» » » МЕДИАЦИЯ – ДАУДЫ ШЕШУДІҢ БАЛАМА ТҮРІ

МЕДИАЦИЯ – ДАУДЫ ШЕШУДІҢ БАЛАМА ТҮРІ


Бұрын араздасқан ағайындар арасындағы жанжалға ауылдың үлкендері араласып, туындаған дауды ауыл ақсақалдары шешіп отырған. Шешендік сөзбен шиеленіскен дауды өршітпей, екі жақтың да уәжін тыңдап, ортақ шешімге келтірген.
 Қазір дау да, кикілжің де көбейді. Оған бірден-бір себеп, нарықтық қатынастардың орнауы және халықтың құқықтық сауаты мен талабының артуы. Кез келген ұсақ-түйек дау-шармен ел сотқа жүгінетін болды. Бүгінде, дау-дамайды сотсыз, екі жақтың мәселесін мәмілегерлік жолмен шешіп берудің ұтымды жолын ойластырып, арнайы заң да қабылданды. Осыдан 8 жыл бұрын ҚР «Медиация туралы» заң күшіне енді. Сол уақыттан бері ауыл-аймақтарда аузы дуалы ақсақалдар ішінен кәсіпқой емес медиаторлар бекітілді. Біздің өңірде де мұндай мамандар 30-дан асып жығылады.
Жалпы, біздің халық дау, сот деген дүниелерден алшақ жүргісі келеді ғой. Қазақ басын дауға қалдырмауға тырысқан. Сол себепті жұртқа қарапайым тілмен түсіндіретін болсақ, медиация бұл ата-бабамыздың салтында, дәстүрінде болған институт. Қазақта кез келген дауды шешудің әдіс-тәсілдері көп болған. Соттың міндеті қара қылды қақ жара отырып, заң жүзінде кінәліні жазалау болса, ол кездегі дауларды шешетін тұлғаның мақсаты тек екі жақты татуластырып, ертең екеуі бір-біріне алакөз болмауын, кейін қайта жауласпауларын қамтамасыз ету болған. Медиация заңы біздің болмысымызға сәйкес азаматтардың мүдделерін аяққа таптамай, керісінше екі жақтың да ақ батасын алатындай дәрежеде жұмыс жасайды. Медиацияның мақсаты да сол. Біріншіден, дауды шешуде екі тарапты да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу болса, екіншіден, екі тарап арасындағы белгілі бір даулы мәселені сотқа дейін шешу. Осы мақсат-міндеттерін қолдана алсақ, біраз азаматтардан түскен арыз-шағымдарды оңтайлы шешуге зор мүмкіндік болмақ.
Ал медиатор – сот әрекеттеріне қатысы жоқ бейтарап делдал, оған азаматтар ерікті жолмен жүгіне алады. Оның тиімді жағы даудың шешімін тараптардың  екі жақты келісімімен және екі жақты даудың тез әрі қолайлы тәсілмен мүдделі түрде орындалуына мүмкіндік беріледі. Сонымен бірге, медиатор дауды шешіп, екі тарапты бітімгершілікке келтірсе, бұл істі сот немесе басқа да құзырлы органдар қайта қарамайды. Әсіресе, кәмелеттік жастағы балалар біліп-білмей жасаған олқылық әрекеттері үшін заң алдында жауапқа тартылып, оның қылмысы электрондық базаға еңгізіліп қойса, кейін ол оқуға түсіп, жұмысқа орналасқанда қателігі алдынан шығып, кері әсер тигізіп жататыны жасырын емес. Ал, егер сол мәселе дер кезінде медиация арқылы шешілсе, оның бұл ісі электрондық базаға да тіркелмейді және жария етілмейді. Өткен жылы аудандық сот төрағасы алыс-жақын елді-мекендерді аралап, ауыл халқымен кездесу өткізді. Онда медиация заңына қатысты азаматтардың өтініш-тілектерін тыңдап, кәсіби және кәсіби емес медиаторлар арқылы да екі тарапты бітімге келтіруге болаты түсіндірілді. Соның нәтижесінде биылғы алты айда Медиация тәртібімен 44 қылмыстық іс, 34 азаматтық іс және 19 әкімшілік іс қысқартылды. Демек, бұл дегеніміз жылдан-жылға халық арасында медиаторлардың рөлі артып келеді деген сөз. Оның ішінде неке бұзуға қатысты сотқа түскен талап-арыз саны да азайды.
Біз көбіне сотқа арызын арқалап келген жас жұбайлардың райынан қайтаруға тырысамыз. Мақсат – отбасын сақтап қалу. Егер, алған бетінен қайтпаса, әрине арызы тіркеледі, заң аясында некесі бұзылады. Қорыта айтқанда қазақ халқы ежелден сөзге тоқтап, сөз қадірін білген халық емес пе? «Балалығың он бестегі шешеңнен, даналығың алпыстағы әкеңнен» деп Қадыр ақын айтқандай, аңғалдығы мен адалдығын жоғалтпаған, дана халықпыз. Сондықтан да ағайынды ауызбірлікке, елді бірлікке үндейтін, ата-баба жолымен қайта жаңғырған Медиация заңының тиімділігі мол.

Рахат АҚҚАСЫНОВ,
аудандық соттың бас маманы.
13 қыркүйек 2019 ж. 689 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930