Екі майданның ері
Еңбек және соғыс ардагері, бұрынғы партия қызметкері, соғыстан кейінгі ауыр жылдары Жалағаш ауданындағы екі колхоз төрағасы, қос мекеме басқарған, №15 кәсіптік техникалық училищенің материалдық техникалық оқу базасының нығаюына елеулі үлесін қосқан Әсейбілда Тайбасаров жайында бірі білсе, бірі білмейді. Ал өмірі өнегеге толы атпал азаматтардың саналы ғұмырын кейінгі буынға үлгі ету – бізге міндет.
Әсейбілда Тайбасаров сол оқу орнының директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары болып, өмірінің соңына дейін училищенің оқу шаруашылығын басқарды. Жалағаш ауданының өсіп-өркендеуіне де елеулі еңбек етті. Мен атпал азаматтың өмір деректерін, соғыстағы, бейбіт еңбектегі қажырлы жұмысын жинақтадым. Ол кісімен қызметтес болған екі-үш адаммен кездесіп сөйлестім. Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасынан архивтік мәліметтер алуға да қол жеткіздім.
Әсейбілда Ізімбайұлы 1917 жылы бұрынғы Карл Маркс ауылдық кеңесіне қарасты Қызыл Ту колхозында (қазіргі Бұқарбай батыр ауылы) қарапайым шаруа отбасында туған. Дүниені дүр сілкіндірген Қазан төңкерісінің құрдасы. Жаңа қоғамның талабына сай ауылдағы бастауыш мектепті бітірген.
1929 жылдан бастап колхозға мүше болып еңбекке араласа бастайды. Қызыл Ту колхозының мүшесі, колхозда есепші, колхоз төрағасының хатшысы болып жұмыс атқарған. 1934 жылдың қыркүйек айында Қызылорда қаласындағы екі жылдық педкурсқа түсіп, оны 1936 жылы бітірген.
1936 жылдан 1939 жылдың қыркүйек айына дейін Қызыл Ту колхозындағы бастауыш мектепте мұғалім болып ұстаздық қызмет атқарды. 1939 жылдың қыркүйек айында Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге аттанды.
Атақты “Моноргейм” бекінісін алудағы қырғын шайқасқа Әсекең де қатысқан. Әлі де финдермен болған соғыс тарихи, саяси тұрғыда толық зерттелмей, оқырмандарға жете бермеген себеп-салдарына түсінік беруді жөн көрдім.
Кеңес одағы Солтүстіктегі көршісі финдермен өзара көмектесу ұсынысы бойынша Балтық теңізіндегі Хонко портын Кеңес одағына 30 жылға жалға беруін, оның орнына жер көлемі екі есе көп Кореяны және Балтық теңізінде бірнеше аралдарды финдерге беруге қойған талабына фин үкіметі келісім бермеді. Оның үстіне Герман фашизмі 1939 жылдың 1 қыркүйегінде Польшаны басып алып, Вермақтың бақайшақтарына дейін қаруланған армиясы Кеңес одағы шекарасына жақындай түскен еді. Германиямен келісімге келген финдер одақтастарына сенімді болатын.
Революция бесігі болған Ленинград, финдерден небәрі 32 шақырымда болатын Кеңестер одағы оларды әрі жылжытты. Мақсаты Балтық теңізінің Корелия мойнағындағы Хонко портын солтүстік шекараны теңізден қорғау болатын. Кеңестер Одағы талаптарын орындамаған финдерге 1939 жылдың 30 қарашасында майдан ашуға мәжбүр болды. Нәтижесінде Қызыл армия орасан адам шығынымен Ленинградтан 32 шақырым қашықтағы шекараны мақсатты межеге дейін жеткізді. Хонко порты 30 жылға жалға алынып, 1940 жылдың 12 наурызында екі мемлекет бейбітшілік келісім-шартын қабылдады.
Менің КСРО-Фин соғысының шығу себебін тәптіштеп жазып отырғаным, сол жылы Кеңес үкіметі «Жалпыға бірдей ер азаматтарды міндетті әскерге шақыру» заңын қабылдаған болатын. Осы заңның негізінде сол заманның құрақтай болып өсіп келе жатқан жас толқын ерлері осы соғыста опат болған еді.
Шайқастан аман шыққан Әсекең 1942 жылдың басынан екінші майдан, яғни Ұлы Отан соғысына Ленинградты қорғау шайқасына 12-ші артилерия дивизиясына взвод командирінің орынбасары болып қатысқан. 1943 жылдың соңында ауыр жарақаттанып, Саранск қаласындағы 3051 эвогоспитальде емделді. Жазылып шыққаннан кейін Коломин қаласындағы әскери зауытты күзететін взвод командирінің орынбасары болып қызмет атқарды.
Әскери комиссия Әсекеңді еліне барып, денсаулығын түзетуге шешім шығарады. Елге келген бұрынғы педагог саяси қызметкер ретінде сауатты, орыс тілін жақсы меңгерген Әсекеңді аудандық партия комитеті нұсқаушылық қызметке қабылдайды. Бұл қызметті 1944 жылдың қазан айына дейін атқарады. Қайтадан майданға шақырылып, 52 гвардиялық дивизия құрамында соғысқа қатысып, жеңісті Берлинде қарсы алады. Әскери қызметін Германияда 1945 жылдың қарашасына дейін жалғастырып, сол жылдың соңында елге оралған.
Ол 1946 жылдың қаңтарынан қарашасына дейін Жалағаш аудандық партия комитетінде нұсқаушы болды. 1946 жылдың қарашасынан 1949 жылдың наурызына дейін Жалағаш аудандық партия комитетінің әскери бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Бұл бөлім өз міндетін орындап, қысқарғаннан кейін Жалағаш аудандық партия комитетінің ауыл шаруашылық бөлімінің нұсқаушысы қызметін 1951 жылдың ақпан айына дейін атқарған.
Атпал азамат 1951 жылдың наурыз айынан бастап Жалағаш ауданының Карл Маркс колхозының төрағасына сайланған еді. Замандастары мен қызметтестерінің айтуынша, Әсекең тұлғасына қарай, мінезіне сай, аққөңіл, ақжарқын, досқа адал, ағайын-туысқа бауырмал, әр істі байыбымен шешеді екен. Жаны таза, қолы адал, халықпен жұмыс істесе білетін, қандай қызметте болсын, қоғамның, мемлекеттің мүддесін бірінші кезекке қоятын, орындаушылық тәртіпті қатаң сақтайтын өз міндетіне берілген, халқына қамқоршы кісі еді. Дүниеге қызықпайтын. Берекесіз істерге бармайтын, көпшіл азамат болатын деп Әсекеңнің қадыр-қасиетін айтатын еді әріптестері.
Сөзім дәлелді болу үшін Карл Маркс колхозының төрағасы болып тұрғанда Әсекеңнің үстінен жазылған «домалақ арызды» аудандық партия комитетінің тапсырмасымен тексеру жүргізген аупарткомның ауыл шаруашылық бөлімінің нұсқаушысы, аудан тарихын жетік білетін Жайық Есіркепұлының «Аманат» кітабынан үзінді келтіруді жөн көрдім.
1952 жылдың мамыр айында аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Бисенбин Карл Маркс атындағы колхозда тоқтамай тұрған дауды шешуге Есіркепов жіберілсін депті. Осыдан бұрын екі рет тексеруге барғандардың жасаған қорытындысына тоқтамаған «арызқойлар», жоғарыға үшінші рет тағы жазған. Үлкен жолдың бойындағы Қызыл Ту, Карл Маркс атындағы колхоздарынан біріккен үлкен шаруашылық болатын. Әсіресе арыз жазып, бір-бірін қудалау, басшыларына ашкөздікпен қарайтындар көбірек кездесетін. Колхозға барғаннан кейін адамдармен жеке-жеке сөйлесуге тура келді. Колхоз төрағасы Ә.Тайбасаров оқуға кеткен жерінен шақырылды. Арызда төраға, ферма меңгерушісі Смайловпен бірлесіп, 19 бас сиырды Қызылордаға апарып саттырды. 40 бас ірі қара майдаланып кетті. 25 тонна күрішті кіріске алмай колхоз қоймасында сақтап, оңды-солды таратып жатыр. Колхозшылардың жазылған заем облигацияларын бухгалтер М.Кіребаев толық таратпаған деген сияқты мәліметтер бар. Оның үстіне бұл іске аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушілері де байланысты делінген.
Бұл арызды Мәскеуге Бүкілодақтық Мемлекеттік Бақылау Кеңесінің төрағасы А.А.Андреевке тікелей жолдаған. Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Ж.Шаяхметовтің, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Бекталеевтің бұрыштама қолдары бар.
Жоғарыдағы деректерді біртіндеп зерттей келгенде, колхоздың асылтұқымды айғырын астыртын саттырды, оқуға кетерде 30 мың сом ақшаны Тайбасаров заңсыз алып кетті дегендері өтірік болып шықты. Ферма бастығы Смайловқа тағылған кінә дәлелденбеді. Көптеген колхозшылардың түсініктемелерінде арыздағы фактілерге өздерінің қатысы жоқтығын, басшыларының адалдығы айтылып, заемдарын өздері алған болып шықты. Қарақұмға ерте көшуіне байланысты 6 адамның қолына облигацияның тимегені анықталды.
Халық қалаулысы болған Айымкүл Ізтілеуованың да бірлікке шақырған сөзі «домалақ арыз» жазушылардың бетпердесін ашты. Колхоздың тексеру комиссиясының төрағасы тексеру барысында бастан-аяқ қатыстырылды. Тексеру біткеннен кейін әуелі басқарма мәжілісінде, онан кейін бастауыш партия ұйымының жиналысында және колхозшылардың жалпы жиналысында, тексеру қорытындысы баяндалып, арыз түгелдей оқылды. Сөйтіп басқарма мүшелерін, тексеру комиссиясын және арыз жазып қоймай жүрген мүшелерін «күдіктілерді» аудандық партия комитетінің бюросына бірге алып келіп, есеп бердім. Тексеру қорытындысы дұрыс дәлелді болып шықты да бюрода айтыс-тартыс болмады. Арыздағы көптеген фактілер өтірік жазылғаны айтылып, бірқатар кемшіліктер болғаны көрсетіліп, жоғарыға жауап хат жазылды деп қорытындылайды.
Жайық Есіркепұлы сол бір айтыс-тартысқа толы заманда Карл Маркс колхозының төрағасы Әсейбілда Тайбасаровтың үстінен жазылған «домалақ арызды» тексеру кезінде әділдікпен шешуде іскерлікпен күш салған. Осындай қиянатты төзімділікпен көтерген менің кейіпкерім, колхоз төрағасы Ә.Тайбасаровты 6 жыл майдандағы және бейбіт еңбектің каhарманы деуге болады. Халық пен басшылықтың сенімінде болған Әсекең Карл Маркс колхозын 1954 жылға дейін басқарып, 1954 жылдың мамыр айында Таң колхозының төрағасы болып сайланған. Кейіннен аудандағы кесек құю зауытының және май зауытының директоры қызметін атқарған.
Екі майданның ері 1969 жылы дүниеден өтті. Құдай қосқан қосағы Шарипа жеңгей екеуі 5 ұл, 5 қызды дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірген. Арасында бұл дүниеден өткендері де бар. Қалғандары кең байтақ елімізде тәуелсіз мемлекеттің өсіп-өркендеуіне елеулі еңбек сіңіруде. «Әке көрген оқ жонар» деген осы шығар, сірә.
Рысбай КӘРІМОВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
Жалағаш ауданының
Құрметті азаматы