БЕРЕКЕЛІ БАСТАМАЛАР БАЯНЫ немесе 343 адамды жұмыспен қамтитын 18 жоба
Соңғы жылдары Жалағаштағы қордаланған мәселелер шешімін тауып келеді. Ауылдардағы атқарылып жатқан жұмыстарды санамағанның өзінде кентте ауыз толтырып айтарлық жаңалық жеткілікті. Жол жөнделіп, газ келтіру мақсатында құбырлар орнатылуда. Күн электр станциясы салынып, игілікке берер күн жақын. Аудандық кітапхана мен №201 мектеп күрделі жөндеуден өтті. Аудандық аурухана жаңадан салынуда. Аудан әкімдігінің жаңа ғимараты да еңсе тіктеп үлгерді. Әне-міне дегенше Жалағашқа көгілдір отын келіп, тұрғындар от жағып, күл шығарудан құтылады деп күтілуде. Оқырман білсін деген мақсатпен биылғы атқарылатын жұмыстарға тоқталғанды жөн санадық.
Қандай жұмыс атқарылады?
Ауданда атқарылып жатқан жұмыстар негізінен әлеуметтік саланы дамытуға, ең әуелі әлеуметтік міндеттемелерді уақытылы орындауға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға негізделген. Аудан экономикасын әртараптандыруды көздейтін басым жобаларды іске асыруға, инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.
Жалағашты көркейту мақсатында атқарылатын жұмыстар биыл да жалғасады. Біз нақты нендей тірлік жүргізілетінін білу мақсатында аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөліміне хабарласқан болатынбыз. Сонымен қатар аудандық жұмыспен қамту орталығынан мәліметтер алдық. Аталған мекемелер берген мәліметке сүйенсек, биыл құрылысты жаңғырту және жол жөндеу бағытында 18 түрлі жоба жүзеге асады екен.
Биыл жөндеуден өтетін нысандардың қатарында Аққыр және Мақпалкөл ауылдық округтеріндегі мектептер бар. Білім ошақтарына күрделі жөндеу жүреді. Кент орталығындағы ескі емхананың іргесі берік, қабырғасы мықты ғимаратын аудан жұртшылығы жақсы біледі. Бұл ғимарат жаңғыртудан өтіп, балабақша ретінде пайдаланылуға беріледі деп күтілуде. Бұдан бөлек Аққұм, Бұқарбай батыр ауылдарындағы емхана мен дәрігерлік амбулатория ағымдағы жөндеуден өтеді. Аудандағы жұқпалы аурулар ауруханасының ғимаратына да ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалады. Сонымен қатар Жалағаш кентіндегі және Таң елді мекеніндегі мәдениет үйлері де жөндеуден өтеді. Осы секілді ағымдағы жөндеу жүргізілетін нысандардың қатарына аудандық мәдениет және өнерді дамыту орталығының спорт және акт залдары, №13 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебі, “Наркескен” спорт клубы және М.Шәменов ауылындағы спорт алаңдары еніп отыр.
Жол жөндеу жұмыстары да назардан тыс қалмайды. Жалағаш кентіндегі Б.Сопбеков, Амангелді, А.Бисенов, Әйтеке би, Қазыбек би және Сәрке батыр көшелері орташа жөндеуден өтеді. Сондай-ақ “Самара-Шымкент-Таң” және “Самара-Шымкент-Жосалы-Жалағаш-Қаракеткен” бағытындағы аудандық маңызы бар автомобиль жолына орташа жөндеу жүреді. Біз айтып отырған 18 түрлі жұмыстың ішінде Ақсу ауылына кіре беріс автомобиль жолы мен осы елді мекендегі көшелерді жарықтандыру жұмысы да бар. Биыл кенттегі орталық алаң да абаттандырылады.
Қанша адам жұмыспен
қамтылады?
Қарап отырсақ, атқарылатын жұмыстың ауқымы кең. Бірақ осынша нысанды жөндеу үшін де қол күші керек екені белгілі. Біз аудандық жұмыспен қамту орталығының “Жалағаш жаршысы” газетіне берген хабарламасын негізге алғанды жөн көрдік. Орталықтың жұмыс іздеушілердің назарына ұсынған хабарламасында: “Жұмыспен қамту, жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермеу және елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту мақсатында ауданда бірқатар жұмыс жүретін болады. Осыған орай халықты жұмыспен қамту орталығы жұмысқа орналасуға мұқтаж адамдардың (жастарға басымдық беріледі) тізімін қалыптастыруда” – делінген. Тіпті орташа айлық табыс көлемі 110500 теңгені құрайтыны жазылған. Он сегіз жоба бойынша барлығы 343 адамды жұмыспен қамту көзделген.
Жалпы халықты жұмыспен қамту мен ел ішіндегі жұмыссыздық мәселесін шешу күн тәртібінен түспеу керек деп ойлаймыз.
Мемлекет басшысының саясатын тиімді жүзеге асырып, Үкімет пен облыс әкімдігінің тапсырмаларын жүйелі орындайтын білікті мамандар бірінші кезекте жұмыссыздықты азайтуға күш салары анық.
Сөз соңы
Ақындардың елі, батырлардың жері саналатын Жалағаш ауданы – Сыр бойындағы ынтымақты – ту, бірлікті – ұран еткен жұрттың мекені. Мұндай жерде артық ауыз сөзге жол берілмей, көнеден келе жатқан тектіліктің ізін үзбеу қажет. Ал өмірін Жалағашты гүлдендіруге арнаған азаматтар жарқын жобаларды жүзеге асыруға білек сыбана кіріседі деген үміттеміз.
Азиз БАТЫРБЕКОВ