Дәрі тапшылығы шешілуде
Қазір дәріханаларда қарапайым парацетамолдың өзі қат. Көпшілік дене қызуын түсіретін дәрі мен оны өлшейтін құралды жаппай сатып алған. Алып-қашпа әңгімеден үрейленгендерге беталды ем-дом қабылдауға болмайтыны жайлы дабыл қағылып жатыр. Алайда, қай дәріханаға барсаңыз да, алдында ұзын-сонар кезекті көресіз. Әлеуметтік желіні парақтасаңыз, ыстықты түсіретін, вирусқа қарсы, антибактериалды дәрілік заттардың болмауына, сондай-ақ бағаның шарықтауына байланысты шағым көп.
Өзекті мәселені арнайы органдар күн тәртібіне алған. Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті, облыстық денсаулық сақтау басқармасы, экономикалық тергеу департаменті мен кәсіпкерлік және туризм басқармасы, фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту ассоциациясы мен үкіметтік емес ұйым өкілдерінен құрылған мониторингтік топ та құрылып, тиісті жұмыстарды қолға алған. Біз де бүгін олардың қатарына қосылып, кезекті бақылау жұмыстарына қатыстық. Жоғарыдағы шағымда келтірілген олқылықтарды саралап, маман пікіріне құлақ астық.
Мониторингтік жұмыс барысында «Фарматека» ЖШС желісіне аялдаған едік. Қоймада қажетті дәрі-дәрмек қоры бар екен. Серіктестіктегі дәріхана қоймасының меңгерушісі Өрік Сейілханованың айтуынша, бүгінде дәрі жеткізуші компаниялармен келісім жасалып, қажетті дәрі-дәрмектер дәріханаларға тарқатылуда.
– Біздегі қор толықтырылды. Қазір қала ішіндегі серіктестікке қарасты 14 дәріханаға олардың барлығы жөнелтіледі. Мамандарымыз бүгінде тұрғындардың кейбір препараттардың рецептсіз босатуын сұрап жатқанын айтуда. Кейбір антибиотиктер, соның ішінде парацетамол, витамин С, дексаметазон, эуфиллин келер аптада келуі тиіс. Цефтраксион, аспирин және өзге де вирусқа қарсы препараттар, медициналық маскалардың қажетті қоры жеткілікті. Баға өспейді, тұрақты күйінде қалады, – деді Өрік Сейілханова.
Сонымен қатар бағаға қатысты арнайы мониторингтік топтың басы-қасында жүрген Ләззат Бақтыбаева да дәрілік заттардың шекті бағалары жылына екі рет 10 шілдеге дейін және 10 қаңтарға дейін бекітілетінін, қандай да бір дәрілік заттың бағасына жарты жыл ішіндегі теңге бағамы да, сату маусымдылығы әсер етпейтінін айтты. Дәрілік заттардың шекті бағасын «DariKZ» мобильді қосымшасынан білуге болатынын тағы бір қаперге салды.
Жалпы, қалада фармацевтикалық қызметпен 178 дәріхана, дәріханалық пункт айналысады. Бұған дейін осындай дәріханалардың бірінен бір мезетте бұрын бір айлық қор боп есептелетін 2 мың аспирин сатып алынғанын жазған едік. Мамандар бұл ретте ретсіз дәрі-дәрмек сатып алып, қолдан оның жетіспеушілігін жасамауды сұрайды.
М.СНАДИНҚЫЗЫ,
Суретті түсірген: Н.НҰРЖАУБАЙ.