ЖАЛАҒАШ АУДАНЫНДА ТҰҢҒЫШ РЕТ ЖАС ЕҢБЕКШІЛЕР ЛАГЕРІ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ
Ауданымызда тұңғыш рет аудан жастарының қатысуымен еңбек лагері өз жұмысын бастады.
«Жастар жылы» аясында Мәдениет ауылдық округіндегі «Тюрешова» шаруа қожалығында ұйымдастырылып отырған еңбек лагеріне 25-ке жуық еріктілер, түрлі сала қызметкерлері, белсенді жастар қатысуда. Үш күнге созылатын еңбек лагерінің алғашқы күнінде жастар шаруашылық жұмыстарымен танысып, алау жанында аудан бойынша жастар саясатының жүзеге асырылуы туралы пікір алмасып, ой бөлісті.
Ал екінші күні жастар ертелетіп шаруашылық жұмыстарымен, оның ішінде ер балалар шөп ору, шөп жинау, ат ерттеу, қора тазалау, отын шабу жұмыстарымен айналысса, қыздар жағы сиыр сауып, табаға нан пісіріп, ошаққа ас әзірлеп, қамыр жайып, күбіге айран пісірді.
Сондай-ақ, лагердің екінші күні аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмаханов еңбек лагеріндегі жастармен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, бастамаларына қолдау білдіретіндігін жеткізді.
- Еңбек лагерінің басты мақсаты – белсенді жастарды еңбекке, кәсіпкерлікке, елжандылыққа баулуға, туған жерге деген патриотизмді нығайта отырып, болашақ жас мамандарды ауылға жұмысқа шақыруға бағытталды. Еңбек – тынығу лагерінің ауқымы алдағы уақытта кеңейе түспек.
Айта кету керек, Жалағаш ауданында 14 пен 29 жас аралығында 8865 жас тіркелген. Бұл көрсеткіш жалпы халық санының 24,7 пайызын құрайды.
Жастар жылы Жалағаш жастары үшін жағымды жаңалықтарымен басталды. Аудандық жастар ресурстық орталығы жанынан «Coworking» орталығын ашу үшін аудандық бюджеттен 5 000,0 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылды.
2019 жылдың І жартыжылдығында аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жоспарға сәйкес әртүрлі бағыттағы 78 шара өткізіліп, оған 6430 жас қамтылды.
Аудан жастарының шығармашылығын дамыту мақсатында «Жалағаш аруы» байқауы, Аудан әкімінің «Жалын» жастар сыйлығы, «Zhalagash Life» жастар лагері, Аудандық жайдарман лигасы, «Жалынды жас» еріктілер мектебі, «Жас Отау», «Жас маман» жобалары дәстүрлі түрде жүргізіліп келеді. Сонымен қатар, 2019 жылы тұңғыш рет аудан жастарының қатысуымен жас еңбекшілер лагерін өткізілуде.