Eңбек лагері жастарға серпін берді
«Жастар жылы» аясында ауданда жас еңбекшілер лагері ұйымдастырылды. Үш күнге созылған еңбек лагерінде 25-ке жуық ерікті, түрлі сала қызметкерлері, белсенді жастар Мәдениет ауылындағы «Тюрешова» шаруа қожалығында бас қосты.
Алғашқы күні жастар шаруашылық жұмысымен танысып, аудан бойынша жастар саясатының жүзеге асырылуы туралы пікір алмасып, ой бөлісті. Көкейлерінде жүрген идеяларын ортаға салып, өзекті мәселелерді талқылады. Ал екінші күні ертемен шаруашылық жұмыстарына кірісіп кетті. Жігіттер жағы шөп ору, оны жинау, ат ерттеу, қора тазалау, отын шабумен айналысса, қыздар сиыр сауып, табаға нан пісіріп, ошаққа ас әзірлеп, қамыр жайып, күбіге айран пісті. Еңбек лагерінің екінші күні аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмахановпен еркін сұхбат ұйымдастырылды.
– Еңбек лагерінің басты мақсаты – белсенді жастарды еңбекке, кәсіпкерлікке, елжандылыққа баулуға, туған жерге деген патриотизмді нығайта отырып, жас мамандарды ауылға жұмысқа шақыруға бағытталды. Еңбек тынығу лагерінің ауқымы алдағы уақытта кеңейе түспек, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Айта кету керек, «Жастар жылының» жалағаштық жастар үшін жағымды жаңалығы көп. Аудандық жастар ресурстық орталығы жанынан «Coworking» орталығы ашылды. 2019 жылдың І жартыжылдығында аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен 78 шара өтті. Сонымен бірге жастардың шығармашылығын дамыту мақсатында «Жалағаш аруы» байқауы, аудан әкімінің «Жалын» жастар сыйлығы, «Zhalagash Life» жастар лагері, жайдарман лигасы, «Жалынды жас» еріктілер мектебі, «Жас Отау», «Жас маман» жобалары жүргізіліп келеді. Алдағы уақытта да жас еңбекшілер лагері дәстүрлі түрде жалғасатын болады.
«ЖЖ» ақпарат