» » ӨМІРШЕҢ ЖОБАЛАР – ІЛКІМДІ ІСТЕРДІҢ БАСТАУЫ

ӨМІРШЕҢ ЖОБАЛАР – ІЛКІМДІ ІСТЕРДІҢ БАСТАУЫ

Өткен сенбіде облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов ауданымызға жұмыс сапарымен келді. Аймақ басшысы әуелі тікұшақ апатынан қаза болғандарға арналған ескерткіштің ашылу рәсіміне қатысты. Сонан соң аудандағы әлеуметтік және өндірістік нысандардың жұмысымен танысып, бірнеше елді мекеннің тұрғындарымен кездесті.
Облыс әкімі Жалағаш кентіндегі аграрлы-индустриалдық аймақта болды. Мұнда аймақ басшысына аудандағы серпінді жобалар мен «Өркен Әлем» ЖШС арнайы киім тігу цехының жұмысы таныстырылды. Айта кету керек, «Өркен Әлем» ЖШС 2017 жылы ашылған. Кәсіпорында 24 адам жұмыс істейді. Тігін цехы қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Цех­тың бір жылда 7000 данаға дейін броньді кеудеше тігуге мүмкіндігі бар.
Жалағашта ілкімді істерге бастау боларлық жобалар баршылық. Был­тыр ауданда жалпы құны 690 миллионға жуық қаржыны құрайтын 8 жоба іске асып, соның аясында 84 жұмыс орны ашылды. Атап айтсақ, «Манақ Баба» фермер қожалығының оазистік суару жобасы, «Ер Әлі» шаруа қожалығының астық сақтау және техникаға қызмет көрсету орталығы, «Нұр» шаруа қожалығының күріш ақтау цехы, жеке кәсіпкерлер Н.Серікұлы мен Е.Ақышевтың сүт қабылдау және өңдеу пункті мен техникалық қызмет көрсету орталығы, Ш.Ысқақовтың тойхана және шағын маркет жобасы, «Таң ЛТД» ЖШС-ның күріш ақтау зауыты, «СержанГазСтрой» ЖШС-ның темір бұйымдарды және тұр­мысқа қажетті заттарды дайындау цехы пайдалануға берілді.
Кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы биылғы жұмыстар да қарқынды екенін айта кеткен жөн. Таңдағы ет өнімдерін консервілейтін цех пен Жалағаштағы қонақ үй сөзімізге дәлел бола алады. Мақпалкөлдегі алма бақ, Еңбектегі жылыжай, кент орталығынан ашылған қоғамдық монша сөзімізді қуаттай түседі. Сүйіншілейтін жаңалықтың тағы бірі – Жалағаш кентінің шығыс бөлігінен жаңартылған энергия көз­дерін өндіру мақсатында салынып жатқан электр станциясы. Облыс әкі­міне электр станциясының құрылыс жұмыстары таныстырылды.
Мамандардың айтуынша, жоба­ның болжамдық құны 19 млрд теңгеден астам қаржыны құрайды. Өткен жылдың маусым айында бұл жоба бойынша Еуропалық даму банкі атынан «ЭкоСоциоАналистс» компаниясы мен тұрғындар арасында әлеуметтік және экологиялық әсе­рін бағалау жұмыстары жүргізілген. Соны­мен қатар 2018 жылдың 10 шілдесінде жобаның қоршаған ортаға әсерін бағалау бойынша ашық түрде қоғамдық тыңдау өткізіліп, қолдау тапты. Жобаның бастамашысы – «Nomad Solar» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жобаны жүзеге асыру мақсатында кент аумағынан 164 га жер телімі табысталды. Жобаны Греция мемлекетінің компаниясы ұтып алған. Қосымша мердігер «COM KZ» ЖШС екенін айта кетейік. Қазіргі уақытта қоршалау жұмыстары жүргізіліп, баға­налар ор­натылуда. Нысанды күзе­ту үшін «Алим Секьюрити» ЖШС күзет агенттігімен келісім шартқа отырған. Күзет мекемесі аудан тұрғындарын жұмыспен қамтуда.
Электр станциясында қызу жұмыс жүруде. Техника арқылы панельдерге қажетті бағаналар орнатылуда. Облыс әкімі мен аудан басшысы күн қуатын өндіретін алғашқы панельді орнатып, құрылысқа жауапты мекемеге сәттілік тіледі.
Сапар барысында аймақ бас­шы­­сына былтыр пайдаланылуға бе­­­ріл­ген “Тағзым” алаңы таныс­ты­рыл­ды. “Тағзым” алаңына Қарақұм қөтерілісінің құрбандарына, мемлекет және қоғам қайраткері, тарихи тұлға Темірбек Жүргеновке, ғасыр апа­ты болып тарихта таңбаланған Семей, Чернобыль зар­дабынан көз жұм­ғандар мен Ауған соғысында мерт болған жауынгерлерге, Социалистік Еңбек Ері Ұзақ Еспановқа арналған ескерткіштер орнатылған.
Облыс әкімінің сапары ауданға қарасты ауылдарда жалғасты. Аймақ басшысы алдымен Бұқарбай батыр ауылдық округіндегі “Байтабын” ша­руа­ қожалығының егіс алқабында болды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша шаруашылықта гектарынан 68 центнерден өнім жиналған. Ау­данның бүгінгі бас күрішшісі атан­ған Сапар Мыханов басқаратын шаруа­шылықта 110 адам жұмыс істейді.
Бұдан әрі аймақ басшысы “Самара-Шымкент-Мәдениет-Мақ­палкөл-Жаңаталап-Аққыр” тас жо­лындағы "Оңтүстік коллектор” көпірін қайта салу, Аққыр ауылына тартылған ауыз су және электр желісін жаңғырту жұмыстарымен танысты.
Әртараптандырудың кәсіп­кер­лік­тің тамырына қан жүгіртіп, бойын тіктеуге серпін беретіні белгілі. Ауданда бұл бағытта да атқарылып жатқан толайым тірлік бар. Соның бірі – Мақпалкөлдегі алма бақ. Облыс басшысы алма бақтағы жүйелі жұмысқа оң бағасын берді. Өткен жылы 6 гектар жерге отырғызылған алма қазірдің өзінде өнім беруде.
­Аудандағы тіректі елді мекеннің бірі – Мәдениет ауылы. Бұл ауылда өткен жылы спорт кешені, балабақша және мәдениет үйі жаңадан бой көтерген болатын. Өңір басшысына осы әлеуметтік нысандар көрсетілді.
Алдымен заман талабына сай бой көтерген спорт кешенінің жұмысы таныстырылды. Бүгінде 9 ауылдың балаларын салауатты өмір салтына баулып отырған мектепте 522 оқушы қамтылған. Мұнда бокс, дзюдо, таэквондо, қазақ күресі, еркін күрес, волейбол, гандбол секілді спорттың 7 түрін үйретеді. Өңір басшысы жаттығып жатқан балаларға “келешекте көк туымызды биікке көтеретін чемпион болыңдар” деген тілегін білдірді.
Ауыл көркін аша түсетін, халыққа берер пайдасы мол 90 орындық балабақша мен мәдени, мерекелік шараларды өткізетін 150 орындық клуб та ел иігілігі үшін жұмыс істеуде. Қазірдің өзінде балабақша кішкентай бүлдіршіндердің тәрбие мекені бол­са, клуб үйі рухани шаралардың бастамашысы екенін айта кеткен жөн.
Аудандағы тірлігі тындырымды ауылдың бірі – Таң. Бұл ауылда көпке үлгі боларлық жұмыс жеткілікті. Өткен жылы күріш ақтайтын зауытты іске қосқан елді мекенде көркейту жұмыстары да қолға алынғаны көрініп тұр. Егілген көшеттер мен қаламшаларды айтпағанның өзінде ауылға кіре берістен бастап жолдың қос қапталы қоршалған. Даладағы дүбір басталғалы егістік алқабында да қызу жұмыс тоқтаған емес. Аймақ басшысының сапары осы Таң ауылында жалғасты.
Облыс басшысына алдымен спорт кешенінің жұмысы таныс­ты­рыл­ды. Өткен жылы пайдалануға берілген жаңа нысанның жалпы құны 56 млн теңгені құрайды. Бір мезетте 100 адамды қамтитын кешенде дзюдо, таэквондо үйірмелері жұмыс істейді. Ауыл балаларының көзіндегі от олардың спортқа деген құлшынысын көрсетіп тұрғандай әсер қалдырады екен. Таэквондошылар аяқ-қолдарын сермеп, жекпе-жектің осы бір түрін меңгеруге дайын екенін айғақтады. Ал дзюдошылар болса кәнігі балуандардай әдіс көрсетіп, өздері білмейтін тәсілдерді меңгеруде. Осы бір көрініске сүйсінген облыс әкімі ауыл балаларының бос уақытын тиімді ұйымдастырып, жастарды саламатты өмір салтына баулитын кешен жұмысына сәттілік тіледі.
Содан кейін «Таң LTD» ЖШС-ның күріш ақтау цехының жұмысымен танысып, ауыл ардагерлерімен кездесті. Шағын зауыттың тәулігіне 100 тонна күріш ақтауға мүмкіндігі бар. «Таң LTD» ЖШС директоры Имамзада Шағыртаев атқарылып жатқан жұ­мыс­тармен таныстырып, алдағы жос­парымен бөлісті. Серіктестік бас­шысы ауылдан көпбалалы аналар мен озат мамандарға арнап үй соғуды қолға алмақ ниетте. Облыс әкімі мұның құптарлық бастама екенін айтып, қажетті инфрақұрылымның тартылуына мүмкіндік жасап, қол­дауға дайын екенін жеткізді.
Мұнан соң аймақ басшысы Таң ауылдық округіне қарасты Жаңа­қоныс елді мекеніндегі «Агро­лидер Таң» ЖШС-ның ет бумалау, консервілеу цехының жұмыс бары­сымен танысты. Мемлекеттік-жеке­шелік әріптестік негі­­зін­де жүзеге асқан жоба бола­шағынан үлкен үміт күттіреді. Цех құрылысы өткен жылғы тамызда басталып, биыл мамырда аяқталды. Ғимаратта мал сою, ет кесу және бумалау бөлмелері, мұздатқыш орна­ласқан. Жауапты жұмысты вете­ринар, технолог, зертханашылар атқарады.
Жалағаштағы еңселі ауылдардың қатарына Еңбекті жатқызуға болады. Мұнда “Еңбек Жер” ЖШС ауыл тұрғындарының игілігі үшін салған 50 орындық спорт кешені, мешіт және шаштараз, шағын-маркет, 200 орындық тойхана орналасқан. Ауыл орталығы да заман талабына сай абаттандырылған. Облыс әкімі Еңбек ауылының тыныс-тіршілігімен танысып, кәсіпкерлік нысандарын көрді.
Аймақ басшысының сапары Ақ­құм ауылында қорытындыланды. Бұл жерде өткен жылы салынған “Бақ­дәулет-57” ЖШС-ның мал бор­дақылау кешені мен бәйге ат­тарын баптайтын ауыл ипподро­мын­да бол­ды.
Облыс әкімінің бір күндік сапары, міне, осылай қорытындыланды. Қай ауылға барса да жұртшылық облыс әкімінің жұмысына сәттілік тілеп, үлкендер батасын беріп жатты.

Азиз БАТЫРБЕКОВ


30 шілде 2019 ж. 520 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930