» » Кубаға барған Кенішбай

Кубаға барған Кенішбай

I
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы тарихи санаға сілкініс жасағаны белгілі.
Жалағаштың атын жаһанға әйгілеген еңбек майталманының бірі – Кенішбай Әлшоразов. Ендігі әңгімеміз осы кісі жайында өрбімек.
1940 жылы Мәдениет ауылының ізіндегі «Қызыл Жұлдыз» колхозында дүниеге келген Кенішбай 1957 жылы «Мақпалкөл» орта мек­тебін бітіреді. Еңбек жолын Жамбыл атын­дағы колхозда күрішші болып бастайды.
Алғашқы жылдары сушы болып жұмыс істейді. Тәжірибелі күрішшілердің қасында жүріп, олардан тәлім алды, білмейтіндерін сұраудан жалықпады. Оның еңбекқорлығын көрген совхоз басшылары звеноға жетекші етті. Күріш тұқымы мәпелеуді қажет ететінін, жерді таңдайтынын, тегіс жерге шығатынын, таза суды талап ететінін, тамырының тереңге кететінін, күріштің ата жауы арам шөп екенін, оны өсіру үшін әдіс керектігін еңбек ете жүріп білген, көзімен көрген Кенішбай мол өнім алу жолында ыждағаттылықпен еңбек ете білді. Соның нәтижесінде өзіне бекітілген күріш алқабынан жоспарға сай өнім алу дәрежесіне көтерілді.
1961 жыл. Бұл жыл жас күрішшінің өмірінде мәңгі есте қалатындай болып басталды. Олай дейтініміз күрішші болып еңбек еткеніне бесінші жылға аяқ басқанда, өткен жылдардың қорытындысымен ауданның жас күрішшілерінің арасынан озат атанып коммунистік партия қата­рына қабылданады, аудандық Кеңеске депутат болып сайланады.

II

Жуырда Кенішбайға жолығып, осыдан алпыс жыл бұрын Куба еліне барғаныңызды бүгінгі жастар білсін, сол жайында айтып беруін сұрадым.
– 1961 жылдың наурыз айының аяғы бола­тын. Маған облыстық комсомол коми­тетінен шақыру келді. Ол кезде мен облыстық комсомол комитетінің пленум мүшесі едім. Шақыруға уақы­тылы бардым. Ондағылардан Бостандық аралына Куба еліне достық көмек беру үшін Кеңес одағынан бір топ жас маман баратынын естіп, білдім. Солардың құрамында Қазақстаннан 10 адам баруы тиіс болса, Қызылорда облы­сына бір орын бері­ліпті. Сол орынға менің кандидатурамды ұсынып отырғандығын айтып, келісім беруімді сұрады. Жаспын ғой, оның үстіне шет елді көру қызықтырды, бірден келісімімді бердім. Арада бірнеше күн өткенде мені совхоз директоры Ұзақ Еспанов, партком хатшысы Өтеп Сәрсенбаев, жұмысшылар комитетінің төрағасы Тоқтасын Әбдіреев бастаған бір топ адам Жалағаштан Алматы-Москва пойызына мінгізіп шығарып сал­ды.
Москваға келгеннен кейін одан әрі тағы да «Москва-Одесса» пойызына отырып, Одесса қаласына келдік. Сонымен мамыр айының басында Одесса портынан «Грузия» атты теплоходпен жолға шықтық. Біз мінген теплоход Қаратеңізден шығып, Жерорта теңізіне жетіп, одан Атлант мұхитын кесіп өтіп 20 күн дегенде Кариб теңізі қоршаған Куба еліне де жеттік.
Қазақстаннан 10 адам баруымыз керек еді. Бір адам ауырып қалып тоғызымыз бардық. Бәріміз де ауылшаруашылығының мамандарымыз. Біздерді Гавана іргесіндегі провинцияның Гуйнос ауданындағы Раул совхозына орналастырды. Совхоз басшысы Гомос Гарсия, бас агрономы Энерико Морено деген азаматтар бізді жылы жүзбен қабылдады. Олар испан тілінде сөйлейді екен. Біздің басты жұмысымыз – күріш егісін үйрету.
Кубада күріш дақылын егу 1950 жылдары басталыпты. Бұрын олар тек тәтті қамыс (сахарный тростник) өсірумен айналысыпты. Күріш дақылы олар үшін сыры беймәлім жаңалық болып есептеледі екен. Кубаның табиғаты мен ауа райы бізбен салыстырғанда тым өзгеше ғой. Күрішті жылына екі рет егіп, екі рет орып алады. Әр гектардан алынатын өнім 15 центнерден аспапты.
Біздердің күріш егуімізге 1000 гектар жер берді. Дән сеппестен бұрын алдын ала жүргізілетін агротехникалық шараларды толықтай жүзеге асырдық. Дән себу, күрішті суға бастыру жұмыстарын бір аптаның ішінде аяқтап, дақыл күтімін бақылауды бастап та жібердік. Сөйтіп бірінші жылы әр гектардан 35 центнерден, екінші жылы әр гектардан 45 центнерден өнім алуға қол жеткіздік.
Жалпы Куба жерінің топырағы қызғыш, батпақты, бірақ құнарлы. Жерінде ашық су көздері жоқ. Күрішті скважина суымен суарады. Кубаның басшылары егіс басына қарапайым киініп, қолдарына егіс құралдарымен келеді. Бірде егіс басына Куба басшысы Фидель Кастро келді, қолында орағы. Бәрімізбен жеке-жеке қол алысып амандасты. Маған кезек келгенде мен Ыбырай Жақаевтың шәкірті екенімді айттым.
– Ия, Ыбырай Жақаевты білемін, партия сьезінде көргенмін. 1941 жылы 5 гектар күріштік жерден 171,5 центнерден өнім алып, дүниежүзілік рекорд жасаған еңбеккер. Менен сәлем айтып барыңыз, – деді.
Енді бір есте қалған кездесу, 1962 жылдың шілде айының бас кезі-тұғын. Егіс басына КПСС Орталық Комитеті Саяси Бюросына кан­дидат Өзбекстан Компартиясы Орталық Ко­ми­тетінің бірінші хатшысы Шараф Рашидов келді. Кетерінде «Ауылды сағынған шығарсың» деп «Сарыағаш» суын берді. Сұлу Сырдың сы­лаң­дай аққан суы көз алдыма елестеп, қуанып кетіп, сіміріп салдым.
1962 жылдың күзінде мерзім аяқталып, біздерге жүктелген міндеттерді ой­дағыдай жүзеге асырып аман-есен елге оралдық. Келгесін диханшылық кәсібімді одан әрі жалғастырдым, – деп тәмамдады әңгімесін К.Әлшоразов.

III

Тарих беттерін парақтасақ, күріш Сыр өңіріне қырықыншы жылдары келіп, елуінші жылдары тұрақты орын теуіп, алпысыншы жыл­дары оның өнімділігін арттыру, егіс көлемін ұлғайту облыста жаппай қолға алынғанын білеміз.
1964 жылы облыста жас күрішшілердің тұң­ғыш слеті өтіп, слетке Шиелі ауданынан Социа­листік Еңбек Ері, ақкүріштің атасы Ыбырай Жақаев бастаған, Шырынкүл Қазан­баева, Ертіш Дүйсеков, Ұлбала Алтайбаева, Жаңақорғаннан – Арапбек Әбиев, Те­реңөзектен – Қасым Бөдеев, Қар­мақшыдан – Пак Чен Ер, Қазалыдан – Ким Николай, Жалағаш ауданынан – Кенішбай Алшоразов қатысады.
Сол өткен бірінші слеттен әңгіме қозға­ғанымызда Кенішбай Алшоразовтың айтқа­нына құлақ түрсек:
– Мен сол слетте сөйлеген Ыбырай Жақаевтың: «Еңбексіз өмір – сөнген көмір. Еңбексіз адамның өзі де жоқ. Нан мен Еңбек егіз ұғымдар. Дихан төккен тер – қымбат қазына. Әрбір тамшы тер – әрбір уыс дән екенін білмекке керек. Миллиард тамшы тер – миллиард пұт астық. Өмір ләззаты, сүт пен нан, игілік пен ризық, осы миллиард тамшылар да, осы миллиард пұттар да.
«Ақылсыз жылынса – тон киместей, тойса – нан жеместей болады» - деп осындайларға айтылған. Солардан сақтанайық деген салиқалы, салмақты сөздері әліге дейін есімде сақталып қалыпты, – деді.

IV

Тоғызыншы бесжылдықтың мемлекеттік жоспарын үш жылда орындау жөнінде социалистік міндеттеме қабылдаған Кенішбай Әлшоразов еткен еңбегінің, төккен маңдай терінің, табанды іс-қимылының, озат тәжіри­белерді тиімді пайдаланудың арқасында нағыз майталман диқандардың біріне айналды.
Мәселен, оның бригадасы 1971 жылы 385 гектар жерге күріш егіп, жоспардағы әр гектардан 35 центнерден өнім алудың орнына 50 центнерден өнім келтірсе, 1972 жылы 60,2 центнерден, 1973 жылы жоспардағы 39,5 центнердің орнына 67,3 центнерден өнім жинап, 1971 жылы – 19050 центнер, 1972 жылы – 22870 центнер, 1973 жылы – 25954 центнер мемлекетке күріш өткізіп, бес жылдық жоспарды үш жылда орындады.
Еңбегі бағаланып Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті мен Қазақстан Министрлер Кеңесінің біріккен шешімі бойынша Кенішбай Алшоразовқа «Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты» атағы берілді.
Сол жылы ол Қазақтың «Еңбек Қызыл Ту» орденді «Мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының» «агрономия» факультетін өнді­рістен қол үзбей сырттай оқып бітіріп шығады.
Бұдан кейінгі оның өмір жолы күріш өсіретін өндіріс бригадасының бригадирі, бөлімше агрономы қызметтерін атқаруға арналады. Аталған қызметтерді абыройлы орындап, жоғары көрсеткіштерге жеткені үшін 1977 жылы «Үшінші дәрежелі Еңбек даңқы» орденімен марапатталды.
Саналы өмірінің 37 жылын егіншілік саласына арнаған Кенішбай Алшоразовқа 1995 жылдың 18 қазанындағы Қазақстан Республикасының Министрлер кабинеті жанындағы Қазақстан Республикасына ерекше сіңірген еңбегі үшін зейнетақы тағайындау жөніндегі комиссияның шешімі бойынша «Республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер» мәртебесі берілді.

V

Кешегі өткен күндерді араға біраз уақыт салып барып ой елегінен өткізіп көрсеңіз қызығымен де, тіпті реніштерінің өзімен де ыстық болып, аса бір қимас дүниедей көрінеді де тұрады. Қалай дегенде де өткен күндерге өкінішпен қарай беру жараспайды. Өткен уа­қыт­тағы қол жеткен табыстарды келешек ұр­паққа жеткізе отырып, кеткен кемшіліктер мен қателіктерді де жасырмаған жөн ғой деймін. Келешек ұрпақ біз жіберген кемшіліктер мен қателіктерді жібермеуді ойлану үшін керек-ақ.
Жалпы жазбамда өткеннен бірсыпыра жәйттарды еске түсірдім ғой деймін. Дегенде кешегі от жалынды қайсар жігітті бүгінгі күні сексеннің құрсауына түскенін көргенімде ақындардың алыбы Әбілда Тәжібаевтың «Уақыт» деген өлеңі еске түскені:
«Көзімді алдың от боп жанған, маздаған,
Сөзімді алдың адам жанын қозғаған.
Үнімді алдың жоқтарды іздеп боздаған,
Өңімді алдың бүлдіршіндей тозбаған.
Жолымды алдың әлі алысқа бармаған,
Жырымды алдың әлі айтылып болмаған,
Жарар еді жүрегіме тимесең,
Бір күн тірілік ете алмаймын сүймесем».
Мұның барлығына шүкіршілік жасап отыр­ған Кенекеңе өткен жылы ауданның «Құрметті азаматы» атағы берілді. Еңбек майталманының саналы ғұмыры жас ұрпаққа өнеге екенін айта кеткен жөн.

Шыңғыс Айбосынов,
Қазақстан Журналистер одағы мен
Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі
11 ақпан 2020 ж. 598 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 773

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930