» » Көшесін көріп, тұрғынын таны

Көшесін көріп, тұрғынын таны

Тазалық тақырыбын талай тартқыладық. Нәтиже жоқ. Қалып алған дағдыдан арылмай, бұл мәселеге нүкте қойылмайтын сияқты. Мән беруге тиіспіз. Өйткені тазалықтан туындаған мәселенің түбінде экологиялық апат тұр. Бүгінде біздің есімізге санитарлық тазалық тек көктемде ғана түсетін болған. Онда да мәжбүрліктен. Бұрынғы ата-бабаларымыз ең алдымен жайлап-қыстаған жерлерінің тазалығына мән беріпті. Жын-шайтан үйіріледі деп үйден шыққан кірдің суы мен күл-қоқыстың өзін бетін ашық қалдырмай, топырақпен көміп тастап отырған бабаларымызды тазалық сақтамады деп кім айта алады? Өздерінің жеке бас тазалығына кіршік жұқтырмай қалай мән берсе, айналасына да солай қарапты. Қоршаған ортаны таза ұстаудың әліппесі табиғатқа деген жанашырлықтан басталады. Бұрынғылар табиғатқа тәу етіп, ерте көктемдегі тіршілігі ағаш егуден бастау алыпты. Өсіп тұрған талды орынсыз кеспек түгіл, бір бұтағын да сындырып, жараламапты. Тұрмыстық қажеттілігі үшін балталаған бір талдың орнына он тал еккен де басқа емес, бізден бұрынғы бабаларымыз еді.

Ерте көктемнен бері қоғам белсендісі ретінде бір топ азаматтармен бірге кент тазалығын қадағалап, көшелерді аралап келемін. Сол жұмысымыздың барысында көптеген жағдайларға куә болдық. Біріне сүйіндік, енді біріне күйіндік. Өткен аптада кент шетіндегі бір көшеде келе жатырмыз. Көк қақпалы үйден жас ортасына таяған бір келіншек шықты. Мұнтаздай болып барынша сәнді киінген. Қақпасының алдында жайрап жатқан сиырдың жапасының арасынан секіріп аман өткенімен, көше жиегіндегі үйілген күл-қоқысты байқамай қалды. Әдемі туфлиі тобыққа дейін күлге кірді де кетті. Жаңа ғана жайраңдап шыққан адамның лезде түрі бұзылып, қатты ашуланды. Тіпті ішінен әлдебіреуді қарғап-сілеп жүр. Ол қоқысты басқа біреу әкеліп сол үйдің қақпасының алдына төгіп кеткен жоқ, қыстай өзі шығарып сол жерге үйіп қойды ғой. Бірақ, ол кісі біреуді кінәлап жүр. Тағы бір көшеден қақпасының сыртында күйбеңдеп жүрген қарт кісіні көрдік. Көше бойындағы талдардың қолы жететін жердегі қураған бұтақтарын қиып жүр. Қарияның айтуына қарағанда, жапырағы төгіліп тұратын сол ағаштарды бірнеше жыл бұрын өзі басқа өңірден әкеліп отырғызыпты. Содан бері саялы әрі сәндік талдардың күтімі де өзінің мойынында екен. Қақпасының алдын көшеге дейін тазалап, сыпырып қойған. Қылау жоқ. Үйінің артындағы көмілген арықтарды да өзі аршып, қайта қазып шығыпты. Аяқсуға дайындап қойған. Қарияның ісіне сүйсініп сәлем бердік. Ауласын көруге де ынтығып тұрмыз. Көмейіміздегі сөзді айтпай-ақ түсініп есігін ашып, бізді ауласына бастады. Тап-тұйнақтай. Есік алдында күл-қоқыс тұрмақ, басы артық нәрсе жоқ. Шарбақпен қоршалған бақшасындағы он шақты түп жеміс ағаштары гүлдеп тұр. Түбіндегі топырақтарын қопсытып қойған. Бақша дақылдарын егетін жердің топырағына дейін табиғи тыңайтқыштар араластырып дайындап қойыпты. Қызықтық. Бәрін өзі істейді екен. Немерелері көмектеседі. Қақпадан шығып бара жатқанда қария бізге: "Ең алдымен тазалық керек. Тазалық адамға емес, табиғат үшін керек. Адамның өмір сүру ұзақтығы табиғаттың тазалығына тікелей байланысты. Ендеше, айналаңа күл-қоқыс төгіп ластау өзіңе жасалған қастандықпен бірдей. Сондықтан мен ең алдымен тазалыққа мән беремін. Менің түсінігімде тұрып жатқан жеріміздің, өмір сүріп отырған ортамыздың тазалығы жыл бойы жүруі тиіс. Әттең, жасым келіп қалды, әйтпесе, осы көшенің санитарлық тазалығы мен көркейту-көгалдандыру жұмыстарының барлығын өз мойныма алар едім", – деді. Қарияның мына сөзінен соң есігінің алдын, көше бойын, үйінің айналасын күл-қоқысқа толтырып қоятын, өзі жылына бір көшет отырғызбақ түгіл, үйінің сыртындағы біреудің егіп берген талын уақытылы суарып, күтіп-баптамайтын сол маңайдағы тұрғындар үшін біз ұялдық.

Ауданымызда көктемгі санитарлық тазалық пен көркейту-көгалдандыру жұмыстарының басталғанына көп болды. Ауылдық округтер мен кент орталығындағы мекемелер біршама уақыттан бері апта сайын сенбілік жасап өздеріне тиесілі жердің күл-қоқысын тазартып, табиғатты зиянкес жәндіктерден қорғау үшін тал-теректердің түбін әктеп келеді. Иә, әр аптаның сенбі күні көшелерде қызу жұмыс жүреді. Обалына не керек, сенбілікке шыққан мекеме қызметкерлінің белсенді жұмысының нәтижесінде көшелер бір тазарып қалады. Алайда, ол уақытша ғана. Артынша сол көшелердің бойы қайтадан күл-қоқысқа толады. Оны істейтін тағы да сол көшенің тұрғындары. Тым болмаса, тазалап беріп кеткен аймақты таза ұстап, адамның еңбегін бағалау керек емес пе?! Сол көше тұрғындары үйінің айналасын тазалап жүрген мекеме қызметкерлеріне қол ұшын созбайды. Тіпті терезелерінен сығалап қарап мазақ ететіндері де бар. Тазалықты үйрену үшін адамға соншалықты ақыл-ойдың керегі бар ма? Қазірде санитарлық тазалық талаптарын кез-келген адам біледі. Оны үйретудің, оқытудың түк қажеті жоқ. Тек адамда ұят болса болғаны. Айналасын таза ұстамаған адамның санасы да таза емес, жүрегінде де мейірім болмайды. Өйткені ол ауласын, үйінің айналасын, көшесін, кент ішін ластап, экологиялық апат туындатып және сол арқылы өз өміріне, отбасының, жақындарының, тіпті бүкіл халықтың денсаулығына, өміріне қастандық қылып отыр.
Тұрғындардың барлығы бірдей тазалыққа немқұрайлы қарамайды. Кент ішінде, ауылдарда көшесін таза ұстайтын ұйымшыл тұрғындар бар. Тек солардың ісін басқаларға үлгі ету керек сияқты. Сосын бұрын "Ең таза көше" деп аталатын ынталандыру мақсатындағы номинациялар бар еді. Соны қайта жандандыру керек сияқты. Менің көршім бар. Бозала таңнан оянады. Көпқабатты үйдің ауласының тазалығы көңіл көншіте қоймайды. Қалалардың өзінде тазалыққа қатысты мәселе осы көпқабатты тұрғын үйлердің төңірегінде туындайды. Әлгі жігіт азаннан тұрып алып өз еркімен ауланың, көшенің тазалығына кірісіп кетеді. Түнде, қараңғыны жамылып алып төгіп кеткен жер үйлердің қоқыстарын, өзіміздің ауланың балалары жеген балмұздақ пен кәмпиттің қағаздарын, сол балалардың анасы пайдаланып есік алдына лақтыра салған бір реттік жөргекке дейін қолына қап алып теріп жүреді. Таң атқаннан басталатын күнделікті ісі сол. Таңертең жұмысқа бара жатып сол қоқысты мен көршімнен тастағандай ұяламын. Тазалықтың сақшысы. Мен оны газет бетіне шығарып, өзгелерге үлгі еткім келді және ол ойымды өзіне айтқанымда үзілді-кесілді қарсы болды. "Біз қазір ең аяғы үйінің айналасын тазалаған адамды да дәріптейтін жағдайға жеттік. Қоғамдық тазалықты сақтап, төңірегін таза ұстап отыру үшін де бүгінгі өркениетті қоғамда, адамзаттың ақыл-ойы толысқан мына ғасырда бізге біреу үлгі болуы керек пе? Ұят емес пе?!", – деді.

Кент әкімдігінің бізге берген мәліметіне сүйенсек, көктем туғалы санитарлық тазалық пен көркейту-кө­галдандыруға байланысты біршама жұмыстар ат­қа­рылған. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасы эко­логия, геология және табиғи ресурстар министрлігінің "Таза табиғат" ұлттық жобасының тұжырымдамасына сәйкес «Таза табиғат», «Бірге таза Қазақстан» атты акцияларының іс-шаралар аясында 21 наурызда «Мекенім – жасыл орманым» атты ағаш отырғызу жалпы ұлттық ақциясы жүргізілді. Аталған акция барысында Жалағаш кентіндегі Ұлы Жеңістің 50 жылдығы көшесінің бойына, Абай көшесі элеватор маңына, мектептер ауласына, көше бойларына жоспарға сәйкес 1 200 түп ағаш көшеттері отырғызылған. Жыл басынан бекітілген іс-шара жоспары бойынша 5 рет сенбілік жұмыстары ұйымдастырылған және оған барлық 72 мекемеден 1030 адам ерікті түрде қатысып, белсенділік танытқан. Сенбілік жұмыстары кезінде кентте орналасқан мекеме және еңбек ұжымдары бекітілген аумақтарда аяқ су жүретін арықтарды тазалау, кейбір мекемелер тал әктеу жұмыстарын жүргізді. Қазірде қандай жұмыс болсын техника күшін қажет етеді. Сенбілікке арнайы шығарылған 7 техника кенттің оңтүстік-шығыс шетіне Ақсу жолы (Тұңғышбаев көшесі) маңайындағы қоқыс төгетін орынға 1150м3 күл-қоқыс шығарған.
Сондай-ақ 34 көше тазартылып, 22,5 шақырым аяқсу келетін арықтар аршылды. Наурыз айынан бері кент көшелеріне 2000 түп ағаш көшеттері егілген. Таяу күндері тағы да 1500 түп ағаш көшеттері егіледі деп жоспарланып отыр екен.

Тазалық жұмысын айтқанда, көркейту-көгалдандыру да есімізге түседі. Өйткені екеуі бір-біріне қатысты. Біз ауламызға, айналаға, көшелерге санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізгенде тек көзге қораш көрінген күл-қоқыстан арылу үшін ғана емес, көктемнен бастап, қар түскенше қозатын жұқпалы аурулардан қорғану үшін де қоғамдық тазалықты сақтаймыз және оған жіті мән беріп отыруға тиіспіз. Көшелерді көркейту-көгалдандыру да біздің денсаулығымыз үшін, өміріміз үшін аса маңызды. Көшеге егілген әрбір ағаштың жапырағы жүздеген адамды оттегімен қамтамасыз етіп, тонналаған зиянды көмірқышқыл газын жұтады екен. Жалағаш батыс аудандарға қарағанда жасыл-желекке оранып тұр. Кейбір көшелердің жалаңаштанып қалғаны болмаса, кент ішіндегі көп көше саялы ағаштармен көмкеріліп тұр. Тек күтім керек. Сосын жылда көркейту-көгалдандыру айлығында көшелерге мыңдаған түп көшеттер отырғызылып, қаламшалар егіледі. Бірақ, соңғы бес-алты жылда ағаш егу тек науқандық жұмысқа айналып бара жатқан сияқты.

Көктемде жабылып еккен ағаштар бой алып, жазда жайқалып тұрса қане! Кейбір көшелерге егілген көшеттердің біреуі де көктемейді. Аяқсу бармайды, күтімі кем болды немесе көшеде иесіз жүрген уақ мал жеп қояды. Әсіресе, ешкінің тісі тиген ағаштың қайта көктеуі қиын. Сол секілді ертең жаз айларында өріске шықпай, кент ішінде емін-еркін жүретін келесімен түйе мен табынымен сиыр көбейеді. Олар көшедегі биіктеп кеткен ағаштың жапырағын жалмап кетеді. Күз түспей бар жапырағынан айырылып, сидамдалған ағаштың күннің ыстығында адамға саясы болмайды. Ол да ештеңе емес, қай өсімдіктің де діңін аман сақтап, нәр тасымалдап тұратын тамыры мен жапырағы екенін ескерсек, түйе мен сиырға мезгілсіз азық болған ағаш ерте қурап қалады. Сондықтан бұл мәселеге де мән беретін уақыт жетті. Бізге жерге қадап кеткен таяқтың саны емес, сол көшеттердің көктеп, көшеге көрік беріп, тұрғындарға сая болғаны керек. Әсіресе, бұл мәселені көктемгі науқанда ауданымызды ағаш көшеттерімен қамтамасыз ететін орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі табиғат жанашырлары ретінде қатаң қадағалуы тиіс. Әйтпесе, биыл көктемде көше бойына қазық шаншып кетіп, келер көктемде қурап қалған әлі қазықты жұлып тастап, орнын жаңалап кету тек жоғарыға есеп беру үшін ғана керек демесеңіз, одан ауданымыз көркеймейді.

Қуат АДИС


20 сәуір 2021 ж. 425 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930