«ТРАКТОРШЫ ҚАРЛЫҒАШТАР»
«Адамды адам еткен – еңбек», «Әлемнің әміршісі – еңбек». Бұлар өткен ғасырда еңбек даласын жаңғыртқан ұрандар еді. Расында, өткен ғасырдың бел ортасында қалада да, далада да көптеген жұмыстар қолмен атқарылды. Әсіресе, ауыл шаруашылығы өркендеген алпысыншы-жетпісінші жылдарда ауылдарда еңбектің қызу да, қарқынды майданы жүрді. Қол күшінен техникаға ауысқан кеңшарларда жаңадан келіп жатқан ауыл шаруашылығының ауыр көліктерін жүргізетін мамандар тапшы еді. Сондықтан, жер-жерде мектеп бітірген жастар арнайы курстардан өтіп, қолдарына жүргізуші куәліктерін алды. Солардың ішінен арнайы қыздар бригадасы жасақталып, бұрын ер азаматтар ғана тізгіндеген тракторларды енді қылқандай қыздар да жүргізетін болды және олар да ер азаматтармен бірге күні-түні совхоздың сыртқы жұмыстарында жүрді. Солардың ішінен Кәмшат Дөненбаева, Жадыра Таспамбетова сынды Социалистік Еңбек ерлері шықты. Олар өздерінен кейінгі қазақстандық жастарға үндеу жариялап, жас қыздарды жаңа заманның келбетін еңбекпен әрлеуге шақырды, өздерінің жолын үлгі етті.
Жуырда Бұқарбай батыр ауылының мәдениет үйінде «Тракторшы қарлығаштар» атты өткен ғасырдың бір буын тракторшы қыздарымен кездесу өтті. Бұқарбай батыр ауылдық округі әкімшілігінің ұйымдастыруымен өткен шараға мұрындық болған аталған ауылдың түлегі, сол кезеңдегі капиталды құрылыстың мастері, кейінірек комсомол ұйымының хатшысы, Калинин совхозы директорының орынбасары қызметтерін атқарған, ал, бүгінде заң саласының ардагері атанған, қаламгер Мейрам Аухатов.
Кездесудің басты қонақтары жетпісінші жылдары темір тұлпарды тақымдап, ауылдың өркендеуіне үлес қосқан тракторшы қыздар өз сөздерінде шараны ұйымдастырып отырған азаматтарға алғыстарын жеткізіп, қызу еңбектің бел ортасында өткен жастық шақтарынан үзік-үзік естеліктер айтты.
«Ол кезде біз жиырмаға да толмаған гүлден нәзік қыздар едік. Алғашқыда тракторды оталдыруға да жүрексінетінбіз, көп өтпей-ақ темірдің тілін меңгеріп алдық. Ол уақыттарда кеңшардың жұмысы таңнан кешке дейін бір тынбайды. Егіс алқаптарының қым-қуыт тіршілігі, сырттағы малшыларға жем-шөп тасымалдау жұмыстары тракторшыларға жүктеледі. Талай мәрте көлігіміз бұзылып, жолда қалған кездеріміз де болды. Неше алуан қызықты да, қиын оқиғалар басымыздан өтті. Бірақ, мойымадық, ауылымыздың өркендеуі үшін соның барлығына төзе білдік. Одан жаман болғанымыз жоқ, сол еңбек бізді ширатты, алдағы өмірімізге тәжірибе болды. Әсілінде, елге қызмет етудің белгілі бір деңгейлік дәрежесі болмайды екен. Әкім болсаң да, тракторшы болсаң да еліңе қызмет ете аласың. Тек әрбір адамда өз жұмысына деген жауапкершілік және еліне, туған жеріне деген сүйіспеншілік болуы керек екен», – дейді кездесуге келген сол кездің тракторшы қыздары. Иә, трактордың рулінде отырып, ауыр жұмыстар атқарған сол қылқандай қыздар бүгінде ардақты анаға, өнегелі әжеге айналған. Олардың еңбекпен өткен жастық шақтары мен өмір жолдары кейінгі ұрпаққа үлгі. Айта кетейік, батыр ауылының гүлденуіне үлес қосқан тракторшы қарлығаштардың көбі бүгінде өмірден озған. Кездесу барысында ауыл тұрғындары оларды бір минут үнсіздікпен еске алып, рухтарына тағзым етсе, құрбылары олардың бойындағы адамгершілігін, отанға деген сүйіспеншілігін, адалдығын айтып, көздеріне жас алды.
Экраннан бейнекөрініс арқылы жетпісінші жылдардағы тракторшы қыздардың суреттерімен бірге сол кезде еңбек адамдарына рухани қолдау көрсетіп, көңіл-күй сыйлаған «Құрдастар» ансамблінің құрамы да халықпен қауышты. Аталған ансамблдің құрамында болған Мейрам Аухатов өз сөзінде:
– Қай қоғамның да өз адамдары болады. Менің және замандастарымның жастық шағы кеңестік кезеңде өтті. Қал-қадірімізше жаңа қоғамды қалыптастыруға үлесімізді қосып, аянбай қызмет қылдық. Елден шалғай жүрсек те әлі күнге өзіміздің туып-өскен ауылымыз естен бір сәт шықпайды. Бүгінгі кездесуді де сол кешегі еңбек адамдарын дәріптеп, олардың еңбек жолдарын кейінгі буынға үлгі қылу деп білемін. Сонымен бірге, сол жылдары аудан мәдениеті, аудан руханияты бір белеске көтерілді. Аудандық мәдениет үйі жанынан «Алтын Арай» ансамблі құрылып, одақ көлемінде танылды. Сол секілді әрбір ауылдан осындай ансамбльдер құрылып, ел руханиятына қызмет етті. Солардың бірі жетпісінші жылдары Калинин совхозынан құрылған «Құрдастар» ансамблі еді. Ансамбльдің құрамында болған жігіттер мен қыздардың бүгінде басы бүтін емес, көбі өмірден озған, ал, енді біреулері өзге өңірлерге қоныс аударған. Сондықтан, біздің бүгінгі басқосудағы мақсатымыз – кешегі бір дәуірдің іргесін қалауға үлес қосқан аяулы жандарды еске алу шараларын ұйымдастыру арқылы кейінгі жас ұрпаққа өнеге беру еді, – дейді М.Аухатов.
Кездесу барысында ақсақалдар сөз алып, кеңес тұсындағы ауыл адамдарының жанкешті еңбектері жайында айтса, кеш қонақтары Асылтас Қайырденова, Роза Көшекбайқызы, Болат Мырзағалиев өткізілген рухани шараның жастарға берер тағылымы мол екенін жеткізіп, кездесудің өтуіне ұйытқы болып, алыстан ат арытып келген Мейрам Аухатовтың иығына қазақы жолмен шапан жапты. Ал, ауылдық мәдениет үйінің өнерпаздары тракторшы қыздарға ән арнап, күй төкті.
Қ.АХЕТОВ.