АТБЕГІЛІК – АТА-БАБАДАН ҚАЛҒАН АМАНАТ
Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан таралғаны, жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болғаны айтылады. Шынымен де Ұлы даламызда ежелгі көшпенділер дәуірінде дала өркениеті қарыштап дамығанын тарихтан білеміз. Ата-бабамыз ежелден күнкөріс көзі етіп салт-дәстүр, мәдениетіне жатқызған атбегілік, аңшылық, құсбегілік кәсіп қазақтың ұлттық мәдени-рухани, әлеуметтік-материалдық құндылығы болып табылады. Еліміздің Солтүстік өңіріндегі ерте дәуірге жататын «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді. Демек, біздің бабаларымыз атбегілік өнерді ең алғаш меңгеріп, қыран құс ұстап, құсбегілікпен аңшылық кәсіпті кие тұтқаны айдан анық. Қазақ халқы «Ер қанаты – ат» деп жылқы малын жеті қазынаға қосып, сенімді серігіне балаған.
Қазақ әуелден ат баптап, оны бәйгеден оздырған атбегілердің еңбегін ерекше бағалап, құрмет тұтқан. Әрине ер қанаты арғымақ ат құлағында ойнаудың өзі үлкен өнер. Шүкір, бүгінде елімізде ұлттық ат спорты дамып, жыл өткен сайын ат бәйгелері ұйымдастырылып келеді. Ат болатын құлынды ерте танып, жаратып бәйгеге қосатын кәнігі атбегілер де аз емес. Ат жаратушылар ата-бабаларынан бері жылқыны қадірлеп қасиетін түсінген кісілер арасынан шыққан. Міне, солардың қатарында Жалағаш ауданының құрметті азаматы, Бұқарбай ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Нұрмағанбетов он сегіз жылдан бері ат баптап, бәйгеге қосып келеді. Жуырда ардагер ағамен кездескенімізде ұлттық ат спорты және жетістіктері жайлы әңгіме өрбітті.
Қазақ әуелден ат баптап, оны бәйгеден оздырған атбегілердің еңбегін ерекше бағалап, құрмет тұтқан. Әрине ер қанаты арғымақ ат құлағында ойнаудың өзі үлкен өнер. Шүкір, бүгінде елімізде ұлттық ат спорты дамып, жыл өткен сайын ат бәйгелері ұйымдастырылып келеді. Ат болатын құлынды ерте танып, жаратып бәйгеге қосатын кәнігі атбегілер де аз емес. Ат жаратушылар ата-бабаларынан бері жылқыны қадірлеп қасиетін түсінген кісілер арасынан шыққан. Міне, солардың қатарында Жалағаш ауданының құрметті азаматы, Бұқарбай ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Нұрмағанбетов он сегіз жылдан бері ат баптап, бәйгеге қосып келеді. Жуырда ардагер ағамен кездескенімізде ұлттық ат спорты және жетістіктері жайлы әңгіме өрбітті.
Алдымен жүйрік жылқыны баптап, бәйгеге қосудың қыр-сырын, қиыншылықтарын кеңінен тарқатқан ол бізді біраз мағлұматқа қанықтырды. Он сегіз жылда әртүрлі деңгейдегі жарыстарға 106 рет ат қосқан кейіпкеріміздің 92 рет аты бәйгеден бірінші келіпті. Ол өзі зейнеткерлікке шыққан соң денсаулығына байланысты жеке шаруашылық жұмысын балаларына сеніп тапсырыпты. Жасы келген соң бүгінде ат ұстап, оны жаратуға шамасы келе бермейді. Сол себепті 2019 жылдан бері атбегілік кәсіпті де балалары мен немерелері жалғастырып келеді. Шүкір, заман талабына бейімделген олар ата-баба салтымен жүйрік ат ұстап, айтарлықтай нәтижелерге жетіп жүр. Мәселен, кенже баласы Батырбек Нұрмағанбетовтың Самұрық деген күрең қасқа тайы мен Бақторы атты тайы және інісі Қалдыбек Оспанқұловтың Баққара атты құнаны өткен жылы облыс көлемінде 12 жарысқа қатысып, он екі бәйгеде де екі тай, бір құнан оқ бойы озып бірінші келген. Сондай-ақ Нұрмағанбет Оспанқұлов әулеті баптап жаратқан арғымақтар жыл қорытындысымен облыстық ат спорты федерациясы белгілеп ұйымдастырған үш кубогтың екеуін иеленіп, жеңімпаз атанды. Бәйгелерге қатысқан екі тайды баптап, дайындап жүрген немересі Қабылбек Рамазан Сұлтанбекұлы, екі тай, бір құнанға шапқан шабандоз немересі Қабылбек Дінмұхаммед Әлімбекұлы екен.
Биыл, яғни берекелі сиыр жылы да бұл әулет үшін сәтті басталыпты. Жуырда Қармақшы ауданына қарасты Ақай ауылынан ақжолтай хабар жетті. Онда 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні ұйымдастырылған аламан бәйгеде Баққара атты тұлпар бірінші келіп, бас бәйгені жеңіп алса, ал құнан бәйгеге қатысқан Самұрық атты сәйгүлік үшінші жүлделі орынды иеленіпті. Осы әулеттің бәйге аттарын жарыстарға қатыстырып, жағдай жасап ұйымдастырып жүрген баласы Әлімбек Нұрмағанбетов екенін айта кеткен жөн. Балалары мен немерелерінің атбегілік кәсібін, ат жаратып бәйгеге қосқан жетістіктерін жеткізіп бір желпініп алған Қабылбек аға “Жылқыға деген сүйіспеншілік пен құрмет, атбегілік кәсіп ата-бабадан жалғасып келе жатқан аманат” деп әңгімесін одан әрі сабақтады.
– Менің атам Оспанқұл Байжанұлы Күнімкүл әжеме үйленгеннен кейін отбасында Қатира, Ұлтуған, Ұлмекен, Ұмсынай есімді қыз балаларды дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірген. Бір кем дүние ғой, атам мен әжем әулие-әмбиелерді жағалап, шаңыраққа ие болар бір ұл берсе екен деп Аллаға жалбарынып жүреді екен. Түс көрді ме, әлде аян берді ме кім білсін, бір күні атам Қызылорда қаласына барып, базар аралап мал қарапты. Көп жылқының ішінен қара көкқасқа тайға көзі түсіп сатып алады. Сосын ұсталарға барып жас бала мінетін ер соқтырады. Сол тайды бас білдіріп, ерттеп есіктің алдына байлап қояды екен. Қазақ деген ырымшыл халық емеспіз бе, мұндағы мақсат ер қанаты – ат, ер тоқым – киелі дүние, Алла тілегімізді берсе, ұл сүюге себеп болады деп сенген. Көкқасқа тай құнан шыққан жылы әжеміз аман-есен босанып, ұл туып, әкемнің атын азан айтып Нұрмағанбет деп қойған. Одан кейін көп ұзамай бесінші қыз дүниеге келген. Атамыз ұлды алтынға балап, әкемнен кейінгі кенже қыздың есімін Күміс деп қойған екен.
Ақсақал терең ойға батып барып, сөзін әрі жалғады.
– Әкеміз Нұрмағанбет жеті жасқа келгенде атам «Алла сені аттан түсірмесін, ел үшін еңбек ететін ер бол. Атқа мінетін ұрпағың көп болсын» деп батасын беріп, ырымдап алған көкқасқа тұлпарға мінгізіпті. Атамның тілегі қабыл болды ма, Нұрмағанбеттен Кәжденбек, Әнуарбек, Раушанбек, Қабылбек, Әлібек, Әділбек, Қалдыбек деген балалар дүниеге келді. Әкем аттың құлағында ойнаған шабандоз еді. Кез келген атты баптап, жаратып, жабдығын сайлап мінетін. Сол кездері жүген, ер-тоқым, құйысқан, үзеңгі, арнайы ұсталар жасаған күмістелген әбзелдер болатын. Атқа тұмар тағып, тобылғы сапты өрімді қамшы ұстайтын. Жаз айларында шегеленген мәсі, ақ киімдер тіктіріп кисе, қыста саптама етік, қасқыр ішік, түлкі тымақ киіп жүретін. Әкем бәйгеге ат қосып, көкпар да тартатын. Қармақшы, Жалағаш, Тереңөзек аудандарында малшылар тойында ат қосып, бірнеше рет бас бәйгені жеңіп алғаны әлі есімде. Сол кездері қаракөк бәйге атына мен шабатынмын.
Әкемді жүйрік құмай тазы ұстап, аңшылық кәсіппен айналысқан қатты қызықтыратын. Біздің үйде бірге тұратын Ұшар, Құмай, Лашын атты тазылары болды. Әшекейлі қарға баулары бар. Өздері сүйкімді, тәртіпті, төсегін қай жерге барып салсаң, сол жерге барып жатады. Далаға шығатын кезде есікке барып дыбыс береді. Қансонарда әкем тазылармен аң аулауға шығып қоян, түлкі алып келетін. Осы күні інім Қалдыбек таза тазы тұқымын ұстайды. «Баққараны» мініп, тазыларын ертіп, саятшылық жасайды. Балалары да осы кәсіппен айналысып келеді. Әкем Нұрмағанбеттің домбыра шертіп, ән салатын өнері де бар еді. Жұбанұлы Шоңбайдың өлеңмен жазылған шежіресін, Балқы Базар, Шораяқтың Омары, Тұрмағанбеттің жыр-термелерін жатқа айтатын. Ауданның игі жақсыларының бастары қосылған жиындарда атбегілік, аңшылық-саятшылық кәсіптің қызықты сәттерін әңгімелеп отырушы еді. Өмірді көрген, көкірегі шежіре, қадірменді әкеміз салт-дәстүрімізді, ұлттық өнерімізді насихаттап жеткізген өз заманының жаршысы болатын.
Жасы келіп қартайған шағында әкем Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) хадисінде жылқының кекіліне ақыретке дейін жақсылық, құт-береке байланғаны жайында айтылғанын жеткізіп, бәйге ас-тойларда шабылатынын, бәйгеге ат қосқан адам елге қуаныш, той тілейтінін, ұлттық спортқа ат жаратып қосу адам денсаулығының кепілі екенін айтты. Сосын “Сен бәйгеге шаптың, мал маманысың, ендеше неге ат ұстап бәйгеге қоспайсың?” деп сұрады. Бұл сауалды күтпеген мен үнсіз мүдіріп қалдым. Бірақ бәйгеге ат жаратып қосуды әкем қайтыс болғаннан кейін бастадым.
Шүкір, әруақ қолдап, абырой беріп, он сегіз жыл әртүрлі жарыстарға ат қосып бәйге алыппын. «Атадан бала туса игі, атаның жолын қуса игі» деген ғой, балаларым мен немерелерім атбегілік өнерімді жалғастырып, бәйгелерге қатысып, жақсы жетістіктерге жетіп жүргені көңілге қуаныш ұялатады. Аттарды бәйгеге қосуға барлығы бірдей жұмылып атсалысады. Солардың бірлігін, берекелі тірлігін көріп сүйсінемін. Әке аманатын орындап жүрген осындай ұрпақ берген Аллаға мыңда бір алғыс айтамын, – деп ардагер әңгімесін аяқтады.
“Жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазы,
Жігіттің бұған құмар өнерпазы” деп қазақ ауыз әдебиетінде жырланғанындай, ұлттық өнеріміз бен дәстүрімізді дәріптеп, насихаттап жүрген Оспанқұлов Нұрмағанбет әулетіне бәйгеге қосқан аттарының бабы мен бағы қатар жанып, абыройы асқақтай берсін деген тілек білдірдік.
Серік БЕРТАЕВ,
ардагер журналист
ардагер журналист