы орын белгіленді. Дегенмен, тұрғындар үйлерінен шығарылған қоқыстарды белгіленбеген орынға бейберекет тастауды тоқтатпай келеді. Ал, аяқсу мәселесіне келсек кешеден бастап бұл шаруа да жүзе асып жатыр. Сонымен қатар, көшелерге су себу жұмыстары осы айдың 20-сынан басталады.
Кент көшелерінде қатты қалдықтарға арналған 74, сынап бар жарамсыз шамдар мен химиялық қуат көздерін жинақтайтын 40 арнайы контейнер орналастырылған. Биыл санитарлық тазалық сақтау жұмыстарын күшейту мақсатында тағы да 100 контейнер сатып алу көзделіп отыр. Оның алғашқы 40-ы сәуір айында кент ішінде белгіленген орындарға орнатылады. Саябақтарды, паспорттарды, ескерткіштерді күтімге алу да назардан тыс қалмайды.
Биыл көктемгі санитарлық тазалық айлығы аясында кент орталығындағы 900 метр арық бойына тал егу, қоршау жұмыстарын жүргізуді жоспарланған болатын. Аяқсу келісімен игі шараға барша жалағаштықтардың қатысуға мүмкіндігі бар. Жиында бірқатар атқарылған жұмыстарды тілге тиек еткен М.Жамалатов кент көркіне кері әсерін тигізетін мәселелерді де көппен бөлісті.
– Қазіргі уақытта үйдегі қоқысты көшеге шығарып тастау, контейнерлерге малдың өлекселерін, мал қорадан шығатын үйінділер мен құрылыстық қоқыстар тастау тыйылмай келеді. Мұндай қоқыстар аулада жинақталып, санитарлық тазалықты қамтамасыз ететін мекемемен келісімшартқа отырып, арнайы орынға шығарылуы тиіс. Әсіресе, кенттегі 32 көпқабатты тұрғын үйдің ауласында тазалық сақтау өз деңгейінде емес. Көпқабатты тұрғын үйлердегі тазалықтың сақталуына кедергі келтіретін негізгі жағдай осы үйлерде арнайы лас суға арналған кәріз жүйесінің болмауы және де осы үйлердегі тұрғындардың да тазалыққа салғырттықпен қарау салдарынан болып отыр, – деді ол.
Жиында Біржан Көштаев өз ауласын таза ұстаудағы тәжірибесімен бөлісіп, кеңесін аямады. Мұнан кейін Т.Үркімбаев көшесінің тұрғыны Жарылқасын Әбдірахманов та өз ұсынысымен бөлісті. Ол өз сөзінде аталған көшеде қоқыс тастайтын контейнер жоғын айтып, алдағы келетін қоқыс жәшігінен біреуін орнатуын сұрады. Сондай-ақ, Т.Үркімбаев көшесінің тазалығына барынша қарайтынын жеткізіп, сол көшенің тұрғындарын сенбілікке шығару үшін насихат жүргізетінін айтты.
Жалпы, Жалағашта сөзі өтімді қариялар жетіп артылады. Керісінше, бізде үлкеннің тілін алмайтындар жоқ. Солардың әрқайсысы осындай насихатты кеңінен жүргізсе, тұрғындарды тазалыққа баулу деген қолда тұрған дүние ғой. Ақсақалдар өзінің ойын айтты. Жергілікті билік те қарап қалмайтынын жеткізді. Енді қам жасау сіз бен бізге міндет қадірлі оқырман.
Тасыған ӨМІР.