» » Алданып қалмайық, ағайын!

Алданып қалмайық, ағайын!

Ауданымыз көгілдір отынды күткелі көп болды. Міне, енді сол табиғи газ кент орталығына кіріп, газ тасымалдайтын құбыр жүргізу жұмыстары да толық аяқталды. Тиісті мердігер мекеме аталған құрылыстың сапасын өз жауапкершілігіне алып, 97 шақырым жерасты, 37 шақырым жерүсті газ желілерін жүргізіп шықты. Бұйыртса, таяу күндері әрбір үйге көгілдір отын кіріп, кент тұрғындары күйелеш болып от жағып, күл шығарудың бейнетінен құтылатын күн де алыс емес. Бұл жұмыстар жеке кәсіпкерлердің тарапынан жүргізіледі.

Қазір кенттегі тұрғын үйлерге газ кіргізу жұмыстарын бірнеше мекеме бастап та кетті. Көше бойлап өткен газ құбырларынан әр үйдің тұсына "құлақ" қалдырған. Сол арқылы тұрғындар өз үйіне газ желісін жалғайды. Газ алапат энергияның көзі әрі тұрмыста дұрыс пайдалана білмесең, өміріңе төндіретін қаупі де бар. Сондықтан оның қазандық пештері мен есептегіш құрылғысын орнату жұмысымен арнайы мамандар айналысқаны жөн.

Тұрғындар газ кіргізу жұмыстарын жүргізу кезінде оны жүзеге асыратын мекемемен келісімге келмес бұрын “Қызылорда газ тарату жүйесі” мекемесінің аудандық филиалына бір хабар бергені абзал. Олар сіздің үйге газ кіргізу жұмыстарын жүргізетін мекеме талапқа сай ма, жоқ па, осы жағын анықтап береді.

Қоғам болған соң халық игілігі үшін жасалған қандай да бір жұмыстың төңірегінен айқай-шу, талас-тартыс шығуы әбден мүмкін. Көбі жүріп жатқан жұмыстың құзыретті орындар тарапынан тиісті дәрежеде қадағаланбауынан, заңсыздықтардың орын алуынан болып жатады. Әсіресе осындай үлкен жобаларды жүзеге асыру барысын пайдаланып қалатын алаяқтар өте қауіпті. Мәселен, осыдан бірер жыл бұрын облысымыздың өзге аудандарын газдандыру жұмыстары жүргізіліп жатқанда белгісіз мекемелер үйлерге газ кіргізіп беретін болып келісіп, тұрғындардың ақшасын алып, жұмыстарын толық аяқтамай тайып тұрған немесе құжаттарын түгендеп бермеген, үйге кірген газ желісінің қауіпсіздігін тексермей, табандарын жалтыратқан. Екі ортада үйіне кіретін сол көгілдір отынға деп тиыннан теңге құрап, айлық жалақысынан ауыстырып, тіпті балаларының аузынан жырып қаржы жинап отырған халық сан соғып, зарлап қалған жағдайлар болған. Сондықтан сол қателіктер қайталанбауы үшін дәл қазіргі уақытта Жалағаш кентінің тұрғындары да барынша сақ болуы керек және жұмыс жүргізуге келіскен мекемесінің атауын, оның заңды тіркелген-тіркелмегенін білуі үшін құжаттарымен танысып, талап етуге әбден құқылы. Ең абзалы, үйіне газ желісін тартамын деген тұрғындар кент орталығында орналасқан "Қызылорда газ тарату жүйесі" мекемесінің аудандық филиалына хабарласқаны жөн. Өйткені қазіргі уақытта тұрғын үйлерге газ кіргізумен айналысып жатқан мердігер мекемелердің жұмыстарын осы "Қызылорда газ тарату жүйесі" жіті бақылап, қатаң қадағалап отыр.

Қуат АДИС

13 сәуір 2021 ж. 402 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930