Білім ошағы игілікке берілді
Аптаның алғашқы күні Мөрәлі Шәменов ауылындағы жаңадан бой көтерген білім ошағы пайдалануға берілді. Ауыл мектебінің ашылу салтанында облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов жиылған қауымды өткен мерекемен құттықтап, шәкірттердің сапалы білім алуына сәттілік тіледі.
– Баршаңызды алдымен ата заңымыз – Конституциямыздың 25 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Мереке қарсаңында Мөрәлі Шәменов ауылында жаңа нысан пайдалануға беріліп отыр. Киелі Жалағаш топырағы халқына қалтқысыз қызмет еткен тау тұлғаларға кенде болмаған. Осы білім ошағынан сол алдыңғы буынның ізін басар жас ұрпақтар сапалы ілім игеріп, мемлекетке адал қызмет ететін азамат болып қалыптассын дейміз. Соңғы жылдары Сыр елі аталған салада оң нәтижелерге қол жеткізсе, бұл жолда жалағаштық ұлағатты ұстаздардың да өзіндік қолтаңбасы бар. Бүгін Мөрәлі Шәменов ауылының халқы үшін өте қуанышты күн. Себебі өміріміздің жалғасы, еліміздің ертеңгі жарқын болашағы саналатын жас ұрпаққа білім мен тәрбие беретін қасиетті орданың жаңа ғимараты ел игілігіне берілгелі тұр. Осы білім ошағынан еліміздің, Сыр өңірінің атын әлемге танытар білімді ұрпақ көптеп шығарына сенемін, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Айта кетейік, аталған елді мекендегі осыған дейінгі ескі мектептің жағдайы апатты деп танылған болатын. Көне нысан ауыл халқының басты мәселесіне айналғаны да өтірік емес. Тұрғындардың үніне құлақ түрген жергілікті билік көп ұзамай мұнда жаңа білім ошағының құрылысын бастауды жөн деп тапты. Нәтижесін һәм игілігін бүгін ауыл халқы көріп отыр. Былтыр іргетасы қаланған Ә.Бердәулетов атындағы №34 орта мектеп құрылысын аяқталды. Арнайы типтік жобада салынған 140 орындық ауыл мектебі екі қабаттан тұрады. Сынып және интернет кабинеттерімен, медициналық кабинетпен, спорт зал, асхана, әжетханамен толық қамтамасыз етілген. Биылғы жаңа оқу жылында мектепте 1-ден 4 сыныпқа дейін 94 оқушы санитариялық нормаларды қатаң сақтай отырып, оқытылады.
Аймақ басшысының орынбасары Жалағашқа жұмыс сапары барысында кент орталығындағы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан бірқатар жобалармен танысты. Қазіргі таңда аталған бағдарламаның қолдауымен ауданда 18 жобаның құрылысы қарқынды жүруде. Алдымен облыс басшысының орынбасары Жалағаш кентіндегі А.Бисенов көшесіне жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстарымен танысты. Соңғы жылдары ауданда жол сапасына үлкен мән беріліп келеді. Ауылдық елді мекендерді қоспағанда кенттің өзінде 6 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жол құрылысына 322 адам жұмылдырылып отыр. Аталған бағдарламаның тағы бір тиімділігі өңір халқын жұмыспен қамтуға оң ықпалын тигізуде.
Облыс әкімінің орынбасары мұнан кейін ескі емхана ғимаратын балабақша етіп реконструкциялау, аудандық аурухананың жұқпалы ауруханалар бөлімшесінде, орталық алаңда жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен де танысты. Сондай-ақ аудандық дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты «Наркескен» спорт клубына да арнайы атбасын бұрып, спорт ғимаратының да құрылыс сапасына мән берді.
Қазіргі таңда аталған нысанның шатырын ауыстыру, ішкі қабырғаларды түсіріп сылау, төбесі мен еденін, ғимараттың сыртын металл сайдингтермен қаптау, жылу жүйелерін ауыстыру жұмыстары жүргізілген. «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» шеңберінде атқарылып жатқан бұл жұмыстарға барлығы 10 адам жұмысқа тартылса, жергілікті жерден жұмыспен қамту орталығы арқылы 5 адам екі қолға бір күрек тауып отыр. Негізінен аталған нысан аудан спортының алға басуына үлкен үлес қосуда. Себебі мұнда осыған дейін 8 спорттық секцияда 560 спортшы жаттыққан болатын.
Жол картасы аясында “Мәдениет және өнерді дамыту” орталығына да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Көрермендер залының сахнасын жөндеу, орындықтары мен еденін ауыстыру, спорт залдың төбесі мен еденін ауыстыру, қабырғасын сылау, жуыну бөлмелерінің, бапкерлер бөлмелерінің есіктерін ауыстыру жұмыстары жүргізілді. Мұнда барлығы 28 адам жұмылдырылса, оның ішінде жергілікті жерден жұмыспен қамту орталығы арқылы 14 адам жұмыспен қамтылды.
Жұмыс сапары барысында аймақ басшысының орынбасары Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейдің жаңа оқу жылына дайындық барысымен танысып, ұлағатты ұстаз Әбшекен Әбжаппаровтың атына берілген кабинеттің ашылу рәсіміне қатысты.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ