» » Жол картасының орындалуы талқыланды

Жол картасының орындалуы талқыланды

«Nur Otan» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында «Өңірді дамыту және «жастарды қолдау» жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиынға Жалағаш аудандық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі Қаншагүл Мұстафаева төрағалық етті.

Қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен өткен жиын­ның күн тәртібінде «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» атты «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының ау­данда іске асырылу барысы жөнінде үш мәселе қаралды.

Жалағаш ауданындағы жол картасының орын­­далуы жайлы аудандық тұрғын үй-ком­му­налдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас ма­маны Болатбек Сығайбаев баян етті.

Оның айтуынша, ауылдық елді мекендердің электр жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ-ның жарғылық қорын ұлғайтуға облыстық бюджеттен 2019- 2020 жылдары барлығы 372,6 млн теңге бөлінген. Сол қаржыға 2019 жылы Аққыр және Жаңадария, 2020 жылы Мәдениет, Аққұм, Жаңаталап ауылдарының, биылғы жылы Бұқарбай батыр елді мекенінің электр жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, пай­далануға берілген.

Алдағы уақытта облыстық бюджеттен қар­жы бөлінсе, Т.Жүргенов, Қаракеткен, Ақсу елді мекендерінің электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілмек. Сонымен қатар, биылғы жылы Бұқарбай батыр, Еңбек, Аққұм, Есет батыр ауылдарының көшелерін жарықтандыру да қолға алынбақ.

– Сондай-ақ, кенттегі А.Құнанбаев, Әйтеке би, Бұқарбай батыр, Желтоқсан көшелерін жарықтандыру жұмыстарына «Ауыл-Ел бесігі» жобасы аясында республикалық бюджеттен 114,0 млн, аудандық бюджеттен 8,3 млн теңге қаржы қаралды, – деді хабарламашы.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағ­дарламалар және азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бақытбек Нұрмахановтың есебі тыңдалды.

Баяндамашының айтуынша, жыл басы­нан бері 785 жас «Еңбек» мемлекеттік бағ­дарламасы шеңберінде жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылған. Атап айт­қанда, жұмыссыздардың 4-уі кәсіптік, 56-сы кәсіпкерлік негіздерін оқытуға жіберіліп, 7 адам өз кәсібін ашуға шағын несие алған. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 28 адамға 583 мың теңгеден қайтарымсыз гранттар таратылған. 18 жұмыссыз әлеуметтік жұмыс орындарына, 243-і жастар тәжірибесіне, 157-сі қоғамдық жұмысқа тартылып, 263-і тұрақты жұмысқа орналасқан.

– Биылғы жылдан бастап жастарды қолдау мақсатында «Алғашқы жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімі» мемлекеттік қолдау шаралары жүзеге асырылуда. «Алғашқы жұмыс орны» жобасы алғаш рет жұмыс іздеп жүрген түлектерге арналған. Бұл ретте, жұмыс беруші қатысушыны кемінде жиырма төрт айға тұрақты жұмыс орнына жұмысқа орналастырады. Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыстың бірінші жылы үшін еңбекақыны субсидиялайды.

Ал, «Ұрпақтар келісімі» жобасы бойынша жұмыс іздеп жүрген адамдарды зейнеткерлік жасқа жеткен жұмыс істеп жүрген жұмыскерді кейін ауыстырумен жұмысқа орналастыруды көздейді. Бұл ретте, жұмыс беруші қатысушыны кемінде он сегіз айға тұрақты жұмыс орнына жұмысқа орналастырады, халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыстың алты айы үшін еңбекақы төлеуді субсидиялайды, – деді ол.
Басқосуда қаралған үшінші мәселе бойынша аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің әдіскері Әділхан Алдабергеновтің есебі тыңдалды.

Оның айтуынша, жастарға және аза­маттардың әлеуметтік осал топтарына, жеке инвестицияларды тарту есебінен қолжетімді тұрғын үй құрылысын салуға үстіміздегі жылы еліміздің ұлттық қорынан аз қамтылған көпбалалы отбасыларға баспана сатып алу­ға қаржы бөлініп, бүгінде 20 тұрғын үйді сатып алу шарттарына жұмыс жасалуда екен. Жетекші партия бағдарламасында көрсетілген кенттегі «Ақтерек»-170 гектарға әзірленген түбегейлі жоспарлау жобасына инженерлік-инфрақұрылым жүргізу мақсатында жоба-сметалық құжаттар әзірлеуге және мемлекеттік сараптамадан өткізу үшін тиісті қаржы бөлініп, су, газ, электр желісі мен автомобиль жолдарына жоба әзірленіп жатқандығын тілге тиек етті ол.

Жиын барысында құзырлы орын өкілдеріне комиссия мүшелері тарапынан сауалдар қойылып, оған нақты жауаптар алынды.

Г. ҚОЖАХМЕТОВА


24 тамыз 2021 ж. 996 0