АТА КӘСІП – ЕРГЕ НӘСІП
Қазақта “Егіншінің баласы арық қазып ойнайды немесе алма ағашынан алысқа түспейді” деген мақал бар. Мағынасына ой жүгіртсек, бұл қанатты сөздің қай-қайсысы да мәдениеттік іскер азамат Самат Сарбасовтың болмысына тура келеді. Ауданның ауыл шаруашылығының дамуында өзіндік қолтаңбасы бар “Жігер” шаруа қожалығын осыдан он жылдай уақыт бұрын құрған кәсіпкер бір жағынан салада жеке табысын еселесе, келесі кезекте ауылдастарын жұмыспен қамтып отыр. Мақаланы мақалдап бастауымыздың да өзіндік орны бар. Олай дейтініміз, Сәкеңнің әкесі Қалдыбек Сарбас та өңірге белгілі ауыл шаруашылығы саласының майталман маманы болған. Күріштің күтімі мен жерді баптаудың қыр-сырын жетік білмесе, ақсақалға ауыл тұрғындары “Мәдениеттің Жақаевы” деп айдар тақпас еді. Бүгінде ата кәсіпті алға оздырған баласы Самат салада оң нәтижелерге қол жеткізіп, ауылдың абаттануына да өз үлесін қосып келеді. Баба бойынан дарыған адал еңбек һәм мол тағылыммен Сәкең қазіргі таңда ауылдастарының алғысына бөленіп жүр.
Не керек, жергілікті шаруашылықтың науқан жұмыстарымен танысу үшін Мәдениетке атбасын бұрған едік. Алқап басындағы қайнаған жұмыс далаға айтарлықтай сән беріп тұр. Атыздан атызға аяқ басқан комбайндардың ішінен көне көлік көзге түспеді. Осыдан-ақ “Жігердің” шаруасы ширағанын түсіне қойдық.
Биыл 1000 гектарға жуық жерге күріш еккен жергілікті шаруашылық бүгінде жаздай баптаған Сыр салысын қамбаға құйып жатыр. Бүгінге дейінгі өнім көлеміне қарап, төраға 2020 жылды да оң нәтижемен қорытындылайтынына сенімді. 100 пайыз базадағы техникаларды жаңартып алған Самат Сарбасовта “Науқан жұмыстарын аяқтай алмай, жауын-шашынға қалып қоямын-ау” деген уайым жоқ. Керісінше, әлі де аукционға түсетін ауыл шаруашылығы бағытында жерлер болса, егіс көлемін ұлғайтуға талаптанып отыр.
– Жыл сайын әріптестерімнің табанды еңбегінің арқасында саланы оң нәтижемен қорытындылап келемін. Биыл да күріштің шығымы жаман емес. Әзірге орташа өнім 60-65 центнерді құрап отыр. Осыған қарап, биыл да табысымыз нәтижелі болады деп топшылап отырмыз. Қазіргі таңда 1000 гектарға жуық алқаптағы өнімді жинау жұмыстары аяқталуға жақын. Үлгірмей қаламын-ау деген көкейде күдік жоқ. Себебі техникаларымды 100 пайызға жаңарттым. Бұл өз кезегінде еңбеккерлеріме де қолайлы жағдай туғызып отыр. Бүгінде шаруашылықтың мұнан екі есе келетін жер көлеміне егін егуге және оны жинап алуға қауқары бар. Ондай жер көлемі болса, әлі де егіс алқабын кеңейтуге дайынмын. Есесіне бір жағынан шаруашылық ауқымы кеңейсе, келесі кезекте ауылдағы әлі де жұмыссыз жүрген адамдардың да екі қолына бір күрек табылар еді, – дейді С.Сарбасов.
“Жігердің” жігерлі жігіттері жергілікті шаруашылық дала дарабоздарының әлеуметтік жағдайына да көптеп көңіл бөліп жатқанын айтады. Олар жалақысынан бөлек жыл қорытындысымен қосымша қомақты сыйақыға да ие болып жатыр. Бұл өз кезегінде шаруагерлер жұмысының ширауына да серпін берері сөзсіз.
Төрағаның айтуынша, биыл барлық шаруашылықта байқалған су тапшылығы Мәдениетте де орын алған көрінеді. Алайда дала дарабоздарына бұл мәселе айтарлықтай кедергі болмаған сыңайлы. Себебі жиналған өнімнің орташа көлемі көңіл қуантады.
Бір ғана шаруашылықпен бүтін бір ауылдың қажетіне жұмыс жасап отырған Сәкеңнің туған жерге төккен тері һәм еткен еңбегі тек Мәдениеттің ғана емес, аудан халқының аузында жүр. Тіректі елді мекендегі имандылық үйінің жанынан жеке қаражаты есебінен асхана салдырған да Самат Сарбасов. Қазіргі таңда зәулім ғимараттың мәдениеттіктер игілігін көріп отыр. Мұнан бөлек ауылдан ашқан халыққа қызмет ететін көлік жөндеу және жуу орталығы, монша, сауда дүкені де жергілікті тұрғындардың қажетіне жарап тұр. Қолда барды көппен бөлісуді дәстүрге айналдырған оның бүгінде жұмысы алға баспаса, шатқаяқтаған емес.
Кенжетай БАЛҒАБАЙҰЛЫ