» » ӘРТАРАПТАНДЫРУ: технология жаңғырса, өнім артады

ӘРТАРАПТАНДЫРУ: технология жаңғырса, өнім артады

«Қызылорданың Қостанайы» атанған Жалағаш Сыр салысынан мол өнім алуда жылда рекорд жаңартуды дәстүрге айналдырып келеді. Бұл ауыл еңбеккерлерінің табанды ісінің нәтижесі екеніне дау жоқ. Озық технологиялардың ауыл шаруашылығы саласына тың серпін беруі бір жағынан салада еңбек өнімділігін де арттырып отыр. Десе де жылда айтылатын су тапшылығын биыл шаруашылықтар шын сезінді. Жергілікті төрағалардың қай-қайсысын да биылғы егіннің ахуалы жайында сауалмен әңгімеге тартсаңыз, алдымен осы аяқсу мәселесін айтады. Бұл ретте ауыспалы егісті қолға алу мәселеге айтарлықтай тұсау болары сөзсіз. Алайда мұны жергілікті шаруашылықтар қолдауға құлықсыз сияқты. Кешегі Мәдениеттегі басқосуда төрағалардың пікірі осыған саяды. Дегенмен заман талабы осы болса, егісті әртараптандыруға біз бәрібір көшетін сыңайлымыз.

«Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру» жобасының екінші кезеңіне арналған жиында Ы.Жақаев атындағы Қазақ КШҒЗИ ғалымдары аз егіп мол өнім алудың түрлі тәсілдері жайында баяндама жасады. Сондай-ақ олар өңірде су тапшылығы мәселесінің алдын алу үшін ауыл шаруашылығын әртараптандыруға барынша басымдық беру қажеттігін айтады.
Қазір шаруашылықтар һәм инвесторлар тек мол табысты көздемей ауыл шаруашылығы бағытындағы жердің келешегі үшін де алаңдаған абзал. Себебі ғалымдар күрішті бірнеше жыл қатарынан еге беру жердің ротацияға ұшырауына алып келетінін айтады. Мұндай мәселе біздің Жалағашта жоқ дей алмайсыз. Себебі осыған дейінгі аудан әкімінің ауылдық елді мекендердегі есепті кездесуінде ақсақалдардың бірінші болып көтеретін мәселесі осы жердің мақсатты пайдаланбау екенін біз жақсы білеміз.
Бұл тұста ғалымдар жоңышқаның, түйежоңышқаның өзінен кейін егілетін өнімге азот, фосфор тастап кететін ғылыми түрде нақты мысалдармен түсіндіріп берді. Мәселен, жоңышқа өзінен кейінгі дақылға бойына жиған азотын қалдырып кетсе, түйежоңышқа фосфорды жерге сіңіреді екен. Бұл тұста кейбір шаруашылық төрағалары ертең өсімдіктің бұл түрі бір шықса, отақ құсап қаптап кетеді» деп түйежоңышқа егуден бас тартатын көрінеді. Ал ғалымдар мұның қате пікір екенін айтады. Себебі өсімдіктің бұл түрі әрі кетсе 2-2,5 жылда өзі шіри бастайды екен.
Институт ғалымдары мұнан бөлек егілетін күріш көлемін азайту жөнінде де мәселе көтерді. Алайда облыс бойынша кейбір шаруашылықтар егіс көлемін азайту былай тұрсын, өзі межелеген көлемнен артық өнім егуді тоқтатпай жатқан көрінеді. Мәселен, аймақта Сыр салысы 89 мың гектар алқапқа егілу керек болса, оның көлемі бүгінде 100 мың гектарға жеткен.
Басқосуда мұнан бөлек мол және сапалы өнім алу үшін тыңайтқыш берудің өзіндік нормалары, тұқымды сауықтырудың биологиялық препараттарды, микротыңайтқыштарды және өсімдіктердің өсуін реттегіштерді беру ерекшеліктері, күріштің су ішу режимі, суды үнемдеудің тиімді тәсілдері тақырыпқа арқау болды. Жиында ауыл ақсақалдары егілетін күріш көлемін қысқартуға қатысты өз пікірлерін ортаға салып, ғалымдардың да тәжірибеде бар тәсілдерін жоққа шығаруға болмайтынын жеткізді. Семинарды қорытындылаған Ы.Жақаев атындағы Қазақ КШҒЗИ басқарма төрағасы Б.Дүйсенбеков қатысушыларға алғыс білдіріп, жыл сайын күріштен тау тұрғызатын жалағаштықтарға биыл да сәттілік тіледі. Жиын соңында «Әсет» шаруа қошалығына қарасты егіс алқабында күрішке орақ түсу рәсімі өтті.

Ерлан СОЗАҚБАЕВ



08 қыркүйек 2020 ж. 587 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930