СОЛТҮСТІКТЕ СӘТТІ ӨНЕР КӨРСЕТТІ
Қазір жалағаштық бір жас өрен спорт саласындағы үлкен сайыстарда топ жарып жатса таңқалмайтын болдық. Апта сайын аудан абыройын асқақтатып жүрген олар сенім үдесінен шығуда. Кеше ғана Есет батыр ауылында екі қарындасымыз облыс намысын қорғаса, бір ініміз ауыр атлетика бойынша әлем спортшыларын бағындырды.
Айтып ауыз жиғанша тағы бір талапкеріміз Азия біріншілігіне жолдама алды. Ал, Мәдениеттегі қос азаматтың былғары қолғап шеберлері арасындағы олжасын өткенде ғана айтқан едік. Жалпы, жастардың спортқа, өнерге деген құлшынысы бар. Қолдау да жоқ емес. Нәтижесін басылымның әр нөмірін қолына алған көзі қарақты оқырман байқап жатқан шығар. Газетіміздің кезекті нөмірін әзірлеп жатсақ, жалағаштық спортшылардың топ жарғанын естіп, қуанышты жаңалықты оқырманмен бөлісуге асығамыз. Бүгін тағы «Наркескен» спорт клубынан ақжолтай хабар келді.
Қостанай қаласында гір спортынан ел біріншілігі өтіпті. Кіл мықтылар іріктелген білектілер арасындағы тартыста жерлесіміз Ерасыл Бахтиярұлы облыс намысын қорғауға бел буған еді. 95 келі салмақта сынға түскен жерлесіміз №202 орта мектептің биылғы түлегі. Солтүстікте сәтті өнер көрсеткен жас өрен күміс жүлдемен оралды. Енді алдағы сайыстарда жерлесіміз қолдағы медальды алтынға айырбастауға бел буып отыр. Жоспары да жоқ емес екен.
– «Наркескен» спорт клубының гір спорты үйірмесіне 2017 жылдың ақпан айында қабылдандым. Гір спорты ауданда кенжелеп қалған спорт түрлерінің бірі болатын. Қазір жастарды спорттың бұл түріне баулу қарқын алуда. Алдағы сайыстарда алтынға қол жеткізуді жоспарлап отырмын. Бұл жеңіс бірінші кезекте бапкерімнің еңбегі деп білемін. Спорттың бұл түрі сырттай таныс адамдарға жәй ғана ауыр затты көтеру болып көрінуі мүмкін. Алайда, қолды талдырмай оны ұзақ серпудің де өзіндік тактикасы бар. Тек оны еркін меңгеру қажет. Біздің үйірмеде оның бәрі қатысушыларға жетік түсіндіріледі, – дейді жеңімпаз.
Расында, ауданда гір спорты соңғы жылдары бәсеңдеп қалған еді. Осы орайда 2016 жылдың қыркүйек айынан бастап «Наркескен» спорт клубында аталған спорт түрін дамыту мақсатында үйірме ашу қолға алынды. Сол уақыттан бері Абдулхасан Сейтеновке гір спортының аға жаттықтырушылық міндеті бекітілген болатын. Жас маман жұмысқа араласқанына аз болса да, осындай жеңімпаздарды шынықтырып келеді. Шәкіртінің алғашқы аяқ алысы жаман емес. 250-ге жуық спортшының арасынан оза шапқан мақтанышымыз әлі талай додада топ жарады деп үміт артамыз.
Ерлан СОЗАҚБАЕВ.