Ақсу жолы жарықтандырылады
Биыл ауданда жаңадан басталған 18 жобаның құрылысы қарқын алды. өңірде атқарылып жатқан бұл жұмыстарға жергілікті азаматтар тартылуда.
Қолға алынған жұмыстардың бірі – Таң ауылына кіреберіс 3,3 шақырым жолды орташа жөндеу. Бұл құрылысты барлығы 22 адам атқаруда. Оның 11-і жұмыссыз ретінде тіркеуде тұрған жергілікті тұрғындар екенін де айта кеткен жөн. Осы жұмыстарға жіберілген азаматтардың айлық-жалақысы да жаман емес. Мамандардың сөзінше, жұмысшылардың орташа айлық табыс көлемі 110500 теңгені құрайды.
Аталған жобаның ішінде Ақсу ауылына кіреберіс автомобиль жолын жарықтандыру жұмысы да бар. Жарықтандыру жұмысын барлығы 6 адам атқармақ. Бұл жобаға да жергілікті тұрғындарды тарту көзделуде.
– Биыл ауданда он сегіз жоба жүзеге асады дегенді естіп қуандым. Ауылда екі қолға бір күрек таппай жүрген жандар осы жұмыстарды атқарып, табыс тауып жатқаны қуантарлық жағдай. Ақсу жолын жарықтандыру мәселесі бұған дейін де тұрғындар тарапынан біраз көтерілген еді. Өйткені қазір Ақсу жолының екі бетінде бұрынғыдай бос жер жоқ, бәріне тұрғын үйлер түскен. Кешкісін балалар жолға шығып ойнаса, түнде көшеде мал көп жүреді. Сол үшін екі ортаны жарықтандыру мәселесі өзекті болды. Міне, биыл осы жұмыс қолға алынғанына қуаныштымыз. Таң жолының жаңғыртылуы да тұрғындардың қуанышын еселей түскені анық. Жалағаш топырағында осындай игі жұмыстар қолға алынып, ол жұмыстарды өзіміздің азаматтар атқарып жатқаны біріншіден жұмыссыздық деңгейін азайтса, екіншіден әлеуметтік жағдайды жақсартуға сеп болмақ, – дейді кент ардагері Байна Наршаев.
Жалпы 18 жоба бойынша жұмыспен қамту орталығы арқылы барлығы 343 адамды жұмысқа тарту көзделсе, бүгінде 267 тұрғын жұмысқа орналасты. Айта кетейік, биыл кентішілік жол жөндеу жұмыстары да қолға алынып отыр. Атап айтсақ, Б.Сопбеков, Амангелді, А.Бисенов, Әйтеке би, Қазыбек би және Сәрке батыр көшелері мен бірқатар аудандық маңызы бар автомобиль жолдары да жөндеуден өтпек.
Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ