ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСТІ
Аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Қаракеткен және М.Шәменов ауылдық округінің жастарымен кездесу өтті.
Кездесу барысында орталықтың бөлім басшысы Н.Серәлі жастар саясатының жүзеге асырылуы барысымен және Жастар жылын атап өтудің кешенді іс-шаралар жоспарымен таныстырды.
Сонымен қатар аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының маманы А.Сағындық кәсіп бастаушы жастарға қайтарымсыз грант, кәсіпкерлерге 6 пайыздық үстемемен несие беру, қысқа мерзімді оқыту бағдарламаларын түсіндірді.
М.Шәменов ауылындағы шарада жастардың ұсыныс-пікірлері де ескеріліп, қайтарымсыз грант алуға 8 жұмыссыз жас ниетті екенін білдірді. Ал бала күтіміндегі жас аналар «COWORKING» орталығына келу арқылы өзіне-өзі қызмет көрсету бөлмесінің көмегін пайдаланатын болды. Сондай-ақ «Zhas project» жобасы бойынша жеңімпаз атанған 1 жас қайтарымсыз грант арқылы кәсібін жалғастыруға мүмкіндік алды.
– Қаракеткен ауылдық округінің жастарымен пікір алмасу барысында жастардың ұсыныстары тыңдалып, нәтижесінде кешкі мезгілде спорт алаңында тұрақты спортпен шұғылдануы үшін жұмыс кестесі бекітілді. Енді ауыл жастары бұл уақытта спорт нұсқаушысымен жұмыс жасайтын болады. Қыздар үшін тігін үйірмесін ашу және тұрақты түрде жұмысын жүргізу ұсынылды. Ауыл жастары «COWORKING» орталығына келіп, қажетті ақпараттар алуға және бос уақытын тиімді өткізетін болып келісілді. Жазғы демалыс уақытында ауыл жастарына арналған арнайы іс-шара жоспары бекітіліп, түрлі бағытта шаралар ұйымдастырылатын болады, – дейді жастар ресурстық орталығының мамандары.
Мұнан соң «NEET» санатындағы жастармен адрестік жұмыстар жүргізіліп, үнпарақтар таратылды. Алдағы уақытта да жастармен пікір алмасу, мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау шаралары жүргізілетін болады.