» » ТАБАНДЫ ЖҰМЫС НӘТИЖЕСІ НЕМЕСЕ МАЛ ҰРЛЫҒЫНА ҚАТЫСТЫ БІРЕР СӨЗ

ТАБАНДЫ ЖҰМЫС НӘТИЖЕСІ НЕМЕСЕ МАЛ ҰРЛЫҒЫНА ҚАТЫСТЫ БІРЕР СӨЗ

Осыдан 4-5 жылдай бұрын Жалағаш ауданында мал ұрлығы белең алған болатын. Оңай олжаға кенелуді көздеген ұрылар жайылымдық жерде өзінің арам пиғылын жүзеге асырғанын қанағат тұтпай, қарапайым халықтың қорасындағы түлігіне қол сұғуды шығарды. Жайылымдық жерде малды бақташысыз жіберуге болмайтынын аудандық полиция бөлімінің мамандары қанша айтса да жер-жерде пада ұйымдастыру жұмыстарының ақсап тұрғаны анық байқалды. Десе де қарапайым халықтың аузын аққа жарытып отырған қорадағы бірлі-жарым малы қолды болмау үшін ішкі істер саласының қырағылары шама-шарқынша еңбек етті.

Шыны керек, соңғы жылдары мал ұрлығының күрт төмендеуіне аудандық полиция бөлімі тарапынан атқарылған жұмыстар тікелей әсер етті. Осыған дейін бірнеше мәрте ұйымдастырылған мал ұрлығының алдын алуға арналған түрлі профилактикалық шаралар, акциялар аясында көптеген қылмыстың беті ашылып, нәтижесінде орын алған қылмыстарға қатысты көрсеткіш айтарлықтай төмендеп отыр.
Былтыр полиция қызметкерлері «Мал ұрлығы» іс-шарасын ұйымдастыру арқылы көптеген қылмыстың алдын алуға қол жеткізді. Шара аясында аудандық полиция қызметкерлері екі бағытта тәулік бойы жұмыс жасады. 2019 жылдың қараша айында қолға алынған жоба көп ұзамай өз жемісін берген. Оған алдыңғы жылға қарағанда қылмыстың күрт төмендеу нәтижесінен көз жеткізуге болады.
Қазір баяғыдай емес, қорадағы өз малыңды да сатылымға шығарарда көлікпен ешқандай құжатсыз алып жүруге жол жоқ. Ауылдан шығарда арнайы құжаттың болуы міндетті. Мұндай шектеулер барымташылардың ойына алған арам пиғылын оңай жүзеге асыруына тұсау болары сөзсіз. Былтыр құжатсыз мал тасымалдауға қатысты 18 дерек тіркелсе, биыл 4 айда 3 адамның құжатсыз мал тасымалдағаны анықталып отыр. Өткен жылы Жалағашта мал ұрлығына қатысты 31 дерек тіркелсе, оның 16-сы ашылған. Былтырғы жылдың осыған дейінгі мәліметіне сүйенсек, қылмыстың бұл түрінде едәуір төмендеу байқалғанын аңғарамыз. Мәселен, 2019 жылдың 4 айында 15 қылмыс тіркелсе, биылғы 4 айда 8 дерек анықталып отыр. Сондай-ақ орын алған қылмыстардың ашылуында өсім жоқ емес.
Полиция қызметкерлері тұрғындардың төрт түлігі қолды болмау үшін тәулік бойы жұмыс жасап жатыр. Сөзімізге соңғы жылдары орын алған қылмыстардың төмендеуі тұздық болады. Десе де қарапайым халықтың қамсыздығынан кейбір қылмыстарды ашу тәртіп сақшылары үшін қиынға соғады. Халықтың бейқамдығы өздері оңай олжадан дәмелі ұрылардың діттеген мақсатына жеңіл жолмен қол жеткізуіне сеп болатыны да өтірік емес. Мәселен, сан мәрте елді мекендерде паданың пайдасы жайында айтылса да оны ұйымдастыруға құлық болмай отыр. Мұнан бөлек тұрғындардың үй ауласынан тым қашықта орналасқан қорада мал ұстауы ұрылар үшін таптырмас мүмкіндік екенін сіз бен біз жақсы білеміз. Бірақ әлі де мұндай қора-жайларда мал ұстайтындар бар. Полиция қызметкерлері барынша анықталған деректерге қатысты қылмыстарды ашуға күш салады. Десе де сақтансақ, сақтайтынын тұрғындар да назардан шығармаса дейсің ғой.

Кенжетай Қайрақбаев
26 мамыр 2020 ж. 519 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930