» » АРХИВТІҢ ШЕРТЕР СЫРЫ КӨП

АРХИВТІҢ ШЕРТЕР СЫРЫ КӨП

Туған жерге тағзым етіп, кіндік қаны тамған топырағын қастерлеу – әр азаматтың парызы. Өскен өлкеден жырақтап, арман-мақсатын жанына серік етіп, басқа өңірлерге кеткен жерлестеріміз аз емес. Олар туған жерге, елге қызмет етудің бірегей жолы адал еңбек деп біледі. Қай жерде жүрсең де, өзің таңдаған жолдан жаңылмай, алтын бесігің – туған жеріңнің атын шығарсаң, оның дамуына үлес қоссаң мерейің асып, кеудеңді қуаныш сезімі кернейтіні анық. Жалағаш топырағы осындай азаматтардан кенде емес.
Жуырда ғана 80 жылдық мерейлі тойын атап өткен тарихы тереңнен тамыр тартқан, шежірелі өңір халқы осындай дара тұлғалы азаматтарымен мақтанады. Олар республиканың түк­пір-түкпірінде абыройлы қызметте жүр. Солардың бірі – Нұр-Сұлтан қа­ла­сының мемлекеттік архивінде Ғылыми-зерттеу бөлімінің басшысы, бел­гілі журналист, жерлесіміз Ғазиза Исахан.
Әңгіме арқауына айналған Ғазиза Исахан 1963 жылы Жалағаш кен­тінде дүниеге келген. Орта бі­лім­ді Ш.Ермағанбетова атындағы №246 орта мектепте алып, кейін­нен әл-Фараби атындағы Қазақ мемле­кеттік университетінің фило­логия фа­культетін «араб, қазақ тілі және әде­биеті пәндерінің оқытушысы» мамандығы бойынша бітірген. Өзінің саналы ғұмырында еңбек жолын Алматы қаласында №45, №62 орта мектептерде араб тілі пәнінен дәріс беруден бастап, 1989 жылы архив ісі саласына қыз­метке ауысады. Жылдар бойы осы салада жүр­ген Ғазиза Тұрмағанбетқызы бір сұхбатында «Архив туралы айт­қанда, адамдар оны өткен оқи­ғаның шындығын нақтылайтын, де­ректің шынайылығына, дәлдігіне көз жеткізетін мекеме ретінде қабыл­дай­ды. Бірақ архивте жұмыс істейтін біздер архивтің рөлін одан гөрі кеңі­рек, маңыздырақ бағалаймыз. Құжат бұл ауа сияқты, ол барда біз оны байқамаймыз. Ол – керек емес кезде өткеннің дерегін сақтайтын, шаң басқан қағаздар жиынтығы. Ал бірақ тәжірибеде басқаша, Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік архивіне жылына 9-10 мың адам әкімшілік-құқықтық сипаттағы сұраныспен келеді» деген екен. Расында Ғазиза апамыздың сөзінің жаны бар. Өзі жұмыс істейтін саланың мемлекет үшін, тіпті елдің тарихы үшін аса маңызды орын екенін бірауыз сөзбен-ақ түсіндіріп өтіпті. Жерлесіміз бұған дейін де көптеген қызметтерде болып, нағыз өз ісінің маманы болу үшін көп тәжірибеден өткен. Еліміздің архив қорын байытуда, шетелдегі қазақ зиялыларының құнды деректерін қорға қосуда өлшеусіз еңбек сіңірген. Осы қызметіне дейін Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінде 1 дәрежелі археограф, аға палеограф, бөлім меңгерушісі, бас сарапшы, бөлім бастығы, Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігінде Архив ісі­ және құжаттама басқармасының бас­шысы, Қазақ ұлттық өнер университетінде Ақпараттық-кітапхана қызметінің басшысы қызметтерін атқарған. Шетел­дер мен архив ісі саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдерді әзірлеуге үлес қосып, Армения, Египет, Өзбекстан, Польша, Ресей, Түркия мемлекеттерінің архивтері мен ғылыми мекемелерінен Қазақстан тарихына қатысты құнды құжаттардың көшірмелерін алып, Ұлттық архив қорына тапсырылуына үлес қосқан. Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмасымен Франциядағы Мұстафа Шоқай архивінің оралуына, кейіннен Польша, Ресей, Түркия мемлекеттерінің мұрағаттары мен жеке коллекционерлерінен М.Шоқайға қатысты құнды құжаттардың, Ұлы­британиялық коллекционерден «Яш Түркістан» журналының түпнұс­қала­­рының, Мысырдан шығыстанушы ғалым Насроллат-Таразидің жеке архивінің Ұлттық мұрағат қорына тапсырылуына қомақты үлес қосты. Ақжан әл-Машани, Қасым Қайсенов, Зейнолла Қабдолов, Өзбекәлі Жәнібеков, Асанбай Асқаров, Санжар Жандосов, Әзілхан Нұршайықов, Олжас Сүлейменов, Тұрсынбек Кәкішев, Бибігүл Төлегенова сын­ды та­нымал тұлғалардың жеке құжат­тары­ның қорға алынуына ықпал етті.
Өмірлік жолдасы Бейбіт Құсанбектің артында қалған мұрасын жинақтап, «Өлең – өзім» (2007), «Ғұмырдария» (2008), «Ел ағалары» (2009), «Бір сәт және бүкіл ғұмыр» (2012), «Өмір – өзен» (2017) кітаптарын жарыққа шығарды. Ғазиза апамыздың өмірлік жолдасы, Бейбіт Құсанбек еңбегі еленіп, бірнеше рет құрмет төрінен көрінген, Қазақстан Журналистер акаде­мия­сының «Алтын жұл­дыз» сый­лы­ғының, Қазақстан Респу­бликасы Пре­зиденті бұқаралық ақпа­рат құрал­дары саласындағы сый­лығының иегері болған.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ

12 қараша 2019 ж. 436 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930