АСЫЛ ЖАНДАР ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ
Қанша жақсылық жасасақ та ана деген аяулы жанның алдындағы перзенттік парызымыз толық өтелмейтін шығар! Балам деп түн ұйқысын төрт бөлген қадірлі жанға бір сәт уақытын бөле алмайтын адамдарды көргенде қынжыласың. Ал мереке сайын анам деп үйіне асығатын жандарға қарап осы қасиет әлгілерге де жұқса дейсің ғой. Жалпы сөз атаулының ішінде қандай мақтау-мадақтар болсын, Ана деген аяулы жанның бағасын толық бере алмайды. Сыр журналистерімен кездесуінде классик жазушы Дулат Исабеков ағамыз «Тек біздің елде ғана емес, Ана тақырыбында қалам тербеген әлем жазушыларының ішінде мен үшін асыл жанның болмысын толық аша алғаны жоқ, аша алмайды да» деп еді. Бұл пікірге менің де алып-қосарым жоқ. Наурыз айының алғашқы он күндігінде жылына бір келетін нәзікжандылар мерекесінде елімізде аяулы аналарды құрметтеуге арналған мерекелік шаралар ұйымдастырылады. Дәл осы күні ардақты аналардың құшағы гүлге толады. Мұндай тағылымды шаралар жыл сайын Жалағашта да өз деңгейінде өтіп жатыр.
Сенің ортаңа, отбасылық жағдайыңа, өзіңнің шама-шарқыңа қарап жолдас, құрбы болатын жандар бар. Ал ана үшін мұның бәрінің құны көк тиын. Тіпті сал болып қалсаң да ол үшін сен бәрінен биік перзентсің. «NurOtan» партиясы аудандық филиалы ұйымдастырған мерекелік шарадан біз осыны ұқтық. «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында ұйымдастырылған салтанатты шарада мүмкіндігі шектеулі баласы бар ардақты жандар марапатталды. Партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарованың сый-сыяпатын жеткізген Қаншагүл Мұстафаева асыл жандардан ақыл-кеңесін аямады.
– Көктемнің алғашқы он күндігінде жылына бір келетін нәзікжандылар мерекесімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Отбастарыңызға береке, бастарыңызға амандық, зор денсаулық тілеймін. Балам деп түн ұйқысын төрт бөлетін аналар жыламасын, сіздер аман болыңыздар. Ананың бала бағудағы қызметі тек оны өсірумен шектелмейді. Бабадан жалғасып келе жатқан ұлттық тәрбиемізді олардың бойына дарытуда да сіздердің сіңірген еңбектеріңіз ерен. Осындай тәлім-тәрбие көрген жастар келешекте өз жолынан, салтынан әсте адаспайды. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген нақылдың мағыналық тұрғыдан түбіне үңілсек, үлкен мән жатыр. Сондықтан біз алдыңғы буыннан көрген тәлімді олардың бойында жаңғыртуымыз керек. Мұның бәрін қазақ тұрмыстық жағдайда жүзеге асырған. Көп уақытын нәзікжандылар отбасында өткізгендіктен бұл тұста бізге жауапкершілік қажет. Үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіретін салиқалы ұрпақ қалыптастыруда аналардың рөлі жоғары. Баршаңыздың отбастарыңызда салиқалы ұрпақ өссін. Мемлекет болып мақтанатын азаматтарды дүниеге әкеле беріңіздер, – деді партияның аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Қаншагүл Шоңмұрынқызы.
Асыл жандарға бағалы сыйлықтар табыс еткеннен кейін Қ.Мұстафаева олардың әрқайсысының отбасына партия тарапынан қолдан келгенше көмегін аямайтынын жеткізіп, аналардың үніне құлақ түрді. Балаларының жағдайын біліп, ем алуына қандай көмек қажет екенін сұрады. Тіпті бірқатарының балаларына «Емделу үшін көптеп қаржылай көмек көрсету шараларын қолға алайық» деген ойын айтты.
Жалағаштықтар жығылғанды демеп, шама-шарқынша жәрдемдесуді дәстүрге айналдырған. Жағдайы төмен отбасыларға, жалғыз басты аналарға жомарт жандардың баспана сыйлауы соңғы жылдары біздің ауданда дәстүрге айналды. Әрине, мұндай игі шараларда ел ағаларына ой салып, ақыл қосуда партияның еңбегі ерен. Ал бүгінгі Қ.Мұстафаеваның мүмкіндігі шектеулі балалардың еміне көптеп қол ұшын созайық деген идеясына да қарсылық білдіретіндер жоқ шығар.
Асыл аналардың жүзіне күлкі үйірген мерекелік шарада марапат иелері партияның арнайы жобасы аясында көрсетілген құрмет үшін ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізді.
К.ҚАЙРАҚБАЕВ