» » ЕЛІ ЕРІН ЕСКЕ АЛДЫ

ЕЛІ ЕРІН ЕСКЕ АЛДЫ

Еліміз егемендік алған жылдардың басында да қазақ жұрты небір тоқырауды басынан өткерді. Осы бір қиыншылықты келер ұрпақ көрмесін деген қағидамен өмір сүрген ата-бабамыз соның бәрін еңсере білді. Осынау бейбіт қоғамның бағасын білуде біздің бірінші өткен тарихқа терең бойлайтынымыз сондықтан.

Иә, тәуелсіздіктің тұғырлы болуы жо­лында талай қиыншылыққа темірдей төзімімен төтеп берген тұлғалар жетерлік. Жалағаш топырағы да мұндай қайсар жандарға әсте кенде болған емес. Солар­дың бірі – соғыс және еңбек ардагері Кенжебек Оспанов. Ер есімі қашанда ел есінде жаңғыра бермек. Сенбі күні жалағаштықтар атпал азаматты еске алып, Мырзабай ахун ауылдық округіндегі орталық көшелердің біріне ардагердің есімін берді.

Халықтың қарапайым ұлы, қайраткер, соғыс және еңбек ардагері К.Оспановтың елеулі еңбегін кейінгі буынға насихаттау, құрметтеу, рухына тағзым етуге бағыт­талған шарада аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Еспенбет өңірдің өркендеуі жо­лындағы қайраткердің еңбегіне тоқ­талып, саналы ғұмырын кейінгі буынға үлгі етті.

– Қазіргі Мырзабай ахун ауылы осы азамат белгілеп, іргетасын қалаған жер­де өсіп өркендеуде. Әр дәуір өз тұлға­ларын тудырады десек, қайраткер тұл­ға Кенжебек Оспанов та өз дәуірінің пер­зенті. Ол басқа да замандастары се­кіл­ді өзі ғұмыр кешкен дәуірдің барлық жақ­сылығын да, қиын-қыстау шақтарын да көрді. Мың құбылған аласапыран ғасыр, замана лебі қайраткерді шыңдады, ши­ратты. Сан тарау өмір соқпақтарынан сү­рінбей өтіп, елім деп еңбек еткен аза­маттың жарқын бейнесі кейінгі жас ұр­пақ­тың жадында сақталады деп есеп­теймін, – деді Жасұлан Ерданұлы.

Салтанатты шарада Кенжебек Ос­панов­тың көзін көрген замандас, құрдас­тары, сондай-ақ Кенжебек әкеміздің қызы сөз сөйлеп, келелі жиында ардагер туралы естеліктерімен бөлісті. Мұнан кейін атпал азамат атындағы көшенің салтанатты түр­де ашылу рәсімі өтіп, ақсақалдар ақ батасын берді.

Кенжебек Оспанов 1912 жылы Мырза­бай ахун ауылында дүниеге келген. Ата-анасынан үш жасында бауыр жазып қа­лып, қиын күндерді бауырларымен қа­тар өткізген ол еңбек майданына ерте араласады. 1930-1935 жылдары колхозда қарапайым жұмысшылықтан бастап, өнді­ріс бригадирі, колхоз есепшісі болып жұмыс атқарды. Ал 1942-1946 жылдары Совет армиясының қатарында болып, Ұлы Отан соғысына қатысып, ерен ер­ліктің үлгісін көрсетті.

Атпал азамат ел қатарлы қолына қару алып, Отан алдындағы азаматтық бо­рышын өтеп оралғаннан кейін де ең­бекке араласты. 1946-1947 жылдары қай­тадан колхозда қарапайым жұмыс­шы­лықтан бастап қойма меңгерушісі, қой фермасының бригадирі, 1952-1953 жылдары Жалағаш аудандық су шаруа­шы­лығында қызметкер болып жұмыс жасады.

Қашанда өзіне жүктелген әрбір істі ынта-жігерімен орындауды мақсат тұтқан жан білімін жетілдіру мақсатында 1953-1954 жылдары Шымкент қаласындағы Ауыл шаруашылығы училишесінде 3 жыл­дық білім алып, агроном мамандығын алып шығады. 1958-1959 жылдар аралы­ғында білімін шыңдап келісімен ауылға агроном болып сайланды.

Соғыс жылдарынан кейінгі тұста Жа­лағаш ауданының секретары Байбол Соп­беков ағамыздың ұсынысымен, об­ком хатшылығының бұйрығымен 1960 жылдың 20 сәуір күні Кенжебек Оспан­ұлы «Қазақстанның ХХ жылдығы» колхо­зы­ның председателі болып сайланды. Бас­шылық қызметке бекітілген күннен бастап Кенжебек Оспанов туған топырағын тү­ле­туге, ыдырап кеткен елдің басын бірік­тіруге, ауыл халқының әл-ауқатын кө­те­руге белсене кіріседі. Халықпен жұмыс істеуде жауапкершілік те көбейе түседі. Жатпай-тұрмай ізденеді. Елдегі әлде бір жаңалықты ауылға әкелуге ұмтылады. Ес­ті­ген жақсылығын еліне жасағысы келеді.

Әрине, тұралаған шаруаны төрт аяғынан тік қою оңайға түспесі анық. Әйтсе де, алғашқы айлардан-ақ, ауылға жылы леп келді. Төрт бірдей түзу көше тартылып, иесіз қалған жерді шеңгелдерден тазартқызып, халықты көше бойына орналастыру жұ­мыс­тарын жүргізеді. Сол тұста елдің ең­сесі көтеріле бастайды. Колхозда мал шаруа­шылығы дамып, қой, сиыр, түйе басы арта түседі. Кейін қоян, үйрек, қаз асырау жұмыстары қолға алына бастаған. Малшылар күз, қыс мезгілдерінде Қызылға барып қыстайтын болды. Ал оларға қажетті жабдықтар алғашында түйемен жеткізіліп отыратын. Кейін оларға арнайы трактор, автомашиналар жеткізіледі.

Егін шаруашылығына тоқталар болсақ, ол тұста шаруашылық көлемі өсіп қана қойған жоқ, оның өндіретін өнімі де артты. Әдепкі жылдары гектарынан 15-20 центнерден астық алынған болса, кейін 25-30 центнерден өнім ала бастайды. Осылайша аз уақытта ұжымдасқан халық­тың маңдай тер еңбегінің арқасында ауыл ауданның алғы шебінен табылды.

Ауқымды жұмыстар жүргізуде, ұйымдас­тырушылық қабілетін жоғары деңгейде көрсете білген Кенжебек Оспанов жастар жағын колхоз жұмысына тартуды қолға алады. Қабілеті бар жандарды тани біліп, оларды шоферлік-тракторшы курстарына арнайы жіберіп, маман болып шығуына көп көмектесті.

Кенжебек Оспанов 1967 жылы 55 жасында дүниеден өтті. Артында ел білетін өлшеусіз еңбегі, ұрпақтары қалды. Ол туралы әр жылдары жазылған естеліктер бізге жетті. Жұртын бір ауылға жинап, қарағайдай үй салып, көше түзеп, жарық жүргізіп, кішігірім салғызған қалашығы әлі ауылдастарының құт мекеніне айналып отыр. Ауыл шаруашылығы саласының алғашқы сатысынан бастап, колхоз бас­шысына дейін көтерілген тұлғаның есі­мін бүгінде ауыл халқы елеусіз қалдырмады. Енді Мырзабай ахуан ауы­лындағы орталық көшелердің бірі атпал азаматтың есімімен аталады. Ер еңбегі еленді деген осы шығар, сірә.

Ерлан СОЗАҚБАЕВ

19 қазан 2021 ж. 572 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930