» » ЖАЛАҒАШТА АЛҚАПҚА ДӘН СЕБІЛДІ

ЖАЛАҒАШТА АЛҚАПҚА ДӘН СЕБІЛДІ

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың Жалағаш ауданына жұмыс сапары Аққұм ауылынан басталды. Әуелі тіректі елді мекенге аялдаған аймақ басшысы мен аудан әкімі Асылбек шаменов ауыл ақсақалдарымен жүздесіп, қариялар үніне құлақ түрді. Гүлшара Наушақызына ауызбіршіліктің һәм ымырамен іс қылудың арқасында өңірде өрісті бастамалар қолға алынып жатқанын жеткізген ардагерлер аймақ басшысын ауыл тынысынан хабардар етті.

Қариялардың сөзінше, соңғы жылдары тіректі елді мекенді түлетуде жергілікті ша­руашылықтар табанды жұмыс жасап жатқан көрінеді. Әсіресе ауылдағы “Бақдәулет – 57” шаруа қожалығының бастамасымен әлеу­меттік нысандар көптеп бой көтеріпті. Жергілікті шаруашылықтар жұмысының ши­рауына сәттілік тілеген аймақ басшысы елді ауызбіршілікке ұйыстыра білген ауыл ақ­сақалдарына алғыс білдіріп, өңірдегі өркенді жұмыстар жалғасын таба берсін деген жылы лебізін де жеткізді.
Мұнан кейін Гүлшара Наушақызына ауыл әкімі Алтынбек Асанбеков тіректі елді мекеннің тыныс-тіршілігі хақында баяндады. Оның сөзінше, Аққұмда мал және егін шаруашылығы бойынша нәтижелі жұмыстар атқарылып жатқан көрінеді. Десе де ауыл әкімі бұл өңірде жол мәселесі бірнеше жылдан бері шешімін таппай келе жатқанын жасырмады. Мәселен, Аққұмда 14 ішкі көше болса, соның 4-еуіне ғана асфальт төселген екен. Ол көшелердің де бүгінде сапасы айтарлықтай сын көтермейді. Ал асфальт көрмеген қалған 10 көшенің жағдайын айтпай-ақ біле беріңіз.
Жол құрылысының сапасына қатысты ауылдағы үлкен мәселені ақсақалдар да жоққа шығармады. Керісінше олар осы мәселенің шешімін табуына облыс әкімінің ықпал етуін өтінді. Ал Гүлшара Наушақызы аққұмдықтар көтерген мәселенің назарға алынатынын жеткізіп, оны кезең-кезеңімен шешімін табуына жұмыс жасалатынын жеткізді.
Облыс әкімі мұнан кейін ауылдық мәдениет үйінің жоғары қабатында орналасқан бірнеше үйірме жұмысымен танысып, ондағы жас өнерпаздардың өнерін тамашалды.

Айта кетейік, Аққұмдағы ауыл­дық клуб ұжымы соңғы жыл­дары нәтижелі еңбек етіп келеді. Ондағы балалардың түрлі сайыстарда жиі топ жаруы бұл сөзімізді қуаттай түсері анық. Оның үстіне өткен жылдың қорытындысымен тіректі елді мекендегі мәдениет үйі Қа­зақстан бойынша “Үздік ауылдық клуб” номинациясын жеңіп алған болатын. Мәдениет үйінің меңге­рушісіне бұл марапатты ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың өзі та­быстады. Осындай үлкен жетістігі мол ауылдық клуб ұжымына сәттілік тілеген аймақ басшысы мұнан кейін Аққұмдағы ауруханаға табан тіреді.
Типтік жобада салынған ауыл­дық аурухана 1 ауысымда 10 науқас қабылдауға арналған. Қазіргі таңда емдеу мекемесінде 4 дана концентратор, 2 дана оттегі баллоны бар. Тек ауылдың ғана емес, жалпы Жа­лағаш ау­данының коронавирус інде­тіне қарсы дайындық шара­лары жа­йында баяндаған бас дәрігердің міндетін атқарушы Аманкүл Маханбетова өңірдегі ахуалға тоқ­талды. Оның сөзінше, Жала­ғашта 60 адам коронавирус дертіне шалдыққан. Оның 28-і індет­тен айықса, 19-ы әлі ем алып жатқан көрінеді. Айта кетейік, атал­ған дертке шалдыққандардың екеуі жан сақтау бөлімінде жатыр екен. Ауданда коронавирус інде­тімен күресу, вакцинациялау бағы­тында атқарылып жатқан жұ­мыс­тардың есебін тыңдаған Гүл­шара Наушақызы сақтық ша­ра­ларын, ақпараттық жұмыс­тарды күшейтуді тапсырды.
– “Қызыл аймаққа” кіргенімізді біле­сіздер. Бұл – карантин талап­тарын күшейту қажет деген сөз. Бү­гінгі таңда індетпен күресудің жалғыз жолы – вакцина. Сол себепті тұрғындарға дұрыс ақпарат жеткізу маңызды. Коронавируспен күресу шараларын қатаң бақылауға алу қажет, – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі Аққұмдағы жұмыс сапары барысында «Бақдәулет – 57» фермерлік қожалығының жеке қаражаты есебінен салынған нысандар жұмысымен де танысты. Бұған дейін жергілікті шаруашылық есебінен мейрамхана, наубайхана, мал бордақылау алаңы, күріш ақтау зауыты, мал сою цехы са­лынған болатын. Бүгінгі таңда мей­рамхана ғимараты 100 балаға ар­налған спорт кешені болып өзгертілген. Кешенде 4 күрес алаңы бар, сондай-ақ 1 ауыр атлетика бөлмесі, 1 фитнес залы тағы бар. Наубайханада күніне 500 нан пісіріліп, сатылымға шығарылса, күріш ақтау зауытының қуат­ты­лығы тәулігіне 20 тонна күріш өң­деуге жетеді. Зауытқа Оңтүстік кореялық диірмен орнатылған. Мал бордақылау қожалығына келсек, бұл жерде 18 адам жұмыс­пен қамтылған. Бірнеше нысан жұ­мысымен танысып, жарқын жобалардың жүзеге асуына жоғары баға берген ай­мақ басшысы аудан әкімі Асыл­бек Шаменовке кәсіпкерлікті да­мы­ту бойынша қолдау көрсетуді жүк­теді.
Аққұмдықтардың тыныс-тір­шілігіне, халықтың әлеуметтік жағдайына қаныққан облыс әкімі мұнан кейін Таң ауылына табан тіреді. Гүлшара Әбдіқалықова алдымен «Таң LTD» ЖШС-ның дән себу рәсіміне қатысты. Ай­мақ басшысы шарада ауыл ша­­руашылығы экономиканың да­­­муына әсер ететін басты сала­лардың бірі екенін айтып, қам­баға мол өнім толсын теген тілегін жеткізді. Сондай-ақ аймақ басшысына мұнда облыстың биыл­ғы егін шаруа­шылығы бойын­ша атқа­рылатын жұмыстары баян­далды. Шара соңында ауыл шаруашылығы саласының ардагері Садық Әлиев елдің ризығы мол болып, егін бітік шықсын деген батасын берді.
Облыста қатарынан бірнеше жыл ауыл шаруашылығы са­ласы бойынша “Ең үздік аудан” номинациясын жеңіп ал­ған Жа­лағаш ауданы да күзгі нау­қанның қамына кірісті. Биыл аграрлық өңірде күріштің егіс алқабы қысқартылып, есесіне суды аз қажет ететін өнімдерге басымдық беріліп отыр. Соның өзінде биыл ауданда 20 400 гектар алқапқа Сырдың басты дақылы себіледі деп күтілуде. Мұнан бөлек 600 гектар жаздық бидай, 30 гектар жаздық арпа, 2 мың гектардан астам мақсары, 90 гектар күздік бидай, 70 гектардан астам дәндік жүгері мен 40 гектарға жуық жаздық жоңышқа егіледі. Сондай-ақ 7 мың гектарға жуық ескі жоңышқа күтімге алынса, 500 гектар картоп, мың гектар көкөніс пен 1 200 гектар басқа да бақша дақылдары егіледі.
Аймақтың ауыл шаруашылығы са­ласы бойынша атқарылатын жұмыстарымен танысқан облыс бас­шысына Таң ауылының әкімі Қайрат Сейдахметов ауылдың әлеу­­­меттік-экономикалық жағ­дайын баяндады.

Осыдан 55 жылдай уақыт бұрын құрылған елді мекенде қа­зіргі таңда мақтанып айтар дү­ние көп. 1300-ге жуық тұрғыны бар Таң ауылы бүгінде еңсе тік­теген. Ауылды абаттандыруға бағыт­талған жобалардың тарихына үңіл­­генде оның барлығында жер­­гілікті “Таң ЛТД” ЖШС-ның төрағасы Имамзада Шағыртаевтың қолтаңбасы барын аңғардық. Халық қалаулысының туған жерді түлетуде тындырымды істі жүзеге асырғаны ауылдың ажарынан-ақ көрініп тұр. Оның үстіне Имамзада Шағыртаев елдің екі қолына бір күрек табуы үшін мұнда өндіріс орындарын көбейтіпті. Ал ауылдағы 90 орындық балабақшаның да атпал азаматтың туған жерге тар­туы екенін жақсы білеміз. Мұны халық қалаулысы 150 млн теңгеге мемлекеттік жекешелік әріптестік негізінде салған болатын.
Ауыл жанашырының халық қажет ететін әлеуметтік нысан­дар салу жұмысы мұнымен шек­тел­­меді. Балабақшадан кейін Имам­зада Шағыртаев 50 млн тең­геге дене шынықтыру және сауық­тыру кешенін салған бола­тын. Қазіргі таңда бұл нысан ауыл жастарын спортқа баулуда халықтың қажетіне жарап тұр. Осы­ған дейін шаруашылық тө­рағасы ауылдағы имандылық үйі­нің күрделі жөндеуден өтуіне де толық қаржылай қолдау көрсеткен болатын.
Ауылды абаттандыру, көркейту-көгалдандыру мақсатында Таңда жер­гілікті шаруашылықтың бас­тамасымен қолға алынған жо­балар мұнымен шектелмеді. Ха­лық қалаулысы жалпы құны 10 млн теңгемен 3,5 гектар алқапқа алма бақ орналастырды. Сондай-ақ ауылға кіреберіс көшенің қос қапталына ағаш отырғызу жұмыс­тарына 72 млн теңге қаржы жұм­сады. 7 ауыл тұрғынына жаңа­дан бой көтерген баспананың кілтін табыстады.

Біз айтып отырған жұмыстар төрағаның туған жерге өтеген борышының бір бөлігі ғана. Бол­маса ауыл көшелерін жарық­тан­дыру, жол құрылысының са­па­сын жақсарту бағытында да атқарған жұмысы аз емес. Нәти­жесін ауылға барсаңыз білесіз. Қазір Таң ауылы Сырдарияның Нағи ауылына жетіп қалған. Кеше аудан орталығына жеткен бойда өңірде басқа да жобалардың қолға алынатынын естіп, қуанып қалдық. Ол да Имамзада Шағыртаевтың бастамасымен қолға алынатын көрінеді. “Ауылына қарап, аза­ма­тын таны” деуші еді. Біз бүгінгі сапарда бұл сөздің мағынасын терең ұғындық. Бұл жобаларды қолға алған төрағаға аймақ басшысы да ризашылығын жеткізді.
Сапар барысында облыс әкіміне Таң ауылдық округінде жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстары таныстырылды. Ауылдың ор­талық алаңына арка орнату, брусчатка төсеу, тал егу, ескерткіш орнату, жарықтандыру, балалар ойын алаңын салу, көшелерді асфальттау секілді ауқымды жұмыстар атқарылған. Мұнымен қоса, «Таң LTD» ЖШС-ның жеке қаражаты есебінен 50 млн теңгеге елді мекенге жарықтандыру жұ­мыстары жүргізілді.
Облыс әкімінің Жалағашқа жұмыс сапары түстен кейін Есет батыр ауылында жалғасты. Ал­дымен ауылдық округтегі білім ошағына табан тіреген аймақ басшысына ауыл әкімі Нұрлан Опабеков елді мекеннің әлеу­мет­­тік-экономикалық жағдайын баян­­дады. Сондай-ақ мектеп ди­ректоры Мейрамбек Жаманов білім ошағының күрделі жөндеуіне қа­тысты жасалған жоба жұмысымен таныстырды.
Бұл ауылдың тарихына келсек, елді мекеннің ауданнан да бұрын құрылғанын аңғарамыз. 1900-ге жуық халық мекен еткен батыр атындағы өңірде 350-ден астам оқушы ауыл мектебінде білім алуда. 1984 жылы пайдалануға берілген білім ошағының бүгінде сапасы сын көтермейді. Ғимараттың күрделі жөндеуіне жобалық-сметалық құ­жаты әзірленген болатын. Жалпы құны 367 млн 925 мың теңгені құрайды. Қазіргі таңда оның 155 млн 175 мың теңгесі бөлінген. Білім ошағында бірқатар жұмыстармен танысқан аймақ басшысы мұндағы бүлдіршіндердің де өнерін та­ма­шалады. Талабы таудай кішкен­тай­­ладың қадамына сәттілік ті­леген Гүлшара Наушақызы мұ­нан кейін ауыл ақсақалдарымен, шаруашылық төрағаларымен кез­десті.
Кездесуде ардагерлер облыс басшысына аймақта атқары­лып жатқан жұмыстарды жаңа­лық­тар­дан естіп, қуана­тынын жеткізіп, Гүлшара Әбдіқалықо­ва­ның ал­да­ғы жұмысына сәт­тілік тіледі. Ал шаруашылық төрағалары көктемгі науқанға сақадай сай отырғанын жеткізіп, ол жағынан ешқандай мәселе жоқ екенін атап өтті.
Ауыл ақсақалдарының сөзіне зер салсақ, Аққұмдағы жағдай еріксіз еске оралады. Яғни ауыл тұр­ғындарын мазалап жүрген мұнда да сол жол мәселесі екен. Яғни ішкі көшелердің бірқа­тары тіпті тәуелсіздік алғалы ас­фальт көрмепті. Осы тұста ай­мақ басшысынан ауылдағы жол мәселесін назарға алуын өтін­ген ардагерлер ішкі көше­лердің сапасына қатысты бір­қа­тар ұсынысын жеткізді. Ал облыс басшысы бұл мәселеге бай­ла­нысты тиісті жұмыстар ке­зең-кезеңімен атқарылатынын жет­­­­­­кізіп, ауыл ақсақалдарына ал­ғы­сын білдірді.
Облыс әкімінің Жалағашқа жұмыс сапары аудан орталығынан шалғай жатқан Жаңадария ауы­лында қорытындыланды. Елді мекендегі №203 орта мек­теп­тің жұ­мысымен танысқан аймақ бас­шысы тұрғындармен тілдесіп, коронавирус індетіне қарсы ша­раларды күшейтудің маңыз­ды­лығын айтты.
Кенттен шалғай жатқан бұл өңір­де егін шаруашылығына ар­налған күріш алқаптары жоқ. Десе де мал шаруашылығын қолға алған жергілікті тұрғындар бүгінде бас­таған кәсіптерінің жемісін көріп отыр. Әсіресе шағын ауылда іс бастаймын деген жандар өңірде кә­сіпкерлік саласының серпін алуына белсене атсалысып келеді.
23 сәуір 2021 ж. 881 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930