» » ҚАЛАМГЕРЛЕР ҚҰРМЕТ ТӨРІНДЕ

ҚАЛАМГЕРЛЕР ҚҰРМЕТ ТӨРІНДЕ

28 маусым – байланыс және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің төл мерекесі. Қашанда билік пен халық арасында алтын көпір бола білген, жаңалық жаршыларының қаламдарынан туған тың дүниелер, өңірдегі жарқын жобалардан жұртшылықты хабардар етудегі елеулі еңбектері ескерусіз қалмақ емес. Мереке аясында төртінші билік өкілдеріне лайықты құрмет көрсетіліп, тілшілер қауымы аудан әкімі Асылбек Шаменовтың құттықтауына ие болды.

Айтулы күні аудан әкімдігінде бас қосқан аудан басшылығы, ардагер қаламгерлер мен газет журналистері тарих беттерінен сыр шертіп, ғасырға жуық тарихы бар басылымның әр кезеңдегі ерекшеліктеріне, бүгінгі күнге дейінгі жүріп өткен жолын сөз етті. Аудан әкімі жиында төрағалық етіп, басылым қызметкерлерін мерекемен құттықтады.

– Халықтың қоғамдық-саяси дүние­танымын кеңейтуде, аймақтың тыныс-тіршілігін, халықтың әлеуметтік жағдайын, жеткен жетістігі мен еңбек адамын насихаттауда мерзімдік басылымдар мен ондағы қаламгерлердің еңбегін ерекше атап өту керек. Әсіресе журналистер атқарған толассыз істердің қатарында аудан тарихынан сыр шертетін шежірелі дүниелердің ел жадында екені даусыз.

Ақпарат айдынында өзіндік орны бар «Жалағаш жаршысы» газетінің қашаннан ешкімге ұқсамайтын өз жолы бар. Ауданның жасампаз істерге толы шежіресін жазуға «Жалағаш жаршысы» газетінің қаламгерлері де зор үлес қосты деп айтуға болады. Газеттің 87 жылдық тарихында өңір жылнамасы, тарихи сәттердің шежіресі жатыр. Осы уақыт аралығында бұл газет елдің көкейіндегі айтатын, еңбеккерлердің ерен еңбегін жариялаған басылым бола білді. Аудандық газетте әр жылдары қызмет атқарған Т.Сарыбаев, А.Сәдібеков, Т.Дайрабаев, И.Ша­­­харов, С.Баймаханов, Т.Тәшенов, М.Ілия­­сов, М.Аяпов, Ж.Сарбалаев, Қ.Нұр­ға­лиев, А.Бекарыстанов, Б.Уызбаев, І.Мұс­та­фа­ев, Б.Шайланов, Ж.Әбжәмилов, А.Тілеу­лиев, Қ.Нұрханов, Т.Ахметов сынды қа­рым­ды қа­ламгерлер өзіндік қолтаңбасын қал­дырды.

Осындай шежіреге толы ауданның төл басылымында әр жылдары еңбек еткен ардагер журналистерді, газет ұжымы мен қаламгерлерін мерейлі мерекемен құттықтай отырып, шығармашылық табыс, еңбектеріне абырой тілеймін, – деді аудан әкімі Асылбек Өмірбекұлы.
Бұдан бөлек мерекелік жиында сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев, кезінде «Жалағаш жаршысы» газетіне басшылық еткен аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Кенжеғара Сүлейменов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Рысбай Кәрімов, ардагер журналист Серік Бертаев «Жалағаш жаршысы» газеті аймақта өзіндік өрелі тарихы бар, бағыт-бағдары айқын, аудан жұртшылығы сүйсіне оқитын, тамыры тереңнен бастау алатын беделді басылымдардың бірі екенін атап өтіп, өткеннің қиын әрі қызықты кезеңдерін еске алды.

Расында ақпарат айдынында ғасырға жуық уақыт бойы абырой биігінен түспей, кеңінен қанат жайып келе жатқан аудандық газеттің өресі биік. Бүгінгі таңда алдыңғы буынның салып кеткен сара жолын жалғайтын, оқырманның сұраныс-талабына сай жағымды әрі шынайы ақпараттардың, тың туындылардың жариялануына күш салып жүрген ұжымдағы әрбір қызметкердің еңбегі елеулі деуге болады. Қаламгерлер қауымы да аудандағы жылт еткен жаңалықты, жарқын жобаларды мақаласына арқау етіп, жалағаштық жұртшылықтың құнды дүниелерге қанық болуы үшін қызмет етуде.

Мерекелік шара барысында ел тәуелсіздігінің жемісті қадамдарын, саяси оқиғаларды, қоғамдағы өзгерістерді ақпараттандыруда, елді бірлікке шақырып, еңбек қаһармандарын халық арасында насихаттауға зор үлес қосып жүрген ардагер журналистер мен газет қаламгерлеріне аудан әкімінің құттықтауы мен бағалы сыйлықтары табысталды.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ


29 маусым 2021 ж. 480 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930