РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАР – ҚОҒАМ БІРЛІГІНІҢ НЕГІЗІ
Өткенде Нұр-Сұлтан қаласында «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» тақырыбын арқау еткен III республикалық имамдар форумы өтті. Форумда көтерілген мәселелердің негізгі бағыттарын түсіндіру, қабылданған құжаттарды таныстыру әрі насихаттау мақсатында аудандық «Иманқұл» мешітінде семинар ұйымдастырылды.
Семинарды аудандық «Иманқұл» мешітінің бас имамы Айбек Мәдиев ашып, форумда қабылданған «Дін қызметкерлерінің атқаратын діни рәсімдері тізілімі», «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасы», ҚМДБ құрылымындағы діни лауазымдар тізілімі және міндеттер» құжатын жан-жақты таныстырып, баяндады.
– "Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі" тақырыбын арқау еткен III республикалық имамдар форумында бірнеше маңызды құжат қабылданды. Форум барша дін қызметкерін, халқымызды ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, туған жерді көркейтуге, жаңашыл ойлап, қоғам үшін игі іс жасауға, өн-бойымыздағы рухани құндылықты жаңғыртуға үндеді. Дін қызметкерінің жұмысы қай заманда абыройлы болса, соғұрлым жауапкершілігі жоғары болған. Бүгінгі таңда имамдардың қоғам алдындағы миссиясының маңыздылығы күн санап артып келеді. Форумда қабылданған діни рәсімдер тізілімі – заманның талабынан, қоғамның сұранысынан туындаған тарихи құжат. ҚМДБ діни рәсімдерді 45 тармаққа бөлді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер – өз атауында көрсетілгендей, мүфтияттың мамандары, яғни имамдар орындайтын іс. Бұл құжат бүгінгі және ертеңгі ұрпақ өмірінің рухани азығы мен мызғымас тәртібіне ықпал етеді, – деді бас имам.
Айбек Мәдиев діни рәсімдер тізімдеме құжаты әрбір имамның жұмысын нақтылайтынын жеткізді. Имамның сөзінше, жасақталған тізімге бала шыр етіп дүниеге келген сәттен бастап, кісі дүниеден қайтқанға дейін атқаратын діни рәсімдер енгізілген.
Айта кету керек, семинар жұмысына ауданға қарасты барлық ауылдағы мешіт имамдары қатысты. Жиын соңында бас имам А.Мәдиев М.Шәменов ауылындағы Мөрәлі ата мешітінің имамы Тайман Оразбаевқа 15 жыл абыройлы имамдық қызмет атқарғаны үшін ризашылығын білдірді. Ардагерді зейнеткерлік демалысқа шығуымен құттықтап “Алғыс хатпен” марапаттап, иығына шапан жапты.
Н.ҚАЗБЕКОВ