» » КӘЛПЕ РУХЫНА ҚҰРМЕТ

КӘЛПЕ РУХЫНА ҚҰРМЕТ

Ауданда 2009 жылы Беркінбай Бекниязұлының жүз жылдық мерейтойына орай ас берілді. Аталған шараны іске асыру үшін бюджет көзінен қаражат қаралмағандықтан аудан әкімі Ө.Шәменовтың ұсынысымен КӘлпе атынан есеп-шот ашылады. Бұл іс-шараға бүткіл аудан халқы, Қызылорда, Алматы, Астана қалаларында тұрып жатқан ағайындар да атсалысады. Есеп-шотқа ақша аударған мекемелер мен азаматтардың аты-жөндері және шотқа түскен қаржы сомасы жергілікті «Жалағаш жаршысы» газетіне нөмір сайын жарияланып тұрды. Солардың ішінде, ақтаулық кәсіпкер Сәбит қажы Салқынұлы, алматылық Тоқтамыс келіні Інжу әжеміз, дәрігер ­Болат Баймаханов, ­Самай Пірманшаев игілікті бас­таманы қолдап кеткенін атап өткен жөн.
Беркінбай кәлпе кесенесі мен зиярат орны кеңес заманында бой көтергені мәлім. Кәлпе кесенесін ұрпақтары тұрғызған. Түнеухана құрылыс жұмыстарының жоспарын сызып, құжатын дайындап, зиярат орнын салдырған азамат сол кездегі ЖМК-17 басшысы Қожахмет Баймаханов еді.
Қорға жинақталған қаржының игерілуі де, құрылыс жұмыстарын қадағалау да, ме­рекелік іс-шараның да негізгі ауырт­па­лығы сол кезгі Ақсу ауылының әкімі Қожатай Құлмаханға түседі. Жиналған қаржы есе­бі­нен кәлпенің бұрынғы түнеуханасы бұ­зы­лып, оның орнына қазіргі талаптарға сай келетін ғимарат құрылысы басталып кетеді. Ескі түнеухана ғимаратын бұзу жұмыстары «Сәрке батыр» ЖШС (басшысы С.Қалтаев) күшімен тегін атқарылды.
Құрылысшы ұста Алихан Қайыпов өз жі­гіт­терімен жаңа түнеухана құрылысын бас­тап кетеді.
Сонымен қатар, аудан халқының күшімен түнеухана жанынан асхана, сарай, сәкі секілді қосымша құрылыстар салынып, мінажат орны аумағын абаттандырып, темір шарбақтармен қоршау, тағы да басқа көптеген жұмыстар жасау жоспарланады.
Құрылыс материалдарына жұмсалған әрбір тиын есепке алынып, қаражат біртіндеп игеріле бастады.
Дәнекерлеу жұмыстарын қолжетімді ба­ғаға Көздібаевтар әулеті атқарып шығатын болады. Алайда, жұмыс қызып тұрған шақта дәнекерлеуші ағайынды жігіттер келісілген қаражат сомасынан бас тартып өз еңбектерін тегін жасап беретіндерін білдіреді. Ауданымыздың шешен ұлтының азаматтары кәлпе басының жаңғыртылып жатқанын естіп, олар да көмек қолдарын созады. Дәлірек айтар болсақ, түнеухана алды мен кесенеге дейінгі аяқжолға төсе­летін бетон плиталарды өз техникаларымен әкеліп, төсеп береді. Бұл істі бітірген жігіттердің бірі: – Естуімізше әкелеріміз Беркінбай кәлпені құрмет тұтып, бастарына көтеріп, пір тұтқан екен. Кезінде қалпенің тұрғын үйін салуда біздің ата-аналарымыз көмектесіпті. Құрылыс жүріп жатқанда, арасында Беркінбай кәлпе келіп, жұмыс барысын бақылап кетеді екен. Бірде шешелеріміз тамның іші-сыртын сылап жатса керек. Сол әйелдердің бірі кәлпе түсін­бесін деген оймен өз тілінде:
– Осы-ақ шаршатты. Басымызға бәле болды-ау, – депті қасындағы құрбысына. Жақын маңда тұрған кәлпе бұны естіген бойда:
– Қәнеки, түс! Кет бар!? – деп, ашулана зекіп тастапты.
Өзінің бұл ағаттығынан қорқып кеткен әлгі әйел бірден Беркінбай бабамыздың аяғына жығылып, өз қылығына өкініште екенін білдіре, сол жерде кәлпенің кешірімін алуға асығыпты.
Ауыл әкімі Қ.Құлмахан күндегідей осында атқарылып жатқан жұмыс барысын қадағалап жүріп, ұзындығы бір қадамдай жылан көреді де, әріректе жүрген Садықов Союзды дереу өзіне шақырып, жыланды көрсетеді. Баба әруағы кей адамдарға жылан кейпінде көрінеді дегенді естіген екеуі, әппақ жыланға тиіспей өз жөнімен қоя беріпті. Ертесіне қалпе қызы Серіккүл апа:
– Інім-ау, бабаң тірлігіне бас-көз боп жүргеніңнен бе, түсімде көкем аян берді. Ол саған көрінген екен. «Мына бала менен неге қорықты, деп жатыр?» – дегеніне бұл да баба кереметінің бірі шығар, – деп топшылапты Қожекең.
Беркінбай кәлпе асы болар күн таяп, құрылыс жұмыстары да өз мерзімінде аяқталуға жақындайды. Ең соңғы күні шарбақ сыртында қурап қалған тікенек-шеңгелдерді шауып, айналаны қоқыстардан тазарту жұмыстары да басталып кетеді. Қоқыс-қалдықтарын өртеп жүрген кезде аяқ астынан жел күшейіп, қурап тұрған ши-қамыстарға тиген от әл бермеуге айналады. Тілсіз жауға төтеп бере алмасын білген азаматтар жедел түрде аудандық өрт сөндіру бөліміне хабар береді.
Кәлпе зиярат орны аумағының айналасы түгелдей шарбақпен қоршалған. Қоршаудың, әсіресе оңтүстік бөлігінің тұсы шеңгел, жыңғыл, жиде мен шөптесін қаулаған қалың жыныс.

Тілсіз жау осы қалыңға дем арасында жетеді. Өрт жалыны зиярат орны сыртының оңтүстік аумағын түгел жалмап, енді кәлпенің кесенесі мен іш-сыртында ши-бұтасындар өсіп кеткен зираттарды да орап алу қаупі туындайды. Осындағы жұртшылық қолдан келген амал-қарекеттерін жасап баққанымен, күш алып кеткен дүлей от адамдарға бой бермей кетеді. Көлемі едәуір жерге созылған өрт жалыны шамамен ең ұзын теректердің биіктігіндей жоғарыға көтеріліп, кәлпе зиратына жақындай түседі. Қырсыққанда қатты жел де тура зиратқа қарай соғады. Өрт сөндірушілер келемін дегенше кәлпе кесенесі мен қасындағы зираттар түгелдей отқа орану қаупі расқа айналады. Міне, жан-жағын жалмаған тілсіз жау зират шетіндегі шарбаққа тақалып, қол созымдай-ақ жер қалады. От кәлпе зиратының іші-сыртында, әдбен қурап тұрған қамыс-бұталардың төбе тұсына тиер қаупін төндіреді. Алапат өрт, соққан желдің екпінімен қалпе зиратына жоғары жақтан тақала келіп, белгісіз себептермен бір сәт қалқып тұрып қалады да, кейін серпіледі. Арасын ұзатпастан бейітке қарай қайта ұмтылған жалын от тылсым күштің құдіретімен баба кесенесіне тақала бере әуеде қайтадан кілт тоқтай қала, сәл кідіреді де кері қарай және қайтады. Табиғаттың дүлей күшіне керағар құбылысқа куә болған жұртшылық қауым бұл кереметті баба әруағына балағаны рас. Осылайша, үш-төрт қайталанған бұл көріністен соң көптен күткен өрт сөндірушілер де жетіп, лаулаған асауды тұсаулап тастайды.
Тілсіз жау құрықталған соң айнала тазар­тылып, ертеңгі мерейтой ойдағыдай бас­­талып кетеді.
Беркінбай асына жайылған дастарханнан дәм татқан халайық та, құрбандық шалушы жұртшылық та көп болған еді.
Беркінбай кәлпе мерейтойының мәдени-рухани ұйымдастыруын Тынымбай Мәдиев ағамыз қолға алған-ды. Сценариі жазылып, сахна безендірілген бойда шара бас­талып кетеді. Аудандық «Иманқұл» мешітінің шәкірттері осында жиналған жамағатқа уағыз айтып, біраз сауапты іс атқарады. Ауданымыздың жас марафоншылары бабамыз жерленген кесене басынан топырақ алып Ақсу ауылындағы Беркінбай кәлпе мешітіне тапсырады. Мешіт имамы бір уыс топырақты баба мешітіне қояды.

Сол кездері Беркімбай бабамызға:
– Қазір қоғамымыз атеизмді ұстанады, бұрынғыдай мешіттер жоқ, шариғат сақ­талмайды, имандылық азайды, бұның ақы­ры қалай болар екен? – деп сұрақ қойыл­ғанда:
Заманың, балам өзгерер.
Өзгергенді көз көрер.
Діннің бағын ашатын,
Мезгілің де кез келер.
Қырық жыл қырғын болғанмен,
Алладан күдер үзбеңдер.
Ақиқаттың ақ жолын,
Құраннан ғана іздеңдер.
Адастырмас әмәнда
Имандылықтан безбеңдер.
Пендешілікпен шайтанның
Азғыруына көнбеңдер, – деп жауап бе­ріп­ті.
Кезінде телерадио дикторы болған, ардагер журналист Ахат Жанаев ақсақал Беркінбай бабамыздың көпшілікке бата берген дауысын 1975 жылы үнтаспаға жазып алған екен.
Мерейтой аяқталуға жақындағанда әруаққа құран бағышталады. Осы сәтте Тынымбай ағайдың режиссерлік фантазиясы халықты тағы да баурап алады. Асқа жиналған халық тарқасатын сәт жақындағанда микрофон іске қосылып Беркімбай кәлпенің үнтаспаға жазылған ­дауы­­­­сы Ақбөгет бойына тарап кетеді. Тосыннан кәлпе дауысын ести қалған жұртшылық қауым, әсіресе, кәлпенің көзін көріп, дауысын естігендер аңтарылып қалады. Әйел кісілер көздеріне жас алса, ер азаматтар Беркінбай бабалары тіріліп келгендей күй кешіп, үлкен толғаныста болып, бабамыздың батасына қолдарын жая, ұйып отырып тыңдап қалысады. Сол бата үзіндісін оқырман қауымға ұсынғанымыз артықтық етпес:
...Қауіптен, қатерден, апаттан сақтасын.
Дұшпанға пенде қылмасын,
Халқымның дастарханы кенде болмасын.
Екі дүниенің абатшылығын берсін,
Алла тілегімізді қабыл алсын!
Сол күні Беркінбай кәлпе Бекниязұлы асына жиналған жамиғат дұғада болып, кеуіл­дері жадырап, рухани дүниелері байып­ қайтқан болатын.

Марат Ақмырзаұлы,
музей қызметкері.

20 сәуір 2019 ж. 1 508 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930