КӨРЕРМЕН КӨҢІЛІН КҮЛКІМЕН КӨМКЕРДІ
"Ел іші – өнер кеніші". Мәдениет пен өнер саласы жыл өткен сайын дамып келеді. Бұған ел-жұрт ауылда туып, үлкен сахналарға жарқырап шыққан жас өнерпаздарды көргенде көз жеткізіп келеді. Өнер – қай жерде де өнер. Өнердің тілі ортақ. Ұлтқа, нәсілге бөлінбейді және сол секілді шын өнерпазға ауыл клубы мен үлкен сахнаның да айырмашылығы жоқ...
Жаңадария ауылдық мәдениет үйі жанынан құрылған "Әзілизация" әзіл-сықақ отауы бірнеше жылдардан бері өздерінің қалжың-қоржынындағы қойылымдары арқылы көрерменнің көңілін күлкімен көмкеріп келеді. Жаңадария ауылдық клубының басшысы Р.Көшеров жетекшілік ететін "Әзілизацияның" әзілдері астарлы, күлдіре отырып көрерменге ой салады, қоғамдағы кейбір келеңсіздіктерді келемеждеп, сын тезіне алады. Ауылдан шыққан "Әзілизацияның" өнер жолында жеткен жетістіктері көп. Мәселен соңғы бес айдың ішінде: Қазалы ауданында өткен республикалық "Арт.Қазақстан" жобасында "Актерлік шеберлік" жанры бойынша бас жүлде иеленсе, Қызылорда қаласындағы "Мереке-думан" әзіл-сықақ отауының 30 жылдығына арналған республикалық өнер фестивалінің Дипломанты атанды. Сонымен бірге "Бейбітшілік әлемі" Халықаралық Қазақ Творчестволық Бірлестігі Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламасы бойынша ұйымдастырған өнер фестивалінде "Актерлік шеберлік" жанры бойынша Бас жүлде иеленген.
Аталған әзіл-сықақ отауы жуырда ғана Арал ауданында өткен Қазақ сатирасына елеулі үлес қосқан, "Тамашаның" тарланы, таланатты актер Қ.Сұлтанбаевтың шығармашылық өнер жолын насихаттауға арналған "Күлкі-думан" атты әзіл-сықақ отауларының облыстық байқауында жүлделі ІІ орынды иеленіп, аудан мәдениетінің мәртебесін биіктетті. Қызылорда қаласынан және барлық аудандардан 9 өнер ұжымы қатысқан байқауда бағы жанған "Әзілизацияның" өнерін қазылар да жоғары бағалап, көрермен де зор қошемет көрсетті.
Қуат АДИС