» » ДАРХАН ДАЛАНЫҢ ДАРАБОЗЫ

ДАРХАН ДАЛАНЫҢ ДАРАБОЗЫ

Ер елдің даңқын көтерсе, елі ердің рухын көтереді. Елі үшін еңбек еткен тұлғаның есімі ешқашан ұмытылмақ емес. Халқына қапысыз қызмет қылған осындай тұлғаның бірі де, бірегейі – ауыл шаруашылығының көрнекті ұйымдастырушысы Далдабай Жалтынов.
Апта басында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қаракеткен ауылдық округі әкімі аппараты, сонымен бірге Далдабай ауылдық клубының ұйымдастыруымен Д.Жалтыновтың өнегелі өмір жолын кейінгі буын ұрпаққа үлгі етіп, насихаттау және сол арқылы жастарды отаншылдыққа, елжандылыққа тәрбиелеуге, сонымен бірге ел ішінде көрінбей жүрген жас таланттарды тауып, оларды халық алдына шығару, шығармашылық қабілеттерін шыңдау мақсатында «Даланың дархан перзенті» атты Далдабай Жалтыновтың 105 жылдығына ар­налған аудандық жазба ақындардың жыр-мүшәйрасы өтті.
Мүшәйраның талабы бойынша кент орта­лы­ғынан және ауданға қарасты ауылдардан бір ақыннан қатысты. Жас талапкерлер бірінші бөлімде жырларына тақырыпты арқау етсе, екінші бөлімде еркін тақырыпта өздерінің шы­ғармашылығынан өлеңдерін оқыды. «Жүй­ріктен жүйрік озар жарысқанда». Жас ақындардың барлығы да халықтың көңілінен шықты. Олар өздерінің жалынды жырлары арқылы өткен тарихты безбендеді, Жалтынов Далдабай сынды тұлғаның тірісінде ел мұраты жолындағы өлшеусіз еңбегін, өнегемен өрілген өмірін жырмен өрнектеп, тұғырлы тұлғаның, әруағын аунатып, атын асқақтатты. Бастысы жас ақындар тақырыпты кеңінен ашып, туған жерге адал қызмет ету – әрбір азаматтың перзенттік парызы екенін шын жүрегімен сезінді және өлеңдері арқылы сол сезімдерін көрерменге жеткізе білді.
«Ел іші – өнер кеніші». Көбіне өнер адамдары ауылдың топырағынан түлейді. Осы мүшәйрада талантты жас ақынның тұсауы кесілді. Өрнекті өлеңімен көрермен көңілінен шыққан қаракеткендік Қартбай Мейіржан қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені жеңіп алды. Ал І орын Аққұм ауылынан келген Бақберген Нұрайға бұйырды. Сол секілді ІІ орынды Далдабай Жалтынов ауылының жас ақыны Жаңабай Айымжан иеленді. Қазылар ІІІ орынға Жалағаш кентінен келген Ернат Жақсылық пен ақсулық Аманкелді Мадиярды лайық деп тапты. Жеңімпаз ақындар арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтарға ие болды. Сонымен бірге барлық қатысушы талапкерлерге Алғыс хат тапсырылды.
Әкенің ізі мен жарқын ісін жал­ғас­тырушы, Далдабай ағамыздың қызы Зәуреш Жалтынова шараға облыс орталығынан арнайы келіп қатысып, әкесі жайында шуақты естеліктер айтты. Мүшәйраға өзі арнайы тағайындаған бас жүлденің бағалы сыйлығын ала­манда шашасына шаң жұқпай қатар­ластарынан қара үзіп шыққан шын жүйрікке табыстады. Сондай-ақ осы тағылымды шара барысында Далдабай ағамыздың көзін көрген, бір заманда қызметтес болған, ауыл ақсақалдары игілікті істерімен, елінің есінде қалған жақсы адамның жаратылысындағы ерекшеліктері: еңбекқорлығы, талап­шыл­дығы, ұйымдастырушылық қабілеті, сан қатпарлы мінезі, әсіресе ол кісінің тапқырлығынан, ел аузында қалған әзіл әңгімелерінен туындатып көңіл сергітер шуақты естеліктер айтты.
22 қыркүйек 2019 ж. 459 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 772

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930