БАЙЫБЫНА БАРМАЙ БАБАНЫ ТІЛДЕМЕЙІК
Өзім оқушы кезімнен әр санын жібермей оқып жүрген аудан айнасы «Жалағаш жаршысы» газеті – бүгінде жарияланған материалдардың мазмұны мен тақырыптарға байланысты, безендірілуі жағынан заман талабына сай шығарылып жүрген өңіріміздегі айтулы басылымдардың бірі. Соңғы кездері газет журналистері әр шығарылым сайын ұмытылып бара жатқан ұлттық құндылықтарымыз жайлы және қоғамдағы келеңсіз көріністер төңірегінде толғамды ойлар көтерген мақалалар топтамасын өз оқырмандарына үздіксіз ұсынып келеді.
Бүгінгі қоғамдағы күрделі мәселелер төңірегінде ұтымды ұсыныстар мен келелі ойлар төңірегінде қалам тербеп жүрген Қуат Адис газет бетінде қаңтар айының 26 күнгі №7(9687) санындағы «Көріктің киесі» және «Адамның дұшпаны – ысырап пен ынсап» деген тақырыптармен жарияланған мақалаларында бүгінгідей құндылықтарымыздың құлдырай бастаған уақытында көпшілікке ой салар мәселе көтерген. Сөз жоқ, осы екі мақалада бүгінде ұлттық болмысымызға жат көріністердің белең алуы жайлы өткір ойлар айтылған. Енді «Көріктің киесі» деген атаумен газетте жарияланған мақалаға байланысты өз ойыммен бөліссем деймін.
Бүгінгі қоғамдағы күрделі мәселелер төңірегінде ұтымды ұсыныстар мен келелі ойлар төңірегінде қалам тербеп жүрген Қуат Адис газет бетінде қаңтар айының 26 күнгі №7(9687) санындағы «Көріктің киесі» және «Адамның дұшпаны – ысырап пен ынсап» деген тақырыптармен жарияланған мақалаларында бүгінгідей құндылықтарымыздың құлдырай бастаған уақытында көпшілікке ой салар мәселе көтерген. Сөз жоқ, осы екі мақалада бүгінде ұлттық болмысымызға жат көріністердің белең алуы жайлы өткір ойлар айтылған. Енді «Көріктің киесі» деген атаумен газетте жарияланған мақалаға байланысты өз ойыммен бөліссем деймін.
Автор «Көріктің киесі» деген мақаласын «Қазақта ұстаның көрік басқан дүкенін қасиетті орын санайды. Дүкен ішінде ішімдік ішпек түгілі, артық сөз айтылмаған» деп бастайды. Қазақ қоғамында дүкен ұстаған ұстаның пайдаланған көрігінің киелі мүлік екені өз алдына, сол көрікпен аумалы-төкпелі жоқшылық уақыттарда ең қасиетті деген қара қазанды да қолдап көрік басып соққан Дүйсен ұста сияқты жандардың өздері де киелі, қасиетті жандар болғаны нақты дәлелдермен айтылған.
Біздің ауылда да Көшербай, Даңбай, Қосберген сынды киелі ұсталар өмір сүрген. Ел ішінде осы кісілердің қасиеттері жайлы әлі де айтылып жүр. Мен өзім жақсы білетін дүкен ұстаған атақты ұста, зергер, өзі жасаған домбырада шебер ойнайтын күйші Даңбай Тобаев деген кісі 1984 жылға дейін өмір сүрді. Ол атақты ұста Әбділданың шәкірті екен.
Даңбай ұстаның бүгінде көзі тірі немере інісі, өзі де дүкен ұстаған ұста, өнерпаз, сөз ұстаған ақындығы да бар Ислам Ағырашовтың айтуынша, Әбділда ұста кезінде Орынбор-Ташкент теміржолының құрылысындағы инженердің өнерпаз қызына скрипка да жасап берген екен.
Менің негізгі айтайын дегенім, бүгінде ұстаның пайдаланған көрігін қастерлемек түгілі бір кездері көпшілік алдынан кесіп өтпеген киелі өнер иесінің әруағын сыйламайтын жандардың арамызда бар екендігі еді. Біз әңгімелеп отырған Даңбай ұстаның көне жұртындағы дүкенінің орнын қоршап, қоршау ішіне қасиетті көрікті қойып, мұнан кейін ескерткіш белгі тақтаны ұстаның інісі әрі шәкірті Ислам Ағырашов ағамыз орнатқан еді. Ал 2011 жылы 2 маусымдағы облыстық ономастикалық комиссияның №1 ұйғарымымен Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, өмірінің ақырына дейін шаруашылықтың және өзінің ұстахана дүкенінде еңбек еткен киелі өнердің иесі, ауылдастарымыздың құрметіне бөленген атақты ұста Даңбай Тобаевтың есімі Мәдениет ауылындағы бір көшеге берілген еді. Осы көшенің бойына ауылдағы ардагерлердің қатысуымен ескерткіш тақта белгі де қойылған болатын.
Киелі өнерді меңгерген қарапайым еңбек ардагеріне көрсетілген осындай құрметті көпсінген әлдебіреулер «Көше атын иеленетін ол кім еді, әшейін слесарь-токар ғой, неге бұл көше ана әкемізге, мына ағамызға бұйырмайды?» дейтін көрінеді. Ана әкеміз де, мына ағамыз да көше атын иеленуге лайықты екеніне дауымыз жоқ. Десе де соңғы кезде етек алып кеткені болмаса, “Көшелер кілең атқамінерлер мен басшылық қызметтер атқарғандардың есімімен аталсын” деген заң жоқ қой.
Ұлттық құндылықтарын өркениеттік үрдістермен байланыстыратын жапон халқында көшелеріне көше сыпырушылар мен жүкшілердің есімін беретін дәстүр бар екен. Бай десең, бай ел, сәйкесінше бай адамдары да көп, сауда-саттық пен нарықтың нағыз күйіп тұрған ортасы. Өркениет көшінің басында тұрған ол халықтың жаңа технологияны меңгеруі де керемет. Ал сонысына қарамай қатардағы еңбек адамдарына деген құрмет қандай десеңізші?!
Несіне жасырып, жұмсарта сөйлеп, өзімізді өзіміз алдаймыз. Бізде осы нарық өмірімізге енгелі көше атауларын көбіне бай-бағландардың немесе олардың әкелерінің есімімен атау және көшеге атау беруде рулық көзқарастың белең алуы байқалады. Сондай-ақ құрметті атақтар, жоғары марапаттар кілең ығай мен сығайларға бұйырып жүргені және бұл жерде де рулық көзқарастың қылаң беріп қалатыны да жасырын емес. Көше атауы жаңағыдай екенін білеміз, жоғары марапатты иеленіп жүрген қатардағы егінші, малшы механизаторлар да жоқ есебі, бар болса, бірең-сараң ғана. Тіпті бұл екі жағдайда да трайбализм көріністері байқалады десек те артық болмайды. Енді әңгімеміздің басындағы киеге байланысты сөзімізге қайта оралсақ.
Ғылымда киені қандай бір заттың немесе адам және басқа да тіршілік иесінің қасиеттілігін, жоғары тылсым күшін білдіретін ұғым ретінде түсіндіреді. Сырдың абыз ақыны Әбділда Тәжібаев та бір естелік жазбасында: «Өлі әруақтар тірілермен екі аяғы мен екі қолын қатар сермеп айтыса алмайды. Бірақ олардың мықты рухы күресе алады» – деген екен. Ендеше байыбына бармай кезінде елге қадірлі болған рухты жандардың әруағын қорлайтын сөзден аулақ болайық ағайын! Олардың рухының мықты, қасиетті, киелі жандар болғанын ұмытпайық. Біз әңгіме еткен киелі өнерді меңгерген атақты Даңбай ұстаның өзі де елге өлшеусіз еңбегі сіңген, қасиет қонған киелі жан болатын.
Болатбек НҰРЖАНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі