ХАН ҮКІМІН БҰЗҒАН ТАЛҚАНБАЙ
Айналасына қаһарымен танылып, тұтас Сырдың бойын билеп-төстеген Бұқар ханының қазынасына екі мәрте ұры түседі. Жау шаппай-ақ, айдың күннің аманында қазынаның тоналғаны ел ішіне желдей тарап, хан қатты қорланады. Қанша күзет қойса да, ұрыны қолға түсіре алмай, шарасыз күйге түседі. Қазынаға құныққан қарақшыларды ұстауға құмалақшы, құшынаш, балгерлердің де көмегі тимейді. Амалы таусылған хан сол елдегі кәнігі ұры өзбек Ікрәмді алдырады. Ондағы ойы: ұрыны ұрыға ұстату. Ікрәм ханның жасауылдары келгенде қатты қорқады. Өйткені қазынаға түсіп жүрген үшеудің бірі – өзі. Екіншісі – түркімен, үшіншісі – Сердәлі деген қазақ.
"Ікрәм, сенің есімің қалың бұқараға белгілі. Ел ішінде өзіңе сай абыройың да бар. Маған жәрдемің керек болып тұр. Қазынама араға жыл салып екі мәрте ұры түсті. Соны ұстауға көмектес! Егер ұрыны ұстасаң, көтергеніңше алтын аласың, қолыңды қақпаймын", – дейді барынша жұмсара сөйлеп. Сарайға келгенше бойын үрей билеген Ікрәм ханның жылы сөзіне алғашында жүрегі жібіп, елітіп қалғанымен, тез есін жияды. Қасындағы екі серігін ұстап берсе, өзінің де басы қылышқа ілінетінін біледі де: "Хан ием, хәліңізді түсініп отырмын. Бірақ сол жалаңаяқтардың бір-екі ұрлығынан сіздің қазынаңыз ортайып қалмас. Алайда атақ-даңқыңызға нұқсан келтіріпті. Сіздің ел алдындағы абыройыңызды ойлап менің де жаным ауырып отыр. Бірақ қолқаңызды қабылдай алмаймын. Айыпқа бұйырмаңыз! Айтуыңызға қарағанда, олар қазынаға екі жылда да мезгіл ауыстырып түскен екен. Бұл – өте сақ, кәнігі ұрылардың айла-әдісі. Сондықтан қанша жерден күзет қойсаңыз да оларды қолға түсіру өте қиын. Мені бұл іске араластырмағаныңыз дұрыс болар еді", – дейді жалынышты үнмен. Қолқасынан бас тартып, бетін қайтарған ұрының сөзі шамына тиген хан ашуланды. "Мен саған енді қолқа салмаймын, бұйырамын. Қырық күн мұрсат беремін, егер ұрыны ұстап бермесең мойыныңды қылышқа дайындай бер. Сол ұрылардың алған қазынасын өзің өтеп, күнәсін де сен көтересің", – дейді қаһарланып. Хан алдынан ұнжырғасы түсіп шыққан Ікрәм көп ойланады. Ақыры өзінің басын аман сақтап қалу үшін амалсыз қасындағы түркімен мен қазақты ұстап беруге тура келеді. Ханға көз қылып, бірнеше жерге тыңшы аттандырады. Бірақ олар ешқандай хабар алып келмейді. Не керек, қарауылмен уағдаласқан күні түн ауа ұрлыққа түседі. Барлығы алдын ала жоспарланғандай болады. Қазақ пен түркімен ұсталып, зынданға жабылады.
Хан халық қазынасына қол салған екі ұрыға да ауыр үкім шығарып, өлім жазасына кеседі. Белгіленген күні жасауылдар екеуінің қолына кісен салып, шаһардың ортасымен алаңға айдайды. Жолда келе жатып Сердәлі жасауылдың біріне: "Бауырым, сен қазақ екенсің. Қанымыз бір ғой, ханның бас биі де қазақ деп естіп едім, мені соған жолықтыр!" – дейді. "Иә, қазақ екені рас, бірақ ол – өте әділетті кісі. Сенің бұл ісіңе араласа қоймас. Десе де кім біледі, ет пен сүйектен жаралған пенде ғой, жаныңа сауға сұрап қаламын десең, оның күнделікті жүретін жолы осы. Қазір бесін намазының уақыты, ол кісі мешітке осы жермен өтеді. Қандасыма жасаған ақырғы көмегім болсын, тілдесіп қалуға мүмкіндік берейін!" – дейді.
Расында, арада көп уақыт өтпей Сердәлі үстінде шапаны бар, ұзын бойлы, палуан денелі, аққұба өңді келбеті келіскен жас шамасы өзі қатарлы жігіт ағасын жолықтырады. Жұрттың суреттеуі бойынша әлгінде ғана өзінің сұрау салған адамы екенін бірден біледі. Бұл – Бұқар ханының бас биі, Шөмекейдің Адамбай сарғасқа руынан шыққан Байдәулет батырдың баласы Талқанбай еді. Амандықтан соң, болған оқиғаны бастан-аяқ айтып, ажалына араша сұрайды. Егер өлімнен құтқарып қалса, елде бой жетіп отырған Ақбала атты қарындасын қалыңмалсыз беретінін айтады.
Сонда Талқанбай: «Сердәлі бауырым, бас амандығыңыз үшін қарындасыңызды саудалағаныңыз жарамас. Мен сөзімді пұлдамаймын. Әттең, сәл ертерек естігенімде, қылмысыңызды толық ақтамасам да, жазаңызды жеңілдетер едім. Амал не, үкіміңіз шығып қойыпты. Хан сізді дарға асуға жарлық етіпті. Ханның үкімін бұза алмаймын. Айыпқа бұйырмаңыз! Қандасымды құтқара алмағыныма менің де ішім қан жылап тұр», – деп жүре беріпті. Сонда Сердәлі: «Ай, Талқанбай, рас, мен қылмыскермін, ұрымын. Бірақ біз қандас қазақпыз ғой, Құдай үшін сөйлесіп көрсеңші ханмен», – дейді. Талқанбай би кілт тоқтайды. «Ай, бауырым, Құдайды ауызыңа алдың ғой. Сіз үшін емес, Құдай үшін сөйлесіп көрейін», – деп кері қайтыпты.
Арада ет пісірім уақыт өткенде хан алдынан шыққан Талқанбай би екі тұтқын да өлім жазасынан босағанын айтады. Хан мен бидің арасында қандай әңгіме болғанын ешкім білмейді. Алайда осы оқиғадан соң Алашқа аты мағұлым атақты билердің өзі бұза алмайтын хан үкімін өзгерткен Талқанбай бабамыздың шешендігіне, ділмәрлығына, мәмілегерлігіне айналасы тәнті болып, ел алдындағы құрметі арта түседі. Сердәлі елге келген соң уағдасы бойынша Талқанбайға өз ауылының отырған жерін айтады. Талқанбай би желкілдеп отырған жас қызды әйел етуге дәті бармай, теңіне қоссын деп шабарманнан сәлем айтады. Бір жыл өткен соң Сердәлі Талқанбайға тағы да кісі жібереді. Сонда Талқанбай би: «Мақұл көрсе, Қуаныш атты жас інім бар, Ақбаланың теңі сол», – дейді. Сердәлі бидің шешімін құп алып, Ақбаланы Қуанышқа қосады.
...Қуаныш айналадағы ауқатты ағайындарының малын бағып, қақпан салып күн көреді. Бірде ертемен қақпанына түскен арлан қасқырды үйіне алып келіп терісін алып, етін жер ошақтың жанына тастай салады. Таңғы асын ішіп болып, өрістегі атын алып келсе, үйде Ақбала жоқ болып шығады. Жер ошақтың басындағы қасқырдың етін әлдене сүйретіп кеткен. Ізімен індетіп келген Қуаныш ауыл сыртындағы қалың тоғайдың ішінде сексеуілдің шоғына қасқырдың жүрегін қақтап жеп, борша-борша терлеп отырған әйелін көреді...
Айы-күні толған Ақбала тоқпақтай ер баланы дүниеге әкеледі. Сол бала жасынан-ақ өткір, батыл, дауда дес бермейтін шешен болады. Ержеткен соң да ағайын арасындағы алауыздыққа, әділетсіздікке жаны шыдамай, кедейлерді жақтап байдағы ақысын алып беріп жүреді. Қызыл үкіметтің қазаққа жасаған қанды қиянатына қарсы шығып, ақыры жазықсыз атылып кетеді. Ол – атақты батыр, әділ би Зарқұм Қуанышұлы. Бұл өз алдына бөлек әңгіме...
Қуат Ахетов