» » Ел бақытын тербеткен тәуелсіздік

Ел бақытын тербеткен тәуелсіздік


Бүгін Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күніне арналған «Ел бақытын тербеткен тәуелсіздік» атты салтанатты жиын аудандық Қ.Қазантаев атындағы Мәдениет үйінде өтті.

Салтанатты жиында қазақ халқының басынан өткен небір қиын-қыстау замандарынан бейнеролик көрсетілді.

Жиынды аудан әкімі Асылбек Өмірбекұлы ашып, аудан халқын еліміздің ұлық мерекесі Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтады.

- Тәуелсіздік - қазақ халқы үшін аса қасиетті ұғым. Әлемде 2500-ден астам ұлт болса, соның 200-ге жуығының ғана өз мемлекеті бар, бұл дегеніміз Тәуелсіз мемлекет болу арманына әлі де жете алмай жүрген елдер жетерлік екенін көрсетеді.

Ата-бабаларымыздың жүріп өткен жолын, Қазақ халқының талайлы тағдырын зерделеген адам азаттық, теңдік, бостандық ұғымдарының қаншалықты қымбат екенін түсінеді. Тәуелсіздік – кез-келген азамат үшін ең қастерлі құндылық. Бүгінгі таңда тамыры терең тарихымызға құрметпен қарап, мемлекеттілігімізді қадірлеу, оны көздің қарашығындай қорғау – әрбір қазақстандықтың міндеті, - деді аудан басшысы өз сөзінде.

Салтанатты жиында аудан басшысы өңірдің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлес қосқан түрлі сала өкілдерінің қызметкерлеріне “Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл” мерекелік медалімен, облыс әкімінің “Алғыс хатын” табыстады.

Жиын соңы аудандық Қ.Қазантаев атындағы Мәдениет үйі көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.



10 желтоқсан 2021 ж. 373 0