Алтын, күміс, қола
Қазір спорт саласына айрықша көңіл бөлінуде. нәтижесінде саңлақтар дүбірлі додаларда Қазақстанның көк байрағын желбіретуде.
Кент орталығындағы №13 олимпиадалық резервтің балалар мен жасөспірімдер мектебінің жас спортшылары Арайлым Оразбай, Тілеген Тынарбай, Жайдарбай Есенов дүбірлі додаларда топ жарып, аудан абыройын тағы бір мәрте асқақтатты.
Жалағаштық жас спортшы Арайлым Оразбай 12-15 қыркүйек аралығында Индияның Дели қаласында самбо күресінен өткен Азия чемпионатында 80 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, алтыннан алқа тақты. Сондай-ақ ол жуырда Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында самбо күресінен өткен Әлем чемпионатына қатысып, ел қоржынына қола салды.
Самбодан спорт шебері атағына ие болған Арайлым Оразбай жақында тағы бір жарыстан олжалы оралған еді. Алматы қаласында өткен самбодан және Қостанай қаласында қазақ күресінен ҚР чемпионатында І орынды, дзюдодан Атырау қаласында өткен ел чемпионатында және Алматы қаласында ұйымдастырылған Азия кубогінде ІІІ орынды иеленді.
Солтүстік Кореяның астанасы Пхеньянда ауыр атлетикадан жасөспірімдер мен жастар арасында Азия чемпионаты өтті. Дүбірлі бəсекеде жерлесіміз Есенкелді Сəпи күміс жүлдені иеленді.
Ол 81 келі салмақта өнер көрсетіп, жұлқа көтеруде 125, серпе көтеруде 165 келіні еңсеріп, қоссайыс қорытындысы бойынша 290 келіні көтерді.
Ел намысын қорғап, аудан абыройын асқақтатып жүрген жас спортшы бұған дейін ауыр атлетикадан Лос Анджелесте өткен әлем чемпионатында І орынды жеңіп алғанын да айта кеткен жөн.
***
Жерлесіміз Тілеген Тынарбай дзюдо күресінен Словения елінде өткен Еуропа кубогінің чемпионы болды. Жас палуан бұған дейін Алматы қаласында дзюдодан жасөспірімдер арасында өткен Әлем чемпионатында қола жүлдені иеленді.
Сонымен бірге ол Тараз қаласында дзюдодан өткен ҚР чемпионатында, Ташкент қаласындағы және Алматы қаласындағы Азия кубогінде жүлделі І орынды жеңіп алды. Биылғы шілде айында Тайпейде жасөспірімдер арасында Азия чемпионы атанды. Жас спортшы келесі жылдан бастап жастар арасында жарыстарда өнер көрсетуді көздеп отыр.
Қазіргі таңда спорт мектебінде 28 жаттықтырушы спорт түрлері бойынша жұмыс жасайды. Барлық үйірмелерге 849 спортшы қатысса, оның ішінде 30 спортшы бірінші разрядты, 163 спортшы спорт шеберіне үміткер және 3 спорт шебері бар. Мұндағы жаттықтырушылар аудан спортын дамыту жолында аянбай жұмыс жасап, нәтижеге қол жеткізу бағытында тер төгіп келеді.
Н.ҚАЗБЕКОВ