ЖЫЛЫЖАЙ ӨНІМІН ЖАЛАҒАШТЫҚТАР ТҰТЫНУДА
Осыдан бірнеше жыл бұрын колледж жанынан ашылған жылыжай бүгінде әлі де жұмыс істеп тұр. Қайтарымсыз грантпен қаржылай қолдау тапқан бұл жоба тек өнім берумен шектелмей аграрлық ілім игеріп жатқан жастардың тәжірибе шыңдауына да айтарлықтай үлес қосуда. Жылыжай ішіндегі өнім күтіміне жауапты кәнігі бағбандар бастапқыда тек қияр мен қызанақтан мол өнім алғанын олжа санаса, бүгінде түрлі көкөніс егіп, зерттеу жүргізуде.
Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжінің директоры Ғани Серікбаев білім ошағының студенттері мұнда осыған дейін тәжірибе шыңдағанын айтады. Аграрлық ілімді игеруде тек кітаптан оқыған түсінігіңді зердеге тоқу аздық етеді. Сондықтан практикалық тұрғыда бағбанның қасында жүріп тәжірибе шыңдау талапкерлер үшін таптырмас мүмкіндік. Ал колледж ұжымы жарқын жобаны жүзеге асыру арқылы өз ізденушілеріне осындай мүмкіндік сыйлап отыр.
Осыдан төрт жыл бұрын жылыжай ішінен қос қапталға қызанақ пен қияр ораналастырылған болатын. Бағбандар қолынан келгенше көкөніс күтіміне көптеп көңіл бөлді. Нәтижесінде мол өнімге де қол жеткізді. Алайда үлкен ізденістің арқасында мамандар қызанақ пен қиярдың бір жылыжай ішінде орын табуы өнім сапасының төмендеуіне алып келетінін білді. Келер жылдан бастап мұнда тек қияр ғана егілді. Мұнан бөлек жыл сайын колледж оқытушылары бір қатарға басқа өнім түрін егіп, оның еш кедергісіз бас алуы үшін қандай күтім қажет екеніне зерттеу жасады. Әлбетте, мұндай зерттеу жұмыстары жүрерде оқытушы жанында міндетті түрде оқушылар болады. Себебі шәкірттердің бірі алдағы уақытта жылыжай ісін қолға алса, мұнда жиған тәжірибе үлкен көмек болатынын ұстаздар жете түсінеді.
Жылыжай ішінде зерттеу жұмыстарын жүргізу әлі де жалғасын тауып келеді. Қазіргі таңда мұнда тұщы бұрыш бір қапталға ғана егілген. Кешеге дейін нарықта келісі 2 500 теңгеден сатылып келген өнімнің бұл түрін күтіп-баптаудың мамандар қыр-сырын жетік меңгеріп алған, оқушылар да бағыт беруші бағбандардың арқасында қай көкөністің күтімі қалай болуы керек, бәрін жетік біледі. Аграрлық аймақта көкөніс өсіруде тәжірибелі мамандардың көптеп қалыптасуы бізді де қуантады.
– Осыдан бірнеше жыл бұрын қолға алған жарқын жобамыздың бүгінде игілігін көріп жатырмыз. Жасаған жұмысымыз еш кеткен жоқ. Мол өнімге қол жеткізуді 3-4 жылдан бері дәстүрге айналдырдық. Бірақ біз тек осыны ғана олжа санамаймыз. Ең басты жетістігіміз осы жарқын жоба арқылы жастардың тәжірибе шыңдауына мүмкіндік алып бергеніміз деп есептеймін. Қыста отырғызылған өнімдер осыған дейін көптеп жеміс берді, әлі де сабақтар түйнектен арылған жоқ. Осыған дейін оқушыларымыз жиған білімі мен мұнда алған тәжірибесін ұштастырып келеді. Оқу мен тәжірибені қатар алған ізденушіден өз басым білікті маманның шығарына кәміл сенемін. Әзірге шәкірттер артқан сенім үдесінен шығып жатыр. Алдағы жылдары да жылыжай ісін тоқтатпақ емеспіз. Себебі бұл – өнім алудан бұрын сапалы кадр дайындауға таптырмас мүмкіндік, – дейді Ғани Серікбаев.
Колледж директорының бұл сөзінде үлкен салмақ бар. Расында, кәнігі маман дайындауды мақсат еткен ұстаздың аузындағы сөз осындай болса керек. Екі жеп, биге шығу деген осы шығар, бір жағынан сапалы өнімге көптеп қол жеткізсе, келесі кезекте білікті кадр дайындауға жылыжайды лабораториялық орталық есебінде пайдаланып отыр.
Табиғи өнімді халыққа ұсынудың ар жағында қандай еңбек жатқанын мұндағы мамандардың ісіне куә болған жан тез түсінеді. Карантин кезінде Ғани Серікбаевтың онлайн сабақтың сапалы өтуін қадағалаудан кейінгі жұмысы осындағы көкөністердің күтімін бақылау екен. Бақылау болғанда жәй сыртынан қарап, мамандарға түрлі міндеттерді жүктеу емес, өзі де қалыптасқан бағбандардай осында бір мезгіл жұмыс істейді. Үй ауласын ерте көктемде жеміс-жидек, түрлі көкөніспен жайқалтып қоятын ұлағатты ұстазға мұндай жұмыстар таңсық емес. Шаруасы ширақ, бір жағынан ісінің ептілігіне қарап, жылыжай ісіне барынша машықтанғанын аңғара қоясың.
Мұнда өнімді орналастыру жылына үш рет жүреді. Яғни мамандар қыста қажетті көкөністерді егіп, одан шыққан өнімді шілдеге дейін жинап алады. Ал тамыз айына дейін топырақ демалғасын көкөніс егу жұмыстары қайта қолға алынады. Соңғы маусым күз айларында жалғасын тауып, қыста жаңа жылдың кезекті дәстүрі жалғасын табады.
Биыл мұнда қияр егу жұмыстары 16 ақпан күні қолға алыныпты. Уақыт өте қос қапталға жайғасқан көкөністің бұл түрі бірінші сәуірден бастап өнім бере бастады. Табиғи өнімнің сапасының жоғары екеніне ешқандай дау жоқ. Себебі Ғани Серікбаев олардың күтімі барысында ешқандай химиялық тыңайтқыштарды пайдалануға жол бермейді. Бір жағынан шығын да жоқ, өндіріс ошағының барлық құрал-жабдығы – отандық өнім. Тамшылатып суару әдісі арқылы бағбандар қос қапталды көкөніспен жайқалтып отыр. Жылыжайдың сыртқы қаптамаларының өзі күн сәулесінен ішке жылу тартуға бейім. Мұндағы мамандар әр уақытта жылыжай ішіндегі температураның әртүрлі болу қажеттігін айтады. Мәселен, қыс мезгілінде іштегі температура +23 градустан төмен болмауы қажет. Ал бүгінде іштегі ауа қысымы +40 градусты көрсетіп тұр.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ