ҰБТ: жоғары балл – 126

Қуантарлығы, Жалағаш ауданы бірнеше жылдан бері білім саласында жоғары жетістіктерге жетіп, ұлттық бірыңғай тестілеуде алдыңғы саптан көрініп келеді. Биыл да нәтиже жаман емес сияқты. 271 бала мектеп бітірсе, 232 оқушы ҰБТ-ға қатысты. Ал ұлттық бірыңғай тестілеу аудан бойынша 26-27 маусым күндері З.Жарқынбаев атындағы №202 орта мектеп базасында орналасқан №869 тестілеу орталығында өтті.
Айта кету керек, ұлттық сынама тапсыру барысында барынша карантиндік ережелер қатаң сақталды. Түлектердің медициналық-санитарлық нормаларға сәйкес арақашықтықты сақтауы, бетперде киюі, қолғаппен келуі бақылауда болды. Жалпы тестілеуге дейін түлектер дезинфекциялау шараларының бес кезеңінен мұқият өткізілді.
Мәселен, биылғы ҰБТ сынағы жылдағыдай көпшілік түрде өтпеді. Яғни балаларына ата-аналарының еріп келіп, тест тапсыру орталығының айналасына шоғырлануға шектеу қойылды. Алайда аудандық білім бөлімі тарапынан әлеуметтік желідегі ата-аналардың чаттарына сілтеме жіберіліп, емтихан уақытында әрбір ата-ана сол сілтеме арқылы онлайн түрде тікелей байланысқа қосылуына мүмкіндігі болды. Сынақ тапсыру сәтінде де түлектердің қауіпсіздігі басты назарда ұсталды. Емтиханға кіретін түлектер бес саты бойынша залалсыздандырылды. Ең алдымен олар арақашықтығы 2 метр болатын ленталардың бойымен бір-біреуден оқшауланып өтіп, содан соң жабық тоннель арқылы үстерін толық залалсыздандырды. Одан кейін ылғалды кілемшелер арқылы аяқ киімдерінің табандарын сүртіп, төртінші кезеңде сырттан киіп келген бетпердесін арнайы қоқыс жәшігіне тастап, жаңасын ауыстырады. Соңғы сатыда арнайы сұйықтықпен қолдарын жуды. Аудитория ішінде де арақашықтыққа баса мән берілді.
ҰБТ-ға қатысқан түлектер мүмкіндігінше мектептен алған 11 жылдық білімдерін көрсетуге тырысты. Тест аяқталып, нәтижесі шыққаннан кейін де қорытындысымен келіспей, апелляцияға берген оқушылар болды. Олардың басым бөлігі сұрақтарға дұрыс жауап бергендіктерін дәлелдеп шықты.
Биылғы ҰБТ-да аудан бойынша ең жоғары балл 126-ны құрады.
Осы оқу жылының 4-тоқсаны қашықтан оқытылғаны белгілі. Елде төтенше жағдай жарияланған кезде балалар үйден оқытылды. Соған қарамастан мектеп бітіруші түлектер жаман нәтиже көрсеткен жоқ. Бір сөзбен айтқанда, ұстаздар мен ата-аналардың үкілі үмітін ақтады деуге болады.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ