» » Ерен еңбек насихатталды

Ерен еңбек насихатталды

Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тойлап жатқан Қазақстанның бүгінге дейін жеткен жетістігін тізе берсек, жетіп артылады. Бастысы егемен елдің ертеңі үшін жасалған әрбір қадам, нақты жоспарлардың отандастарымыз жемісін көріп отыр. Иә, бұл теңдесі жоқ бақ бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабамыздың талай нәубеттерге төтеп берген ерік-жігерінің, табандылық пен жауапкершіліктің жемісі бұл. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында да небір тоқырауға төтеп берген еліміз ол қиын күндерді де еңсерді. Ал осы бір тығырқтан шығуда Елбасының, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі ерен. Ері еңбек етті, елі бағасын берді. Тіпті арнайы бір күннің “Тұңғыш Президент күні” деп жариялануы да Елбасына берілген лайықта баға.

Соңғы бірнеше жылдан бері аталып өтілетін бұл мерекеде тәуелсіз елдің тарихы, мемлекеттің бүгінге дейінгі жеткен жетістігі, дамыған елдер қатарынан бой көрсету мақсатында атқарылған жұмыстар насихатталады. Арнайы шаралар ұйымдастырылып, онда Елбасының еңбегі кейінгі буынға үлгі етіледі. Олай болуы да заңдылық, әрине. Себебі қазіргі мемлекеттің жарқын болашағы жастарға тікелей байланысты. Ал тұтас бір елдің сенімін арқалаған қайраткердің өмір жолын өзіне өнеге деп білетін жастардың оң бағыттан таймасы анық.

Жылдағы дәстүр бойынша “1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні” аудан орталығындағы Қонысбек Қазантаев атындағы мәдениет үйінде аталып өтті. Салтанатты шарада аудан әкімі Асылбек Шаменов бұл мерекенің маңыздылығына тоқталып, батыр аналарды, бірқатар сала қызметкерлерін марапаттады.

– Баршаңызды 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен шын жүректен құттықтаймын. Тәуелсіз мемлекетіміздің тарихында бұл мерекенің айрықша орны бар. 2012 жылдың 1 желтоқсанында елімізде алғаш рет Қазақстан Республикасы тұңғыш Президентінің күні мемлекеттік мерекесі атап өтілді. Мұндай елеулі күн Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына және мемлекетке сіңірген орасан зор еңбегіне деген құрмет болып табылады. Ұлт көшбасшысының тұрақты және жүйелі негізде атқарып келе жатқан өлшеусіз еңбегінің нәтижесінде Қазақстан серпінді даму жолына түсті. Мемлекеттік биліктің бірыңғай жүйесінде Қазақстан Республикасы Президентінің орны айырықша. Мемлекет басшысы ретінде Президент билік тармақтарының әрқайсының қызметіне белсене араласады. Қазақстан Республикасының Президенті – мемлекет басшысы, мемлекеттің ішкі, сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін ең жоғары лауазымды тұлға. Президент – халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі. Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті тәуелсіздік алған 30 жылға жуық уақытта Қазақстан Республикасының Конституциясы өзіне берген өкілеттігіне сай салиқалы да, сарабдал саясат жүргізіп, елімізді басқарды. Осы уақыттарда әлемдік қауымдастықтағы халықаралық қатынастарда, экономикада, әлеуметтік салада, сыртқы және ішкі саясатта, тағы басқа салаларда қол жеткен жетістіктеріміздің барлығы Нұрсұлтан Әбішұлының ерен еңбегімен тығыз байланысты, – деді өңір басшысы Асылбек Өмірбекұлы. 

Аудан әкімінің бұл пайымды ойына алып-қосарымыз жоқ. Расында мемлекетіміз қандай жетістікке жетсе де оның барлығында Елбасының қолтаңбасы бары ақиқат. Ел ішінде бірлік пен ынтымақтың сақталуына, халықаралық аренада Қазақстанның беделінің өсуіне, демократиялық үрдістердің қалыптасуына бар күшін сарп еткен Тұңғыш Президент елімізді әлемдік қауымдастыққа таныта білді.

Егемен елдің ертеңі үшін мұнан кейін де нақты жоспарлар қолға алынды, әлі де жасала бермек. Ал оның тұтас ел жемісін көруі де тағы да өзімізге байланысты. Ол үшін ымырамен іс қылып, ауызбіршілікті һәм татулықты ту еткен Қазақстан дәл осы бағытынан айнымай, бірлік бар жерде береке боларын жете түсінуі қажет. Мәңгілік Ел болуды мақсат еткен халықтың да басты мұраты осы болуы тиіс. 

Ерлан СОЗАҚБАЕВ
30 қараша 2021 ж. 300 0