» » Адал еңбекке лайықты баға

Адал еңбекке лайықты баға

Әріптес ағамыз Қуат Ахетовты жолай Мәдениеттегі білім ошағынан қалдырдық. Бағытымыз – Мырзабай ахун ауылы. Иә, Мұнда “Егінші” деген үлкен шаруашылық бар. Аты айтып тұр ғой, сондықтан мұндағы еңбек ұжымының күнделікті кәсібін сөз етудің өзі артық. Қысқасы ауыл әкімі Әліби Байнахатовтан бейсенбі күні дәл осы шаруашылық егін науқанының қорытынды шарасын өткізгелі жатқанын естіп, дала дарабоздарының сабантойына басылым бетінен орын беруді жөн санадық.

Мәдениеттен асқанымыз сол еді, ауылдың арка­сына дейін қос беті қоршалған үлкен жол қарсы алды алдымыздан. Иә, Мырзабай ахунға бұрын да жолымыз түскен. Ол тұста кіреберіс жолдың жие­гі сор басқан иесіз дала секілді еді. Бақсақ, халық қа­лаулысы Имамзада Шағыртаев ауылды абат­тандыру жұмыстарын кіреберіс көшеден бастаған екен.

Жол жиегіндегі арықтың бойына қатар тал-те­ректер отырғызылған, бойы да әжептәуір өсіп қа­лып­ты. Енді бір 2-3 жылды артқа тастаса, жасыл желек ауылға алып барар көшенің көркі болғалы тұр. Әлгі жол жиегіндегі арықтан әрі барсаңыз, болашақ үлкен баққа тап боласыз. Бұлай деуіміз де тегін емес, отырғызылған жеміс ағашының көшеттері де әжеп­тәуір көтеріліп келеді. Ал оның ертең үлкен бақ­қа айналмасына кім кепіл?! Міне, бұл – болашаққа, жал­пы ауылдың ертеңі үшін атқарылып жатқан шаруа.

Айтпақшы биыл Мырзабай ахундықтар пилоттық режимде қызылша, асқабақ пен картоп секілді бақша дақылдарын егуге де арнайы жер дайындаған. Оның да өнімі жаман болмапты. Бұйыртса, келер жылы шаруашылық ұжымы асқабақ егуді жалғастырады.
Не керек, кіреберіс көшеде кездескенді көзбен сүзіп, оны қойын дәптерге түртіп келеміз. Ауылдың ажарын айшықтайтын әрбір жобада облыстық мәслихат депутаты Имамзада Шағыртаевтың қолтаңбасы бар екен. Ағамыздың бұрын да туған жері Таңды түлету жолында бірнеше жобаны іске қосқанын жақсы білеміз. Ендігі кезекті басқа да ауылдарға бұрғаны халық қалаулысының “кең болсаң, кем болмайсың” деген қанатты сөзді қаперден шығармайтынын аңғартып тұрғандай.
“Болашақта Мырзабай ахун ауылы да Таң се­кілді көркейеді” деймін мен қасымдағы әріптесім Нұржа­мила Алмасқызына. Ол да диалогты көп күт­тірмей жалғап әкетті. “Бұл жақта да шаруашылық инвесторы Имамзада Шағыртаев па?” дейді ол. Қысқасы әріптесіміз екеуміздің ойымыз бір жерден шықты. Себебі атпал азаматтың бұған дейін өз қара­жаты есебінен ауылды абаттандыруға қыруар қаржы салғанынан оның да хабары бар еді.

Не керек, сөзді сілтей-сілтей ауылға да жетіппіз, әкімдік ғимаратының арғы басында жиылған ха­лық­тың қарасы қалың. Ортада үлкен шырша тігулі тұр, сах­на да безендіріліп қойған. Жаз айларының соңына та­ман келгенімізде бұл жерде уақ мал жайылып жүр­ген. Қазір бұл аумақ балаларға арналған үлкен ойын алаңына айналған. Шаруашылық келер жылы бұл жерге жасанды төсеніш төсеп беруге бел буып отыр.

Ақсақалдар батасын алып, жүздеріне күлкі үйірілген жергілікті халыққа құтты болсын айтып жатырмыз. “Бүгінгі тізімде сен де барсың ба?” дейді орта жастағы апамыз жігіт ағасына. Анадай жерде “Миллионер болып, жан-жағыңа қараудан қалыпсың ғой” дейді тағы бір апамыз қағытпа қалжыңмен қайнысына. Қайнысы да мәз болған күйі сәлемін беріп, жүріп кетті. “Ол не тізім тағы, миллионері несі?” деп біз жүрміз іштей күбірлеп. Сол уақытта “Егінші” шаруа қожалығының төрағасы Ерұлан Өмірсеріков ағамыздың көпшіліктің сәлемін алып жатқанын көзіміз шалды. Бақсақ, шаруашылық бүгін дала дарабоздарына 50 млн теңгеге жуық қаражатты сыйақы ретінде үлестіргелі жатыр екен.

Ауыл әкімі сахнаға көтеріліп, жерлестерін айтулы мерекемен, бүгінгі сабантоймен құттықтады. Ауылды абаттандыру жолындағы жоспарымен бөлісті. Мұнан кейін сахна төріне төраға да көтерілді. Кәсіпкерлікке қатысты әрбір жобаның маңызын терең білетін ағамыз бұл жолы сөзді қысқа қайырды. Елге құтты болсын айтып, кезекті марапаттау рәсіміне бұрды.

Сыйақы көлемі 300 мың теңгеден басталды, арада 15-20 минут уақыт өтті, бұл қаражатқа қол жеткізгендердің шегіне де келіп жеттік. Кезек 400 мың теңге иелеріне келді, әлгіндей бұл қаражатқа да қол жеткізгендердің қатары қалың болып шықты. 500 мың теңгеге ие болғандар да дәл осылай. Не керек, кезек миллион теңгенің иелеріне де келді. Мұнан да мол қаражаттар табысталды. Мұнан кейін сахна төріне көтерілген Имамзада Шағыртаев елді мекен халқын алдымен Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесімен құтықтап, оның маңыздылығына тоқталып, жалпы жеткен жетістіктің барлығын сол тәуелсіздікпен байланыстырды.

Халық қалаулысы да құр келмепті. Білім ошағында, ауыл әкімдігінде, денсаулық сақтау, спорт секілді басқа да салада қажырлы еңбек етіп жатқан ауыл халқына бағалы сыйлықтар табыс етті. Сондай-ақ шаруашылықта қажырлы еңбек еткен қос азаматқа су жаңа темір тұлпардың кілтін табыстады.

“Егінші” шаруа қожалығы биыл 800 гектар алқапқа Сыр салысының “Янтарь” мен “Лидер” сұрпын сепкен. Әр гектардан 70 центнерден өнім жиды. Алды әр гектардан 90 центнерге жуық астықты қамбаға құйыпты. Міне, ала жаздай еткен еңбек, төккен тердің жемісі бұл. Бізді инвестордың адал еңбекті лайықты бағалағаны қуантты. Рас, салада табысқа қол жеткізу – басты мақсат, ал сол тапқан табысыңды елмен бөлісу өз алдына бөлек әңгіме. Қос қасиеттің бір адамның болмысында тоғысқаны ерді де, елді де толайым табысқа кенелдіріп отыр. Бүгінгі сабантойда ауыл еңбеккерлеріне көрсетілген қолдау келер жылы оларға үлкен шабыт болары сөзсіз.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ


25 желтоқсан 2021 ж. 245 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930