Аудан дамуы басты назарда
Апта басында аудандық мәслихаттың кезектен тыс 47-сессиясы өтті. Сессияға аудан әкімінің орынбасары Рүстем Ержанов және мәслихат депутаттары қатысты. Келелі жиында бюджет мәселесі мен ауданның даму бағдарламасы қаралды.
Күн тәртібіндегі екі мәселе бойынша аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі басшысының орынбасары Қуанышкүл Көшербаева хабарлама жасады.
– 2019 жылға Жалағаш кентінің және ауылдық округтердің бюджеттері 1337,8 млн. теңге көлемінде бекітілді. Жыл көлемінде дербес бюджетке 3 рет нақтылау, 3 рет түзету енгізіліп, нәтижесінде нақтыланған дербес бюджет көлемі 1773,6 млн. теңгеге артты. Жыл көлемінде дербес бюджетке 387,2 млн. теңге ағымдағы нысаналы трансферттер бөлінді, – деді.
Күн тәртібінде қаралған екінші мәселе ауданның 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасы болды. Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі басшысының орынбасары енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы айтты. Оның сөзінше, облыстық экономика және бюджеттiк жоспарлау басқармасы басшысының 2019 жылғы 20 наурыздағы бұйрығымен Қызылорда облысының аудандары мен Қызылорда қаласының жергiлiктi атқарушы органдары үшiн нысаналы индикаторлар тiзбесi бекiтiлген және осы бұйрықпен қолданыстағы ауданның даму бағдарламасында бекітілген 78 нысаналы индикатордан 55 нысаналы индикатор қысқартылып, 23 нысаналы индикатор қолданыста қалуы қарастырылған, сондықтан ауданның 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасына өзгерістер енгізу жоспарланған. Ауданның 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасындағы 23 нысаналы индикатор облыстық салалық басқармалармен толық келісіліп, 23 нысаналы индикатордың 2019 жылға 9 нысаналы индикатордың жоспарлы мәндеріне өзгеріс енгізілгенін жеткізді.
Мәслихат депутаттары күн тәртібінде қаралған мәселелерге байланысты бірқатар ұсыныстарын білдіріп, сауалдарына жауап алған соң, бірауыздан қолдап, бекітті. Сессия отырысын аудан әкімінің орынбасары Рүстем Ержанов қорытындылап, аталған мәселелерге қатысты жұмыстарды бір саралап өтті.
Қуат АХЕТОВ