» » КӘСІПКЕРЛІК ҚАНАТ ЖАЙҒАН ӨҢІР

КӘСІПКЕРЛІК ҚАНАТ ЖАЙҒАН ӨҢІР



Өңірлік коммуникациялар қызметі және облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының ұйымдастыруымен ауданда баспасөз туры өтті. Онда журналистер өңірдегі шағын және орта кәсіпкерліктің бүгінгі даму қарқынын көріп, іскер азаматтармен тілдесті.

Алғашқы бағытымыз – Дәуіржан Қайраттың кәсібі. Оның кәсіп ашудағы мақсаты – мал санын көбейту, ауданды сүт өнімдерімен қамту. "Кәсіпкерлікке қолдау болған соң, ата кәсіпті қолға алдым. Ауыл шаруашылығы бізге тансық емес. Қой бағып өскен балаға өсе келе сиыр баптау қиынға соқпасы анық. Уақытылы жем-шөбін беріп тұрамын. Отбасым да қолғабыс етеді. Сондықтан да қиындық туындамайды. Ауданда сүт өнімдеріне сұраныс жоғары. Ағарғанды "қайда өткіземін" деген мәселе жоқ", – дейді жас кәсіпкер. Қайрат «Өңірлік инвестициялық орталығы», «Еңбек» бағдарламасы арқылы 3 миллион теңге көлемінде несие алып, ісін бастаған. Алған қаржысына 10 бас мүйізді ірі қара алып, бүгінде ол мал басын 30-ға жеткізді. Өнімін саудалап та үлгереді.
Шағын кәсіп иелері мемлекеттік бағдар­ла­ма­лар арқылы жеке бизнесінен береке кө­­руде. Оған дәлел – Бауыржан Ғазизов. Ол өткен жылдың шілде айында жеке кәсібін ашқан. Қо­­­­­жалық иесі «Еңбек» бағдарламасы арқылы ­1 мил­­­­­­­­­лион теңге көлемінде несие алған. Оның ша­руашылығындағы мал саны бүгінде 75-ке жет­кен. Шаруа қожалығының иесі Бауыржан тек қой өсіруді ғана емес, жылқы мен мүйізді ірі қара өсіріп, оны көбейтіп, мал шаруашылығы саласын дамытуды алдына мақсат етіп қойды. "Ең алғаш 40 бас қой алдым. Ол бүгінде 75-ке жетті. 10 шақты ешкім бар. Болашақта үлкен кәсіпті, яғни жылқы малын өсіруді жоспарлап жүрмін. Сондай-ақ асыл тұқымды қой алғым келеді", – дейді кәсіпкер.
Ауданда «Қызылорда» Өңірлік инвес­тиция­лық орталығының «Микробизнес – Қызыл­орда» бағдарламасы аясында 30 жоба 100,4 млн теңгеге қаржыландырылған. Сонымен қатар кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы басқа да мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар аясында 20 жоба 761,8 млн теңгеге қолдау тапты.
Тәтті іздесеңіз “Медғатқа” келіңіз. Мұнда сіз іздеген тәттінің бәрі бар. Тоқаш дейсіз бе, самса, торт, ыстық нан мен тамақ та осы жерде. "Меғдат" тәттілері кондитерлік цехы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы өткен жылы ашылған. Кәсіп иесі Айнұр Дәуіржанова шағын бизнесті дамыту мақсатында 500 мың теңге алып, кәсібін бастаған. Қайтарымсыз грант алған кәсіпкер түрлі тәтті өнімдерін шығарып, 3 адамды жұмыспен қамтып отыр. «Медғат» тәттілері бүгінде көптің сұранысына ие.
– Мемлекеттен алған 500 мың қайтарымсыз несиеге қажетті құралдарды алдым. Жақын жерде мектеп бар. Оқушыларға қолайлы етіп, самса бағасын 50 теңгеден қыламын. Себебі менің де балаларым бар. Әрбіріне күніне 50 теңге ғана беремін. Сондықтан ата-анаға, балаға да ыңғайлысы осы деп ойлаймын. Біз тәттінің түр-түрін пісіреміз. Ауыл тұрғындарынан тапсырыс та алып тұрамыз. Қызым маған көмектесіп, қолғабыс етеді, – дейді кәсіпкер.
Нан өнімдерін шығарумен айналысатын тағы бір наубайхана аудан халқына тәтті өнімдерін ұсынып келеді. Жеке кәсіпкер Әйгерім Гаюпова ЖК «Гаюпова» шағын кәсіпкерлік нысанын ашып, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы «Еңбек» бағдарламасымен 4 миллион теңге несие алған. Ол 6 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған. Күніне 4 дүкен, 5 балабақшаны нан өнімдерімен қамтамасыз етіп, халық сұранысын орындауда. Сонымен бірге күніне 15-20-ға жуық торт әзірлейді. Бүгінде ісі жолға қойылған цех екі ауысыммен жұмыс істейді. "Мейрамханалардан тапсырыс аламыз. Олар көбіне тортқа тапсырыс беріп тұрады. Кейде үлгермей жатамыз. Бүгінде қызу дайындық үстіндеміз. Үлкен тойға тортпен қоса тәттілер әзірлеуге тапсырыс түсті. Ауыл тұрғындарын ыстық нанмен қамтамасыз етеміз. Қосымша өткізетін дүкендеріміз бар", – дейді Айгерім Гаюпова.
БАҚ өкілдерінің келесі бағыты "Бәйт" балабақшасы болды. Жас кәсіпкер Нұргүл Ғабиденқызы өткен жылы «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» ЖШС – «Микробизнес Қызылорда» бағдарламасы арқылы 3 млн теңге көлемінде несие алған. Балабақшада 1-3, 3-6 жас аралығында екі топ тәрбиеленуде, арнайы ойын алаңдары бар. Нұргүл Ғабиденқызы 12 адамды жұмыспен қамтуда. "Жеке балабақша ашуды жоспарлап жүргенмін. Міне, бүгінде бұл кәсіпті қолға алдым. Балабақшада 50 бала бар. Әзірге ата-аналардан арыз-шағым түскен емес. Балаларға үш тілді үйретуге тырысып жатырмыз, – дейді кәсіпкер. Біз барған балабақшаның ауласы жеміс-жидекке толы екен. Алма, алмұрт қып-қызыл болып тұр. Бұл жемістерден балабақшадағы бүлдіршіндерге шырын дайындалады екен. Түскі мезгілде сәбилердің тап-таза төсекте, тәтті ұйқыда жатқанының куәсі болдық.
Ауданда заманауи стильде, тұрғындардың талғамынан шығатын қонақ үй бой кетерді. Ол «Жібек» қонақ үй кешені. Наурыз айынан бері жұмыс істейді. Жеке кәсіпкер Жеңіс Қазыбайұлы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы 2015 жылы 3 миллион теңге көлемінде грант алды, үш жылдан кейін тағы 6 миллион теңге алды. Жалпы қонақ үй құрылысының құны 30 миллион теңгені құрайды. "Қонақ үйге келушілер көп. Біз олардың көңілінен шығу үшін барынша жағдай жасауға тырыстық. Қонақ үйге арнайы интернет орнаттық. Бір үйге қонаққа барсақ, интернеттің құпия кодын сұрайды ғой. Соны басты назарға алдық. Әзірге 3 адамды тұрақты жұмысқа тарттым. Қонақ үйде 9 номер, 2 люкс, 7 стандартты бөлмелер бар. Ауданға күн электростанциясын салу үшін Грекиядан келген мамандар біздің қонақ үйдің қызметін пайдалануда, – дейді кәсіпкер Жеңіс Қазыбайқызы.
Тұрғындар үшін массаж салоны жұмыс істейді. Кәсіпкер Манарбек Қожахметов "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасы арқылы 1 млн теңге көлемінде мемлекеттік грантқа ие болды. Манарбек Нұр-Сұлтан қаласында арнайы оқу оқып, қазіргі таңда жары екеуі бірге жұмыс істейді. Массаж салонына күніне 15-20 шақты адам келеді. Алдағы уақытта кәсіпкер өз кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр.
– Бір күнде 15-20 адамды түскі 12.00-ге дейін қабылдаймын. Олар телефон арқылы жазылып қояды. Түстен кейін мүмкіндігі шектеулі жандардың үйіне барып, массаж жасаймын. Бағасы халыққа қолжетімді. Күніне 1000 теңге. Бір сеансы – 10 күн. Аурудың түр-түріне массаж жасаймын. Сауығып кетіп, аяғынан тұрып жатқандар бар. Әрине бұл үшін бір сеанс жеткіліксіз. Бір науқасқа Алматы қаласына ота жасатуға жолдама беріпті. Алдымен маған келген. Ауруынан сауығып, алғыс айтып кетті. Алматыға бару оңай емес, қаржыдан бөлек жолдың алыстығы барын, бастысы, аурудан айыққанын айтты. Болашақта массаж салонын үлкейтсем деймін. Қазіргі таңда бұл жерді жалға алып отырмын, әзірге қиындықтар туындап жатқан жоқ. Дегенмен арнайы массаж салонын ашу жоспарда бар. Оны болашақтың еншісіне қалдырайын. Қазіргі таңда келіншегім қолғабыс етеді, – дейді кәсіпкер.
Бұқарбай батыр ауылындағы жеке кәсіпкер Бауыржан Ғазизовтың мал басын көбейту жұмыстарымен, Нұргүл Ғабиденқызының 50 орындық «Бәйт» балабақшасымен, Айгерім Гаюпованың кондитерлік цехымен, Жеңіс Қазыбайұлының «Жібек» қонақ үй кешенімен, Манарбек Қожахметовтың массаж салонымен, «Серпін» аграрлы индустриалды аймағында орналасқан жеке кәсіпкер Еркебұлан Көптілеудің химиялық тазалау орталығымен, «Сержан Газ Строй» ЖШС-ның темір бұйымдарды және тұрмысқа қажетті заттарды дайындау цехымен, сондай-ақ ЖК Меруерт Ертуғанованың 100 адамға арналған қоғамдық моншасымен таныстық.
Жалпы ауданда 2019 жылы тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2340 бірлікті құрады. Былтырғымен салыстырғанда 40 бірлікке, ал жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік нысандар саны 170-ке ұлғайған.
– Жалпы жылдың басынан бері жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің үлесі 83,2 пайыздан 89,1 пайызға артқан. Яғни, 5,9 пайызға өсім бар. Ауданда тіркелген 2340 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің экономикалық қызмет түрлерінің басым бөлігі, 27,5%-ы мал шаруашылығына (643), 17,6%-ы бөлшек және көтерме саудаға (412),
10,8%-ы жолаушылар және жүк тасымалдау (253) қызметтеріне бағытталған.
Ағымдағы жылдың 6 айында ауданда мемле­кеттік, үкіметтік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпкерлікті бастау немесе дамыту бағытында 167 кәсіпкер 1311,4 млн теңгеге қаржыландырылды. Мәселен, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банктердің облыстық филиалдары арқылы 4 жоба 195,0 млн теңгеге қаржыландырылып, пайыздық мөлшер­леме бағдарламаның шартына сәйкес субси­дия­лан­ды. Оның ішінен 2 жоба 47,4 млн тең­геге іші­н­ара кепілдендірілді. Сонымен қатар аталған бағдарламаның мемлекеттік гранттар беру бағыты бойынша 7 жоба 2,4 млн теңге қайта­рым­сыз грантқа ие болды.
Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында жыл басынан 61 жоба 240,0 млн теңгеге қаржы­ландырылды. Аталған бағдарламаның мемле­кет­тік гранттар беру бағыты бойынша 45 жұмыс­сыз азамат 11,7 млн теңге қайтарымсыз негізде қаржылай қолдауға ие болды, – деді аудандық кәсіпкерлік өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Жасұлан Еспенбет.


Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ
03 тамыз 2019 ж. 486 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930