ДАУДЫ СОТҚА ДЕЙІН ШЕШКІҢІЗ КЕЛСЕ...
Ақсу ауылдық округінде аудандық сот төрағасы Асылхан Мизанбаевтың қатысуымен «Медиация мақсаты – бітімгершілік» тақырыбында ауыл тұрғындарымен кездесу өтті. Жиынға «Бітім» медиация орталығының кәсіби медиаторы Қыдырбек Рашов, аудандық сот приставы-бас маман Жеңісбек Қоңырбаев, «Қоғамдық келісім» КММ-ның аудандық этносаралық қатынастар жөніндегі сарапшысы Әсел Бақытжан және ауыл ардагерлері, мекеме қызметкерлері қатысты.
Кездесу барысында аудандық сот төрағасы А.Мизанбаев ауыл халқына «Медиация» заңын түсіндіріп, араздасқан ағайынның арызын сотқа жеткізбей шешудің тиімді жолын айтты.
– Бұрын қазақ жерінде абақты болмағаны анық. Араздасқан ағайындар арасындағы жанжалға ауылдың үлкендері араласып, туындаған дауды ауыл ақсақалдары шешіп отырған. Шешендік сөзбен шиеленіскен дауды өршітпей, екі жақтың да уәжін тыңдап, ортақ мәмілеге келтірген. Қазір дау да, кикілжің де көбейді. Кез келген ұсақ-түйек дау-шармен ел сотқа жүгінетін болды. Бүгінде дау-дамайды сотсыз, екі жақтың мәселесін мәмілегерлік жолмен шешіп берудің ұтымды жолын ойластырып, арнайы заң да қабылданды. Осыдан 8 жыл бұрын “ҚР «Медиация туралы заңы” күшіне енді. Сол уақыттан бері ауыл-аймақтарда аузы дуалы ақсақалдар ішінен кәсіби емес медиаторлар бекітілді. Біздің өңірде де мұндай мамандар бар. Тағы бір айта кетерлігі биыл «Билер кеңесі» құрылды. Кеңес мүшелері құрамына ауданға белгілі, аузы дуалы, әр салада елеулі еңбек еткен ардагерлер кірді. Олар да ағайынның арызын сотқа жеткізбей қарап, екі тарапты бітімге шақырады. Сонымен бірге отбасылық сот жобасы да қолға алынып отыр. Бұл да өз нәтижесін бере бастады, – дейді сот төрағасы.
Қазіргі таңда белең алып бара жатқан жас отбасылардың ажырасу мәселесі, еңбек және жер даулары да осы жиында сөз болды. Мәселен, жыл басынан бері аудандық сотқа түскен істердің басым көпшілігін ұсақ-түйек дау-шарлар құраған. Оның ішінде сотта істі қарау кезінде тараптардың медиaциялық шарт жасауымен қысқартылғаны да бар. Сандарды сөйлетсек, медиация тәртібімен 54 қылмыстық іс, 41 азаматтық іс және 28 әкімшілік іс қысқартылыпты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда медиация заңы бойынша бітімге келушілердің қатары көбейгендігін көрсетіп отыр. Десе де, ауыл-аймақтарда медиаторлардың рөлін әлі де арттырып, мұны халыққа кеңінен насихаттау қажет.
– Нақтырақ айтсақ, медиатор сот органы емес. Дей тұрғанмен жанжалды шешудің ең жұмсақ балама түрі десек болады. Айта кетейік, медиатор – сот әрекеттеріне қатысы жоқ бейтарап делдал, оған азаматтар ерікті жолмен жүгіне алады. Оның тиімді жағы даудың шешімін тараптардың екіжақты келісімімен және екіжақты даудың тез әрі қолайлы тәсілмен мүдделі түрде орындалуына мүмкіндік беріледі. Сонымен бірге медиатор дауды шешіп, екі тарапты бітімгершілікке келтірсе, бұл істі сот немесе басқа да құзырлы органдар қайта қарамайды. Әсіресе кәмелеттік жастағы балалар біліп-білмей жасаған олқылық әрекеттері үшін заң алдында жауапқа тартылып, оның қылмысы электрондық базаға енгізіліп қойса, кейін ол оқуға түсіп, жұмысқа орналасқанда қателігі алдынан шығып, кері әсер тигізіп жататыны жасырын емес. Ал мәселе дер кезінде медиация арқылы шешілсе, оның бұл ісі электрондық базаға да тіркелмейді және жария етілмейді, – дейді медиаторлар.
Дау-дамайды ары қарай өршітпей, бітімгершілікке келтіру, шыншылдыққа шақыру медиатордың мықтылығына байланысты. Бұл заңның мақсаты – дауласушы тараптардың қатарын азайту, екі жақты өзара бітімге келтіріп, татуластыруға қол жеткізу. Бітімге келу, татуласу, бір-біріне кешірім жасау біздің ұлтымыздың өткен тарихында бар нәрсе. Сондықтан кәсіби және кәсіби емес медиаторлардың рөлін арттыруымыз қажет. Басқосуда сөз алған ауыл ардагерлерінің пікірі осыған саяды.
– Қазақ «Еліңнің ішін даудан сақта, сыртын жаудан сақта» деген. Елінің тыныштығы мен бейбітшілігін сақтап, дауды шешуге ақсақалдар араласуға тиіс. «Ауыл ағасыз, тон жағасыз болмайды» дейтін қазаққа бұл тіпті түсінікті әрі жақын нәрсе. Заң осыған жол ашып беріп отыр. Үлкеннің сөзінен аттап өтпейтін халық едік қой. Міне, соған қайта келдік. Бұл – қуантарлық жайт. Бұрынғы билердің ізімен, шешендердің сөзімен араздасқандарға тоқтау айтып, ауылдың ішінде-ақ шешу жайы қолға алынғанына қуанамын. Бұрын бір ауылды бір ғана ақсақал басқарған. Осы медиация дамыса, сол ауылдарда қылмыс азайып, қазақы тәртіп мәселесі жанданар еді. Бұл заңның қоғам мүддесін қорғауда атқарар рөлі зор, – дейді Ақсу ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тынымбай Барпаяқов.
Қазір қылмыс саны көбейді. Оның ішінде ұсақ бұзақылық пен мал ұрлығы өршіп тұр. Бұл істер сотқа кетсе, заң аясында ақ-қарасы анықталып, қылмыскерге тиісті жаза қолданылады. Егер осы мәселе медиация арқылы шешілсе, екі тарап та ұтылмайтыны анық. Ең бастысы ағайын арасында араздасушылық болмайды. Осыны түсінген аудандық сот төрағасы А.Мизанбаев жиын соңында ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.