» » ҚАРАКЕТКЕНДІК ЖҰРТЫМ ҚАНДАЙ ХАЛЫҚ, БІРЛІГІНЕ БІЗ ҚАЙТТЫҚ ТАҢДАЙ ҚАҒЫП

ҚАРАКЕТКЕНДІК ЖҰРТЫМ ҚАНДАЙ ХАЛЫҚ, БІРЛІГІНЕ БІЗ ҚАЙТТЫҚ ТАҢДАЙ ҚАҒЫП

Қолында барын қапталдас қоныстанған көршісімен бөлісетін ауыл халқының жомарттығында шек жоқ қой. «Өле жегенше, бөле же» деген қағиданы өмірлік ұстаным етіп алған олардың осы кеңпейілдігіне риза боласың. Кешегі аптада қаракеткендік ағайын бізге ауылда ауызбіршілік барда береке қатар жүретінін тағы бір ұқтырды.
Осыдан біршама уақыт бұрын бастауыш партия ұйымы дегенге елдің құлағы үйренбей-ақ қойды. «Мұндай ұйымдар кішігірім акция өткізгеннен әріге бармайды» деген пікірге сүйенетіндер де табылды. Бірақ «Nur Otan» партиясы жанынан құрылған бастауыш партия ұйымдары кейбір тұрмыстық мәселелерді шешуде өзінің маңызды рөл атқаратынын көрсете білді. Ауылға барған бір күндік сапарда осындай игі шараның куәсі болдық.
Қаракеткен ауылындағы орта мектепте бұрын білім сапасында айтарлықтай төмендік байқалатын. Бірнеше жыл бұрын басшылықты қолға алған Мира Тыныбекқызы қазіргі таңда бұл мәселенің алдын алды. Ауылдар арасында 3-4 жыл қатарынан ҰБТ қорытындысымен көш бастаған мектеп түлектері де бұл жетістікті ұлағатты ұстаздарының нәтижелі жұмысымен байланыстырады. Орта мектептер арасында жұмысы оқ бойы озық келе жатқан білім ошағының басшысына жақында «Nur Otan» партиясы Жалағаш аудандық филиалы «Қара­кеткен ауылдық округі» бастауыш партия ұйымына жетекшілік ету жүктеліпті. Ұйымның негізгі мақсатын жете түсінген мектеп директоры аз ғана уақыттың ішінде ауыл халқының тұрмыстық сапасын жақсартуға айтарлықтай жұмыс жасаған.
«Көмекті шын мұқтаж жандар алуы керек» деген ел ағаларынан қалған сөз бар емес пе? Осы пікірді назарға алған бастауыш партия ұйымының төрайымы ең алдымен жақсылық жасауды ауылдағы тұрмысы төмен отбасынан бастауды жөн санайды. Елді мекенде Айнұр Жұмабайқызы деген жалғыз басты ана бар. Басында баспанасы жоқ отбасына үй алып беру керектігін ауыл халқының назарына салғаны сол еді. Бұл елдің де ойында жүрген жоспар екен, бірауыздан қолдай кетті. Ауылдан шыққан бірқатар кәсіпкер бар, тұрғындар жұмылып қолдан келген көмегін аямады. Тамшыдан көл құрау үшін қаракеткендіктерден тәлім алу керек деген ой түйдік.
Адам мұқтаж жанға көмек беру үшін қалталы болуы маңызды емес екен. Қараңызшы, ауыл халқы тиын-тебен болса да қолдан келген көмегін аямады. Тіпті қаржысы жоқтар қол көмек етіп, отын-суын кіргізіп, үйдің ішкі-сыртқы жұмыстарына белсенді араласып жүр. Ынтымағы бар ел азбайды, бірлігі жарасқан жер де тозбайды. Осы бір қанатты сөз Қаракеткенге қаратып айтылғандай ма дейсің. Тұрғын үй кілтін салтанатты табыстауға келген «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қаншагүл Мұстафаева да игі шараның басы-қасында жүрген ауыл халқына алғыс білдірді.
– «Nur Otan» партиясы Жалағаш аудандық филиалы «Бақытты отбасы», «Халыққа көмек», «Кедергісіз келешек» партиялық жобалары аясында тұрмысы төмен отбасыларға әрдайым көмек көрсетіп келеді. Бүгінгі күні партия филиалының «Қаракеткен ауылдық окру­гі» бастауыш партия ұйымының төрайымы Мирамкүл Жүсіпованың бастамасымен ауыл­ тұр­ғыны Айнұр Науанованың жанұя­сына құр­дастарының, туыстарының, жеке кәсіп­керлердің, ауыл тұрғындарының қолдауымен тұрғын үй алып беруге ұсыныс айтылды. Біз бұл ұсынысты қолдап, Мәуліт мерекесі қарсаңында баспана кілтін табыстағалы отырмыз. Партияның аудандық филиалы жанынан құрылған «Қара­кет­кен ауылдық округі» бастауыш партия ұйымының ұйымдастырған игі шарасына куә болдық. Бұл шара бастауыш партия ұйымының жұмысындағы жүйелілікпен қатар ауыл халқының ауызбіршілікпен, ынтымақпен күн кешіп жатқанын тағы бір аңғартты. Қазақ қашанда жақсылық жасауға ынтасы ауып тұратын болса, біз сол текті елдің ұрпағы екенімізді көрсете білдік. Осындай игі шарадан жастар тағылым алып, ертеңгі күні де бір-біріне қарасуды өздеріне міндет санайды. Науановтар отбасына бұл баспана құтты қоныс болсын. Қызы Жанерке аспазшы мамандығымен жұмыс жасап жатыр екен. Ұлының да сабақта үлгерімі жоғары екен. Осылар ер жетіп, бой жетіп, анасына қызығын көрсетсін дейміз. Сіздер тек бір отбасына жақсылық жасаумен шектелген жоқсыздар, өскелең ұрпаққа мол өнеге қалдырып жатсыздар, – деді Қ.Мұстафаева.
«Nur Otan» партиясы Жалағаш аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары дұрыс айтады, бұл тек бір ғана отбасына берілген көмек емес, бүтін бір ауыл жастарына берілген тағылым. Жақсылық жасап жатқан жомарт халықтың игі ісінен шабыт алған болуы керек, Қаншагүл Мұстафаева алдағы күні анасы мен ұл-қызы ем аламын десе жол шығынын, ақылы болса барлық шығынын өзі өтеуге уәде берді. Той-томалақта ас та төк асты ысырап етуден алдымызға жан салмағаннан осындай игі шараларда белсенділік танытқан мың есе артық емес пе! Бұл шара расында үлгі алуға тұрарлық дүние болды. Қонысқа құтты болсын айтып келген қазыналы қариялар, асқар тау әкелер мен ақ жаулықты аналардың өзі үйді жиһаз бен ыдыс-аяққа толтырды. «Көп түкірсе көл» деген осы.
Айнұр Науанованың қызы Жанерке мектепті 9 сыныпта үздік тәмамдап, арнаулы оқу орнына оқуға түседі. Отбасында анасына қолғабыс етіп жүрген қызға «Аспазшы» мамандығын жете меңгеру қиынға соқпады. Тіпті сабағын әлі аяқтап үлгермеген қарындасымыз қазіргі таңда осы салада жастар практикасымен жұмыс істеуде. Ал ұлы Бағдат Науан ауыл мектебінде 7 сыныпта оқиды. Ұстаздардың сөзінше, оның мектептегі үлгерімі жоғары көрі­не­ді. Айтпақшы біз түскі асқа отыра бергенімізде болашақ қарашаңырақтың иесі аудандық ғылыми жобадан олжалы оралды. Бағдат Науан физика пәні бойынша осыған дейін облыстық және аудандық сайыстарда жүлделі орындардан көрініпті. Кешегі сайыстан да құр алақан қайтпапты.
Игі шараға аудан орталығынан «Иманқұл» мешітінің бас имамы Айбек Мәдиев арнайы келіп, ауыл халқының бұл жақсылығы үлкен сауапты іс екенін жеткізіп, біреуге қолғабыс етудің қандай сауап екені жөнінде сөз қозғады.
– «Ақмешіт-Сырдария» мешіті мен облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен осы Мәуліт айында ауқымды шара өткізілмек. Сол кезде арнайылап Айнұр Науанова тәтемізге сый-сыяпат білдіріп, Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында сый көрсетіледі деп жоспарлануда. Алла Тағала жақсылықтарыңызды екі еселесін. Жақсылыққа үлес қосып жатқан барлық халыққа алғысымызды білдіреміз, – деді бас имам.
Қазіргі таңда не нәрсенің де екі жағы бар. Тек оны жақсылыққа бағыттау өз қолыңда. Мәселен, әлеуметтік желінің қазір қоғамға пайдасы мен зияны қатар жүруде. Тіпті кейде басымдық екіншісіне ауып кететін кездер де болады. Бұл да қоғамның өзіне байланысты. Жаңағы бастауыш партия ұйымының төрайымы Мира Жүсіпова желіні жұртының пайдасына жаратыпты. Әлеуметтік желіде топ құрып, ауылдастырын біріктіру арқылы кімнің қандай мәселесі барын анықтайды. Ал оның нәтижесін көріп отырсыздар. Осыған дейін бірнеше отбасынан түскен өтініш бойынша барлық үйден бір-бір отбасы мүшесін жұмысқа орналастырды. Ұйымға төрайым болғалы 12 қабылдау өткізсе, соның 12-сі де шешімін тапты. Ауыл мектебінде де отбасылар арасында түрлі спорттық сайыстар өткізіп тұрады. Бүгін баспаналы болған жалғыз басты анадан бөлек «Ардагерлерді ардақтайық», «Бақытты отбасы» партиялық жобалары аясында немерелерін асырап отырған ауыл тұрғыны Несібелі әжейге азық-түліктей көмек көрсетілді. «Бақытты отбасы» жобасы аясында ауылдық клубта көпбалалы аналарға жергілікті өнерпаздардың қатысуымен концерт ұйымдастырылды.
Осылайша жұмыла көтерген жүктің қашанда жеңіл боларын назарға салған жұрттың жомарттығына біз тәнті болдық. Қолдарында аса бір артық дүние жоқ, бастысы пейілі кең, жүрегі дархан екен. Осыдан-ақ «Біреуге жақсылық жасайын десем, қолымда артық ақша жоқ» деген сөздің жай ғана сылтау екенін түсіндік. Бірлікті, ауызбіршілікті басты бағыт еткен бұл ауылдың әлі жетер жетістігі алда. Бастысы, кең пейілдерін Алла тарылтпасын.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

10 желтоқсан 2019 ж. 306 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930